Басты ақпаратРуханият

Алты таспа қамшыда – алты алаштың тарихы

Біз дауылға қарап қарсы өскен, қамшысын ұстап дау шешкен бабалардың ұрпағымыз деп мақтанамыз. Ал қазір сол бабаларымыздың бойындағы қасиет біздің бойымыздан қаншалықты көрініп жүр? Ата-бабаларымыздың бізге қалдырған мұрасы мен жәдігерлерін қадірлей алып жүрміз бе?

Қазақ қайғысын қамшысы арқылы білдірсе, өкпесін де қамшысы арқылы айтып, ашуын да сол арқылы таратып келген халық еді. Олай дейтініміз, ел арасында қамшы туралы қауесет көп. Қамшыны қазақ халқы тіл жете бермейтін, айтуға ауыр болатын сөздердің орнына қолданған. Осы ретте Әз Жәнібек ханның Жиреншеге көңіл айтып, Қарашаштың өлімін естіртуін мысал етіп атап өтсек болады.

Қамшы – қазақтың қаруы, биліктің, батырлықтың символы. Биліктің белгісі болатын себебі ежелгі қазақтар арасында дауға келген билер киіз үйдің ішінде айнала отырып, даурыға сөйлеуге жол бермей, кезегі келгенде ортаға қамшы тастаған. Бұл – мен сөйлеймін дегені. Оған қасындағылар қарсылық білдірмей, жол беріп кезегін күткен. Ал енді қару болатын себебі қазақ жігіттері қамшысыз жүруді ар санаған. Өйткені қамшы бес қарудың қатарына кірмегенмен, бір өзі бес қаруға татиды. Сондықтан алаш азаматының қарымын қамшы сілтеуіне қарап бағалаған.

Тарихта қамшыгерлер туралы аңыз көп. Сол аңыздың бірінде бір жолаушы жоқ іздеп жүріп біреудің келесіне кездеседі. Алайда келесін қызғанған жараған бура аузынан көбігін шашып, әлгі жолаушыны қуа бастайды. Міне, сол кезде жолаушы қолындағы қамшымен артынан қуған бураның қақ маңдайынан тартып кеп жібереді. Жігіттің қарымына шыдамаған жілікті бура орнында серейеді. Алайда іс мұнымен бітпейді. Өлген бурасын даулаған иесі билерге жүгінеді. Билер қамшыгер жігітті ортаға алып, оның бір қамшы сілтегенінен бура өлді дегенге сенгісі келмейді де, оны сынап көрмекке, бір жағынан әділ шешім шығармаққа жаңа сойылған түйенің талыстай терісін кере ағашқа байлап қойып, жігітке соны қамшымен тартып өтуді бұйырады. Сол кезде сонадайдан атымен шауып келіп алты таспа қамшысымен салып келіп жібергені сол-ақ екен, әлгі керілген тері екі жаққа айырылып кете барыпты. Мұны көріп таңғалысқан билер оның қамшысынан бураның өлгеніне сеніп, түйесін даулаған иесінің өзіне айып арқалатқан екен. Міне, бұдан біз қазақтың қару ретінде қамшыны қалай қолданғанын біле аламыз. Сонымен қатар ел ішінде қамшы өрімінің ұшына қорғасын құйдырып жасататындар болған. Бұл өзіне келген түрлі қатерден қорғану мақсатында істелген шаруалардың бірі екенін аңғару қиын емес. Ал қамшының кейбір ауызбен айта алмайтын сөзді айтатын қасиетіне келсек, бір жерге құда түскісі келген аталарымыз әуелі сол үйдің қонағы болып, кетерде керегесіне қамшысын іліп кететін. Мұнысы – құда түссем қарсы болмайсыңдар ма деген ишараты. Оны білген үй иесі қызының айттырып қойған жері болса, қамшысын есікке іліп қоятын болған. Ал қарсылығы жоқ болса, төрге іліп қояды. Қамшының иесі болса, екінші жолы келгенде өзіне берілген жауапты осылайша айтқызбай алып қайтқан.

