Басты ақпаратЕл тынысы

Алаш. Желтоқсан. Тәуелсіздік



Биыл Алашқа – 106 жыл, Желтоқсанға – 37 жыл, Тәуелсіздікке 32 жыл толып отыр. Бұл үштаған тұғырдағы үш ұлы ұғымды бір-бірінен бөлек алып қарастыра алмаймыз. Өйткені азаттықтың арайлап атқан әр ақ таңы үшін, бостандықтың баянды болған әр күні үшін Алаш арыстары мен Желтоқсан қаһармандары асқақ рухының алдында мәңгілікке қарыздармыз!

  1. Алаш мұраты

«Біз тәуелсіз Қазақстанның тарихын Алаш Республикасының тарихынан бастауымыз керек» деген пікірді саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы айтқан. Мен де осыны құптаймын. Алаш арыстары тәуелсіздікті аңсап қана қойған жоқ, соның жолында күресіп, құрбан болды. «Не көрсем де Алаш үшін көргенім!» деп жанын шүберекке түйген Алаш қайраткерлерінің арман-­мұраты десе елеңдемейтін қазақ жоқ. Себебі азаттықтың бастауында Алаш тұр. Ұлтына қызмет етемін деген әр қазақ баласы Алаш мұратын жан жүрегімен түсініп, санасына сіңіріп өсуі тиіс. Ол үшін ­әуелі Алаштың тарихына терең бойлауы қажет. Мысалы, 12 желтоқсанға біз әлі күнге дейін жай күн деп қараймыз. 12 желтоқсан – Алашорда үкіметінің құрылған күні. Бұл – біздің ұлттық жадымыздан ешқашан өшпейтін күн. Себебі бір ғана 12 желтоқсанда азаттықты аңсаған Алаш арыстарының, тәуелсіздікке қолы жеткен Қазақ елінің тұтас бір тарихы жатыр. Ендеше бұл күн тәуелсіз еліміздің тарихына алтын әріптермен жазылуы тиіс. Осыдан тура 106 жыл бұрын, 1917 жылы 12 желтоқсанда Орынборда өткен бүкіл қазақ-қырғыз құрылтайында уақытша Ұлттық кеңес түріндегі билік органы құрылып, оны «Алашорда» деп атау туралы қаулы қабылданды. Үкімет төрағалығына көпшілік дауыспен Әлихан Бөкейхан сайланды. Сол себептен осы күнді «Алаш күні» деп атауымыз керек.

Алаш дегенде Алаш рес­публикасы, «Алаш» партиясы, Алаш автономиясы, Алаш қозғалысы, Алашорда үкіметі деген ұғымдар алдымыздан шығады. Бұл туралы алаштанушы-ғалым Болат Мүрсәлім «Алашорда» Telegram-арнасында былай деп жазады: «Алаш туралы сөз қозғалғанда, Алаш қозғалысы, «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметі және Алаш автономия­сы сияқты ұғымдар кездеседі. Осы ұғымдар кейде орынсыз қолданылып жатады. Алаш қозғалысының тарихы 1905 жылғы Қарқаралы петициясынан басталды деп есептеледі. Себебі қазақ оқығандарының бір мүддеге ұйысып, ресми түрде Ресей патшасына ұлттық талап-тілекті жазғаны – осы кез. Әрине, ол кезде Әлихан, Ахмет өздерін «Алаш қозғалысы» деп атамаған. Бұл – кейінгі қоғамдық, ғылыми орта берген ат. Қазақ зиялыларының газет шығаруы, әртүрлі оқиғаға қатысты бірлесе қызмет атқаруының бәрі Алаш қозғалысының ісіне жатады».

Ол сондай-ақ «Алаш» партия­сы мен Алашорда үкіметіне қатысты да нақты, тарихи деректер береді. «Алаш» партиясы 1917 жылдың жазында, І жалпықазақ съезінен бері құрыла бастады. Өйткені Бүкілресейлік құрылтай жиналысына қазақ мүддесін қорғауға жеке партия қажет еді. Бірақ Уақытша үкімет құрылтайды бірнеше рет сырғытып, ақырында Ленин оны таратып жіберуге нұсқау берген соң, «Алаш» партиясының жұмысын жалғастыруға дәл сол мезеттерде аса қажеттілік болмай қалды. Бағдарламасының жобасы ғана жасалды, бірнеше облыста бөлімшесі ғана құрылды» дейді және Алашорда үкіметі туралы: «Алашорда үкіметі Алаш автономиясының ісін жүргізетін бірден-бір саяси құрылым болды. Алашорда 1917 жылдың 12 (25) желтоқсанынан қызметін бастап, 1920 жылдың наурыз айында ресми таратылғанға дейін, 2 жыл 3 ай саяси сахнада болды. Алаштың астанасы Семей болды, Жымпитыда батыс бөлімі құрылды. Әрине, Азамат соғысы жылдарында Алашорда қазіргі үкіметтер сияқты толық аппаратпен жұмыс істей алған жоқ. Осыны түсінуіміз керек» деп жазады зерттеуші.

