Мәдениет

Актриса бенефисіне шақырады

14 маусым күні Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жанат Чайкинаның 70 жас мерей­тойы мен шығармашылығына 50 жыл толуына орай «Әйел құпиясы» спектаклінің премьерасы өтеді. Театр мұражайында актрисаның шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылады.  

Жанат Аңсабайқызы КСРО және Қаз КСР Халық әртісі Шолпан Жандарбекованың шеберханасын бітірді. Дипломдық жұмысы В.Ежовтың «Бұлбұлдар түні» шығармасындағы Инга бейнесі болды. 1975 жылы Талдықорған драма театры (қазіргі Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры) ашылғанда өзінің курсымен осы өнер ошағының шаңырағын көтеріп, уығын қадады. Актриса одан кейін Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрына шақырылды. 2008 жылдан бері Қаллеки театрының актрисасы.

М.Әуезовтің «Қарагөзінде» – Қарагөз, «Абайында» – Мағыш, «Хан Кенесінде» – Қарашаш, «Түнгі сарынында» – Жүзтайлақ, «Айман-Шолпанында» – Шолпан, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуында» – Баян, «Ақан сері – Ақтоқтысында» – Ақтоқты, Б.Майлиннің «Шұғаның белгісінде» – Шұға, А.Чехов «Ваня ағайында» – Соня, «Шағаласында» – Заречная, У.Шекспирдің «Асауға тұсауында» – Катарина, «Лир Патшасында» – Корделия мен Шут,  Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-Анасында» – Жер Ана сынды, т.б. спектакльдерде сан алуан бейнелерді сомдады. Кино өнерінен де көрініп, кинорежиссер Серік Жармұхамедовтің «Өтелмеген парыз» (Әлимаш) және Талғат Теменовтің «Қызғыш құс» (Роза) көркем фильмдеріне түсті.

Жанат Чайкина – республикалық «Жігер» жастар фестивалінің дипломанты. «Жыр Құлагері» Ілияс Жансүгіровтың 100 жылдығына арналған республикалық фестивальде «Күйші» спектакліндегі Қарашаш рөлі үшін арнайы дипломмен марапатталды. VI және VII республикалық театрлар фестивалінде «Ең үздік әйел рөлі» және VIII республикалық театрлар фестивалінде «Шығармашылық ізденіс үшін» аталымдарында топ жарды. «АИ» театрында А.Чеховтың «Шие бағы» пьесасы бойынша сахналанған «Бақ» спектакліндегі Раневская (Сезім) рөлі үшін «Theatre criticism» сыншылары іріктеген «Жылдың ең үздік 10 актрисасы» тізіміне енгізілді.

Ал бенефисіне айналатын «Әйел құпия­сы» спектаклінің авторы – ­Э.Филиппо. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button