Мәдениет

Әуезов мектебіндегі әсерлі демалыс

Астанадағы М.Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназия жанында балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында жазғы «Сарыжайлау» этнолагері жұмыс істеп жатыр. Лагерь жұмысы 1 маусымда басталды.

Этнолагерді ұйымдастырудағы мақсат – ұлттық сана-­сезімі қалыптасқан, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлға тәрбиелеу. Қазіргі екінші кезеңде оқушылар демалумен қатар ұлттық дәстүрлерімізді танып, біліп, меңгеруде.

– Тілімізді, дінімізді, өнері­мізді оқушылар бала күнінен бастап бойына сіңіру керек. Сонда біз нағыз қазақты, ұлтжанды азаматты, ұлтты көркейтетін қыз бен ұлды тәрбие­лейміз деп ойлаймын. Шебер мұғалімдеріміз, әжелер қауымы өскелең ұрпаққа киіз басуды, жүн түтуді, қамшы өруді, басқа да қолөнерді, терімен жұмыс істеуді, ұлттық тағамдарды дайындауды үйретеді, – деді М.Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназия директоры Гүлмира Оралқызы.

«Сарыжайлау» этнолаге­рінде бірінші маусымда 300-ге жуық оқушы демалды. Ал қазір жүріп жатқан екінші маусымда 200-ге тарта оқушы қамтылды. Этнолагерге 1-8-сыныптың оқушылары барып жүр. Мектеп ауласына 2 киіз үй тігілген.

Күн тәртібі таңғы бимен басталып, лагерде демалушылар «Қара жорға» биін билейді. Одан кейін «Салт-дәстүрлерді үйрену», «Қолөнер», «Ұлттық тағамдар», «Қыш өнері» сияқты шеберлік сабақтары өтеді. Бұған қоса, «Ұлттық дәстүрін ұлықтаған ұрпақ» тақырыбында «Әжелер мектебінің» сабақтары, тоғыз­құмалақ, бес асық секілді ұлттық ойындар, робототехника және STEM сабақтары, домбыра мен ән сабақтары ұйым­дастырылады.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button