12 желтоқсанды ұлттық жадымыздан өшпейтін күн деп атадық. Бұл – тәуелсіздік тарихымызда тасқа жазылған күн. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған қайраткерлер ұлттық мәселені ұлттық мемлекет құру арқылы ғана шешуге болатынын сөзімен ғана емес, ісімен дәлелдеді. Осыдан тура 1 ғасырдан астам уақыт бұрын Алашорда үкіметінің көшбасшылары мен идеологтары қазақ халқының прогрессивтік бөлігінің қоғамдық санасына ренессанс әкелді. Өз Отанына шынайы, адал қызмет етудің керемет үлгісін көрсетіп, саяси, рухани, ­идеологиялық құндылықтар мен қағидаттар жүйесін еуропалық, әлемдік деңгейге көтерді. Олар қазақ қоғамындағы өзара айтыс-тартыс, дау-жанжалды жеңіп, бұрынғы қазақ билеушілері мен саясаткерлерінің деңгейінен идеялық және рухани жағынан биіктеді. Алаш қайраткерлері ұлттық мемлекетті құру жолын дұрыс бағдарлап, қазақ халқын құлдық санадан, саяси-рухани тәуелділіктен қалай құтқарудың жолын тапты. Сол жолмен өздері жүріп, туған ұлтын, елін қалай сүюдің, оның мүддесіне қалай қызмет етудің ғажайып үлгісін көрсетті.

Тоталитарлық билік Алаш мұраты мен идеясынан қатты қорқып, буржуазиялық-ұлтшылдыққа қарсы аяусыз күресеміз деген желеумен Алаш көшбасшыларының, басшыларының, белсенділерінің бәрінің көзін жойды. Алашорданың жергілікті жерлердегі жетекшілерін, жақтастарын жаппай қуғын-сүргінге ұшыратты. Ол ол ма, кешегі кеңестік-сталиндік билік Алаш қайраткерлерін, мүшелерін үрім-бұтағымен құртып қана қоймай, Алаш рухын, идеясын, түп қазығын халықтың сана-сезімінен түгелдей жойып жіберуге бар күш-жігерін жұмсады. Алайда Алашты қазақтың санасынан да, жүрегінен де өшіре алмады. Азаттық пен бостандық, әділдік пен тәуелсіздік үшін арпалысып өткен алаштықтардың рухы бізбен мәңгі екенін ұмытпайық!

2. Желтоқсан рухы

16 желтоқсан – жер бетіндегі әр қазақтың кеудесін қуаныш кернейтін күн. Осыдан тура 37 жыл бұрын азаттық үшін қазақтың қаһарман қыз-жігіттері, нағыз патриоттары алаңға шығып, өз жерінде қорлыққа, кемсітушілікке қарсы тұрды. 16 желтоқсан – бар қазақтың жан жүрегі езіліп, қаралы күй кешетін күн. Ызғарлы Желтоқсанда қаншама боздақ жазықсыз жазаланып, тағдыры тәлкекке түсті. Қаншама боздақ хабарсыз кетті. Сол желтоқсанда әр төгілген қан мен жұлынған әр шаштың сұрауы бар.

Бір ғасыр бұрын тоталитарлық жүйе қазақтың санасынан өшіруге әрекет еткен Алаштың азаттық сүйгіш рухы өлмепті. Арада 70 жыл уақыт өткенде, 1986 жылы сол рух қайта буырқанып, тарих сахнасына Желтоқсан қаһармандары шықты. Олар бостандық, демократия және тәуелсіздік жолындағы күресте 3 күн бойы нағыз батырлық, көзсіз ерлік, шынайы қаһармандық көрсетті. Әміршіл-әкімшіл орталықтың ұзаққа созылған, жаппай және жүйелі үстемдігіне, жергілікті халықтың ұлттық мүддесі мен құқығын шектеуге, өз Отанында ана тілінде сөйлеу құқығынан айыруға деген қарсылық жалындаған жастарды алаңға шығарды. Алматыдағы Брежнев алаңындағыдай бейбіт шерулер еліміздің барлық облыс орталығында болғанын білеміз. Біз кейінірек Желтоқсанның ақиқатын оқып-білгенде, сол кезеңдегі ұлттық рухтың, мінездің және арманның өте жоғары болғанына таңдай қақтық.

