Ақтаңдақтар ақиқатыБасты ақпарат

«АЛЖИР»- азап абақтысы



Тарихтың қаралы беттерін еске түсіретін «Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері» 1938-1953 жылдар аралығында жұмыс істеді. Сталин саясатымен құрылып, ол өлгенде жабылған АЛЖИР – саяси қуғын-сүргін құрбандарының жұбайлары мен аналары және қарындастарының азапты абақтысына айналған жазалау орны. Еңбекпен түзеу лагерінің 26-нүктесінің орнында сол зұлматты жылдарда жазықсыз жала жабылып жапа шеккендерге ескерткіш болып «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені Ақмола облысы Ақмол ауылында 2007 жылы ашылды.

Атағынан ат үркетін, естігеннің көңіліне қорқыныш пен үрей ұялататын лагерьде 15 жыл бойы 18 мыңға жуық әйел кезең-кезеңімен әрқайсысы 5-8 жылдан отырып шыққан. Алайда қазір аталған мұражайда тек 8 мыңға жуық әйел туралы ғана деректер бар. Олардың көбі – 62 ұлттың ішінен шыққан зиялылардың, қоғам қайраткерлерінің әйелдері болған. Бауырында сәбилері болса оларды анасының қасында үш жасқа дейін ғана ұстап, әрі қарай жан-жаққа балалар үйіне жіберіп отырған. Жалпы лагерьде аналарымен бірге 1507 бала болған. Аяғы ауыр болып түскен әйелдердің біразы осында босанған. Лагерьде дүниеге келген ең алғашқы сәби Георгий Каретников бүгінде әлі тірі, қазір 87 жаста. Былтыр ол қызымен бірге мұражайға келіп, сұхбат беріп кеткен.

-Лагерь тұтқындарының ішінде ең соңғы болып Анна Енданова 2014 жылы 97 жасында дүниеден өтті. Ол лагерьге келгенде 21 жаста болған. Жолдасы халық жауы деп атылып кетеді, екі баласы балалар үйіне өткізіліп, сол жақта аштан өледі. Кейін босап шыққан соң ол тағы да тұрмыс құрып, осы Астанада өмірінің соңына дейін өмір сүреді. Ұрпақтары әкеп берген қолсағатын, сөмкесін, басқа да тұтынған заттарын мұражайға қойдық, – деп таныстыра бастады бізді қарсы алған экскурсия жүргізушісі Гүлнұр Мейірханова.

Бейімбет пен Тұрардың жары отырған

Қазақтың танымал зиялыларының ішінде Тұрар Рысқұловтың жары Әзиза Рысқұлова да осы лагерьде азапты жылдарын өткізген. Ол мұнда 8 айлық қызы Ридамен бірге келген. Қызы үш жасқа толғасын балалар үйіне өткізіліп, өзі лагерьде 8 жыл бойы отырғанда мал дәрігері ретінде қызмет еткен. Тіпті оның анасы, яғни Тұрар Рысқұловтың енесі Арифа Есенқұлова да тыңшы деген жаламен осы жерде сегіз жыл отырған. 50 жаста лагерьге келіп, тура сегіз жылын толтырып, шығуына бірнеше күн қалғанда ол миына қан құйылып, қайтыс болады.

-Бұл лагерьге сонымен қатар Бейімбет Майлиннің әйелі Күлжамал Майлина да 5 жылға қамалған. Балалары жан жақтағы түрлі балалар үйіне өткізіледі. Әукен деген үлкен баласы соғыста қайтыс болған. Босап шыққан соң қалған балаларымен қауышқан. Одан басқа мемлекет және қоғам қайраткері Жанайдар Сәдуақасовтың жары Елизаветаның мұнда түскенде Рүстембек деген жалғыз ұлы болады. Ұлын аман алып қалу үшін оның тегін күйеу баласының атына жазып кетеді. Кейін босап шыққан соң ұлымен Ташкентте табысады, – дейді мұражай қызметкері.

Кешен қызметкерлерінің айтуынша, бұл лагерьде көбіне орыс және еврей ұлттарының әйелдері отырған, 4 мыңнан астамы – орыс ұлтының әйелдері болды. Олардың біразы сол кездегі жаппай үрдіс бойынша қазақтың зиялы азаматтарына тұрмысқа шыққан әйелдер еді. Қазақтан қазіргі таңда 87 әйелдің ғана аты-жөндері мен құжаттары бар. Негізі одан да көп болуы мүмкін. Біразының құжаттары сақталмаған.