Қамшы сап алатын кезде тобылғыны тұтамдап кеседі. Тобылғының өлшемі бес тұтам болса, қамшы сапқа жарамды деп ұғынған. Сондықтан да бес күн жалғанды «қамшының сабындай қысқа өмір» деп топшылаған халқымыз. «Қамшының сабына неге қарағайды немесе басқа ағашты таңдамайды?» дегенге келсек, мұның да өзіндік наным-сенімі болған. Біріншіден, тобылғыны қазақ қасиетті деп есептейді. Екіншіден, тобылғы топ болып өседі әрі өте сәнді көрінгенінен бөлек, шыдамды болады. Сондықтан тобылғыны ырымдап қамшысына сап етіп алса керек. Қамшыны құрметтеген қазақ «Ұл болсаң қолыңда, құл болсаң төбеңде ойнайды» деп кесімін шығарып айтып тастаған. Сонымен қатар қазақ қамшыны ешқашан да үйге сүйретіп кірмеген. Әрі аяқ жаққа тастамаған, қайта қадірлеп төріне ілген. Басқа жабдықтармен қосып майламаған да. Өйткені «Жүген майласа ырыс, қамшы майласа ұрыс» деп есептеген. Сондай-ақ қамшы сапты тобылғы гүлдегенде емес, қатуын күтіп, көбінде қыс мезгілінде алатын болған.

Ұлтымыздың сөзі, тарихының көзі – қамшы. Бір халықтың мәртебесінің де, махаббатының да байламы болған қарапайым ғана қамшы біздің мәңгі төрімізден түспеуі тиіс. Алты таспа қамшы өрімінде алты алаштың тарихы жатыр. Тобылғы сапты қамшы ұстап, тобылғы торы ат мініп өскен қазақтың баласы атауға ежелден ерекше мән берген. Мәселен, қамшының дайындалатын орнына, қолданылатын материалына, жасалу үлгісіне қарай бірнеше топқа бөліп, атау берген. Мысалы, атадан балаға жалғасып келе жатқан дәстүр бойынша бала сүндетке отырғанда оған беретін қамшыны «сүндет қамшы» деп атаған. Ал бала бәйгеге мінген кезде оған арнайы «бәйге қамшы» ұстатады немесе жасатады. Ол басқа қамшыларға қарағанда жеңіл болуы тиіс. «Көкпар қамшы» жуандау және қысқалау болады. Атты сабалап ұрғанда шабына тимеу керек. Әрі айналып келіп адамның өзіне де зақым келтірмеуі маңызды. Ал балуандар мен ел ішіндегі сүйекті жігіттердің ұстайтын қамшысын «дойыр қамшы» деп атаған. Тағы бір қамшы «неке қамшы» деп аталады.

Сабы мен өрімінен бөлек, қамшының бүлдіргесі, кекілдігі, бауырдағы, алақаны деген сияқты бөліктері болады. Әр бөліктің өзінің орны мен атқаратын қызметі бар.

Қамшысы мықты адамды халқымыз «қамшыгер» деп қадір тұтқан. Бұл өнер болып саналған. Егер қамшыгерлікті батырлыққа, өткірлікке баламаса, онда аспандағы жарқылдаған найзағайдың өзін қазақ «Құдайдың қамшысы» деп атамаған болар еді. Оның өрімінің өзінде ұлтымыз­дың басып өткен жолдарының өрнегі жатқандай сезіледі. Жалпы қамшысын қолға алған қазақ не дауды, не жауды тоқтатқаны тарихтан белгілі. Сондықтан малшының да, аңшының да қаруы болған қамшының қадірін қашырмайық. Аттан түссек де қамшымыз қолдан түспесін, қолдан түссе де төрден түспесін!

Шапағат Әбдір

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button