Желтоқсанның қаһарлы күндерінің шынайы картинасын көз алдымызға елестету үшін бір ғана мысал келтірейік. Алаңға барғаны үшін 1,5 жылға сотталған Зиядин Алимұхамед­ұлы 1993 жылы 9 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Конституцилық Сотына жазған шағым хатында былай жазады: «В эти декабрьские дни и ночи 16, 17, 18, 19 числа я тоже бывал на площади, разделяя горе моего народа с 14-15 часов дня. И 18 декабря т. г. с утра на площадь выходили демонстранты в небольшом количестве, где-то более 1000 человек. Силы власти позакрывали входы и выходы площади техникой и живой силой, несмотря на то, что это мирные, безоружные люди заполняли площадь. К 13-00 часам дня начались столкновения мирных безоружных людей с вооруженными до зубов солдатами, милиции и дружинников. Солдаты с собаками, с лопатами, милиционеры с дубинками, дружинники с железными прутьями, ломами безжалостно нападали на безоружных людей, избивали, убивали, затаптывая лежащих на земле тысячи покалеченных, окрававленных, невинных ни в чем людей, молодежь, особенно слабых девушек, которых после мертвых тащили за волосы и довивали из до безсознания, и которых бросали в спецмашины, автобусы и отрытые техники с отправкой их по неизвестным направлениям».

Желтоқсан қаһармандарының асқақ рухынан зәре-құты қалмаған СОКП ОК саяси бюросы және КСРО ҰҚК басшылығы ұлт-азаттық көтерілісті аяусыз басып-жаншу мақсатымен оған қылмыстық реңк беріп, жаппай қуғын-сүргінге ұшыратты. Бұл шындық қазір оқимын, білемін деген әр адамға ашық, жария болып, кітаптар мен архивтерде жатыр. Желтоқсанның ақиқаты осы өткен 37 жылда бірте-бірте айтылып, тіпті халықаралық деңгейде әділ бағасы да берілді. Ең бастысы, Желтоқсан-86 тәуелсіздік таңын жақындатты. Белгілі заңгер-саясаткер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сабыр Қасымов айтқандай, «Желтоқсанның даңқы, рухы, саяси күші, желтоқсаншылардың көзсіз ерлігі болмаса, бізге сол кезеңде Парламентте «Тәуелсіздік туралы декларацияны» және «ҚР-ның тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңымызды қабылдау қиынға соғар еді».

  1. Тәуелсіздікке тағзым

Айдай әлемде ананың ала­қанынан, күннің нұрынан және мәңгілік азаттықтан асқан бақыт жоқ! Осы бақытты қадірлеп, мәңгілікке қолымызда ұстап тұру үшін тәуелсіздіктің қадір-­қасиетін ел болып терең ұғынуға тиіспіз. Ол үшін саналы, ізгі қарекет керек. Ең алдымен, ел Үкіметі Тәуелсіздік күнін атап өтудің үлгісін, жүйесін, жолын нақтылайтын арнайы бағдарлама я болмаса тұжырымдама дайындауы қажет. Тәуелсіздік күнінде қалалардағы ескерткішке барып, боздақтарымызды 1 минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қоюмен ғана шектелу – нағыз надандық. Ол – тәуелсіздік үшін күрескен, опат болған барлық батыр­ларымыздың рухын қорлау.

Тәуелсіздік күні Алашты ардақтауды, Желтоқсан қаһармандарын ұлықтауды бірінші кезекке қоюымыз керек. Бұл күн санамызды отарсыздандыруға алып баратын тағылымды, өнегелі іс-шаралармен айшықталса құба-құп. Ең алдымен, ел Үкіметі Желтоқсан-86 қаһармандарына ресми мәртебе беретін заң әзірлеп, оны ел Парламенті қабылдаса, бұл күн нағыз тағзым күні болар еді. Қайратпен бірге Желтоқсанның нағыз қаһармандары – Ербол Сыпатаевқа, Сәбира Мұхамеджановаға да «Халық қаһарманы» атағын берсек, олардың рухына ел болып бас игенімізді білдірер еді.

Тәуелсіздік күнін атап өту қазақтың бағына туған Әлихан Бөкейхан алғашқы ұлттық үкімет құрған 12 желтоқсаннан басталуы керек. Алаш мұратын, Алаш аманатын бүгінгі ұрпаққа жеткізетін деректі, көркем фильмдер сол күндері еліміздің барлық телеарнасынан, кинотеатрынан көрсетіліп, ұлт батырлары туралы өнегелі әңгіме, ұлттық насихат айтылса ғана Тәуелсіздік күнінің шынайы маңызы артады.

Тәуелсіздігіміз үшін азаттық жолында күрескен, құрбан болған баһадүр бабаларымыздың, 32-нің аштығы мен 37-нің зобалаңында қырылған айбынды аталарымыздың, ұлттық мемлекет құрамыз деп қазағын жанынан артық сүйген Алаш арыстарының, бостандық пен бақыттың жолында қайтыс болған Желтоқсан боздақтарының бәріне қарыздармыз. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай, арда қазағым!

 

 


Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button