Тарихи құпияға толы мұражай

20 мың га аумақты алып жатқан мұражай сыртқы экспонаттар мен негізгі ғимараттан тұрады. Конус пішінде жасалған, терезесі жоқ ғимарат құпиясы мол қобдиша іспетті, жарық тек төбеден ғана түседі, оның мағынасы тарихи сыр мен шындықтың біртіндеп ашылатынын білдіреді. Кешенге далада сырттан кірген кезде биіктігі 18, ені 9 метр «Қасірет қақпасы» қарсы алады, оның ортасынан өткенде әруақтарға иіліп тағзым ету керек. Монумент қайтыс болған күйеуі мен жоғалтып алған балаларын қайғырған әйелді бейнелейді. Одан басқа кешен аумағында саяси жер аударылған «халық жауларын» тасыған «Сталиндік вагон», тікенек сымды лагер қоршауы мен күзет мұнарасы, екі мүсіндік композиция, «Көз жасы» стеласы, тұтқын әйелдер тұрған барак, Алаш бағы, Зерде қабырғасы, ескерткіш белгілер бар. Мұражай астыңғы жағы «Алаш» залы Алаш қозғалысының тарихына арналған витриналардан тұрады. Зал ортасында – «Өмір гүлі» композициясы, жоғарғы жақта «Еркіндік және еркінсіздік» композициясы берілген.

Ал «АЛЖИР» туралы негізгі бөлігі екінші қабатта. Зал экспозициясын «Кісендер» инсталляциясы ашады. Екі айна торды толықтырып, келушінің білінер білінбес бейнесін қазіргі мен өткенге, сонау қиын уақытқа сапар шектіргендей. Декоративтік қосымша ретінде лагердегі түпнұсқа есік қойылған. Экспозициялық-көрме залында кінәсіз тұтқында отырған әйелдердің өмірі туралы материалдар, отбасылық фотосуреттері, жеке заттары, лагерьде отырғанда қолдарымен жасаған заттары қойылған.

Әйелдердің азапты өмірі

Одан кейінгі диорамада лагерьде тұтқында болған әйелдердің қысқы және жазғы ауыр жұмыстары бейнеленген. Әйел-тұтқындар лагерде ең қиын каторгалық  жұмыстарды жасады, бақшалар мен алма бағына арықтарды, тоғанды қолдарымен қазды. Саман кірпіштер құйды, ферма салды, мал бақты, қысқы аяздарда отын үшін Жалаңаш көлінің жағасынан қамыс шапты. Сол кездері әр әйел күніне 70-80 бумаға дейін қамыс жинаған. Қандай қолайсыз ауа-райы болмасын күніне 14 сағатқа дейін далада жұмыс істеген.

Егін дұрыс шықпай қалса немесе егінді қояндар жеп кетсе, малын өлтіріп алса әйелдерге қатаң жаза қолданылған, тамақ бермей, тіпті өлім жазасына дейін кескен. Сонда әйелдер егінге қояндар тиіспес үшін егіннің қасына өздері жейтін тамақты қойып кететін болған.

-Диорамада осы лагерьдің бір бөлімшесі, яғни барақтары жағалай орналасқан Жалаңаш көлі салынған. Мұражайдан 5 шақырым жерде, Ақмол ауылының шетінде орналасқан көл қазір тартылыңқырап қалды. Әйелдер сол көлдің маңайынан қамыс жинаған. Лагерь аумағы темір торлармен қоршалған. Көлдің арғы бетінде кішкентай ғана Жаңажол деген қазақ ауыл отырған. Сол ауылдың ақсақалдары мен кішкентай балалары келіп, қамыс шауып жүрген әйелдерге неше түрлі жаман сөздер айтып, кепкен қара құрттар лақтырады екен. Лагерьдегі өзге ұлттардың әйелдері оны басында не екенін түсінбеген. «Бізге неге жаман сөздер айтады, неге тас лақтырады?» деп налитын болған. Кейін неміс ұлтының әйелі Гертруда Платайс лақтырылған тастардан сүт пен ірімшіктің иісі шығатынын сезіп, оны іштегі қазақ әйелдерге әкеп көрсетіп, құрт екенін, ауыл тұрғындарының ниеті жаман емес екенін білген, – дейді мұражай маманы. Г. Платайс түрмеден босағаннан кейін Германияға оралып, неміс журналистеріне лагерьде болған кездеріндегі Жаңажол ауылының тұрғындары көмектескен жайды әңгімелеп береді. 2003 жылы тарих пәнінің мұғалімі Раиса Голубева Гертруда Платайстің естелігі бойынша «Курт – драгоценный камень» өлеңін жазады.

Барак деп аталған бір жатын бөлмеде 250-300 әйелге дейін тығылысып өмір сүруге тура келген. Саман кірпішке қамыс қосып жасалған барактар алғашына екі-үшеу ғана болған. Әйелдер симағандықтан оларға өз қолдарымен 30-ға жуық барак салғыздырған. Тұтқындар өздері жинаған қамыстарды төсек-орын ретінде пайдаланған, темір пешке жағып, соның қызуымен бой жылытқан. Тез жанып кететіндіктен, қыста үсіп қалмау үшін қамысты жиі салып отыруға түні бойы кезектесіп ұйықтаған. Соның өзінде барактың ішкі температурасы 6-9 градустан көтерілмеген.

Мұражайда лагерь әйелдері Мәскеуге хатпен шығып сұратып ашқан тігін цехы бейнеленген шағын бөлме бар. Тігін цехында олар жалғыз түйір пілте шамның жарығымен 14-16 сағатқа дейін көз майын тауысып, тапжылмай отырып, өздеріне және соғыс жылдарында сарбаздарға жөнелтуге киімдер тіккен. Лагердегі ерекше тәртіп, мардымсыз тамақ, кездесу мен хат жазуға тыйым, күзетшілердің қорлығы өмірге деген құштарлық пен үміт отын бәрібір сөндіре алмады.

Тергеуден көз аштырмаған

Әйелдердің үрейін ұшырған кабинет тергеу бөлмесі болатын. Күндіз далада талай ауыр жұмысты атқарып келген әйелдерді түнде де ұйықтатпай, тергеу изоляторына әкеп сұрақтың астына алатын. Мұнда күзетіп тұрған сарбаздар екі сағат сайын ауысып тұрса, әйелдер аяқтары жерге тимейтін биік орындықта тапжылмай ұзақ уақыт отырып сұрақтарға жауап беріп, ақыры әбден әлсіреп, есінен танып құлап түсетін. Әйелдердің киімдерінде әрқайсының өз нөмір саны жазылған, оларды сол сандармен атап шақырып, түгендеп, тіпті солай жерлеп отырған. Лагерьде әйелдерге тек бір жарым жылдан кейін ғана, жылына бір-ақ рет жақындарына хат жазуға және хат алуға рұқсат етілген. Жақындарынан хат келгенде күзетшілер оларды мазақ қылып, хатты әйелдердің қолына емес, жанып тұрған оттың үстіне тастайтын. Сонда зарыға хабар күтіп жүрген әйелдер хатты оттан жалаң қолымен алып, өртенбей қалған бөлігін сақтап қалуға жанын салған. Тамаққа быламық сорпасы мен қара нан берілген, ол тамақтарды итке берсе де ішпейтіндей дәмсіз, нандары кейде шикі, бірде қатты болатын. Алайда әйелдер шикі нандарды босқа лақтырмай, ана мен бала бейнелгенген түрлі мүсіндер жасаған. Қазір сол мүсіндер де мұражайда сақтаулы тұр.

Қасіретті жылдар дерегі

1930 жылдан бастап Қазақстанда еңбекпен түзеу лагерлері құрылған. Соның ішінде «Қарлаг» Қарағандыдан 50 шақырым жерде ашылды. Қарлагтың 25-ке жуық  еңбекпен түзеу орындары болды. Олар: АЛЖИР, Степлаг, Екібастұзлаг, Қарабаслаг және т.б. Тұтқындағы жылдар ішінде әрбір әйел бірнеше лагерден кезең-кезеңімен өтуі керек еді.  «АЛЖИР»-ге әйелдерді елдің түпкір-түпкірінен, яғни Мәскеуден, Ленинградтан, Украинадан, Беларусиядан, Грузиядан, Армениядан, Орта Азиядан алып келетін. Саяси қуғын-сүргін жылдары Қазақстанға 1,3 млн аса адам жер аударылды. Адамдар Қазақстанға мәжбүрлеп әкелінгенімен, олардың көпшілігі оны екінші отаным деп есептеді. «АЛЖИР»-дің тарихы – бұл Қазақстанның тарихы. Өткен қасірет қайталанбауы керек. Бұрынғылардың бастан кешіргенін көрмеу үшін адамдар өткен уақыт жайлы шындықты білуі қажет.

17 жылдық тарихында мұражай тұтқын болған әйелдердің ұрпақтары әкеп беретін дүниелермен толығып отырған. Әсіресе, 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде олардың ұл-қыздары, немерелері еліміздің әр жерінен және шетелдерден өте көп келеді екен. Жаз айларында келушілер саны күніне 200-250 адамға дейін жетеді. Оларға 3 тілде ақпарат бере алатын 5 экскурсия жүргізушісі қызмет көрсетеді. Мұражайдың есігі дүйсенбіден басқа күндері 9.00 мен 18.00 аралығында келушілерге ашық. Экскурсиясыз бір адамға кіру билетінің құны – 1200 теңге, 5-15 жас аралығындағы балаларға 500 теңге. Ал 5 адамнан көп экскурсиялық топ бойынша билет бағасы бір адамға 2700 теңге болса, шетелдіктерге 9200 теңге тұрады. Сонымен қатар бірнеше тілде ақпарат беретін аудиогид қызметін де пайдалануға болады. Билет алуда кейбір санаттар бойынша азаматтарға жеңілдіктер қарастырылған. Мұражайда экскурсиядан бөлек саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы түсірілген деректі фильм де көрсетіледі. Екі залға да жаңадан келіп жатқан ақпараттардың көптігінен «Алаш» залын бөлек музей етіп ашып, оның орнына «АЛЖИР» залын көбейтіп қою қажеттілігі туындап отыр, мұны мұражай басшылығы тиісті министрліктерге ұсыныс етіп айтуда.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button