Басты ақпаратДенсаулық

Амбулаториялық хирургия – заманауи медицина талабы



Бұрын жеңіл-желпі ота жасағанда да порталға кезекке тұрып, ауруханалардағы стационарларда бірнеше күн жатып емделуге тура келетін. Соның орнына емханаларда ашылған амбулаториялық хирургия орталықтары – заманауи медицинаның болашағы зор бағытының бірі. Оны медицина тілінде «Бір күннің хирургиясы» деп те атайды. Шетелде әуелден дамып кеткен мұндай орталықтар Қазақстанда 2000 жылдан бері ашыла бастады. Қазір олар Астанадағы 10 емханада бар.

Атап айтқанда, №5, 6, 8, 9, 10, 12 қалалық емханалар мен «Astana Clinic», «City», «Салауатты Астана» жеке емханалары және «Экстра комфорт» ортопедия орталығында ашылған. Отаны адам денесіне көп пышақ тигізбей жасайтын, яғни аз жарақат салатын және отадан кейін жылдам қалыпқа келетін бұл жеңіл хирургиялы терапия қызметінің бірнеше түрі көрсетіледі.

– Амбулаториялық хирургия стационарларға балама дегеннен гөрі, оларға қосымша толықтырып тұратын қызмет десе жөн болады. Біздің №10 қалалық емхананың өзі 2015 жылы ашылғалы бері амбулаториялық орталық та бірге құрылып, жұмыс істеп келеді. Орталықта хирург, уролог, онколог, гинеколог, офтальмолог, анестезиолог-реаниматолог, проктолог мамандармен бірге, медбикелерді қосқанда, жалпы 13 медицина қызметкері еңбек етеді. Хирургияда терідегі, тері асты май қабаттарында, жұмсақ тінде орналасқан қатерсіз ісіктерді алып тастау оталары жасалады. Ал урологтар ем-диагностика мақсатында цистоскопиямен және қуықтың шырышты қабатын тексеру үшін несепағарға қойылған стент катетерлерді алып тастаумен айналысады. Сонымен қатар варикоцеле, гидроцеле оталарын жасайды. Онкологтар денедегі түрлі ісікті, офтальмологтар көздің айналасында орналасқан өсінділерді алып тастайды және емдік мақсатта көздің астыңғы қабатына ретробульбарлы дәрі енгізеді. Гинекологтар жатыр мойны мен жатырдың шырышты қабатының полиптерін алып тастап, гистероскопия жасайды. Проктологтар геморройларды алып тастау, шырышты қабатын тігіп байлау отасын жүргізеді, – дейді №10 емханадағы амбулатория-­хирургия орталығының бөлім меңгерушісі Абзал Зейдулла.

Осындай аса күрделі емес оталардың бәрі бұрын ауруханаларда жасалатын болған. Адамдар порталдағы кезегін күтіп, одан ота жасау үшін үш күндей стационарда жататын. Қазір амбулаториялық хирургия орталықтары осы қызметті жылдамдатты. Ота МӘМС жүйесінде жарна төлейтіндер үшін тегін жасалады

Отадан кейін науқастар кем дегенде 20 минут, әрі кетсе 1-1,5 сағат палатада дәрігерлер бақылауында болады, бәрі дұрыс болса, үйіне қайтарылады. Оңалып кеткенге дейін үнемі мамандар қадағалауында жүреді. Аталған орталық емхананың бесінші қабатында орналасқан. Мұнда науқастар отадан кейін демалатын палаталар, ота жасау бөлмелерінің бәрі санитарлық нормаларға сай жабдықталған.

– Осындай аса күрделі емес оталардың бәрі бұрын ауруханаларда жасалатын болған. Адамдар порталдағы кезегін күтіп, одан ота жасау үшін үш күндей стационарда жататын. Қазір амбулаториялық хирургия орталықтары осы қызметті жылдамдатты. Ота МӘМС жүйесінде жарна төлейтіндер үшін тегін жасалады. Аталған жүйеде жоқ азаматтарға сол арқылы қызмет пайдаланудың тиімділігін айтып түсіндіреміз, – дейді дәрігер.

16 жылдық тәжірибесі бар дәрігер, былтыр ғана «Денсаулық саласының үздігі» марапатын алған Абзал Зейдулла аталған орталықты 2022 жылдан бері басқарады. Қарамағындағы дәрігерлердің ең үлкенінің еңбек өтілі 30 жылдан асса, көбінің 15-20 жылдық тәжірибесі бар. Еңбек жолын бастағанына 3-4 жыл болған бір-екі ғана маман жұмыс істейді. Осы қызметкерлердің күшімен орталықта 18 жастан жоғары қала тұрғындарына 2021 жылы барлығы 470 ота жасалса, 2022 жылы 696, ал былтыр 1670 ота жасалған. Осылайша жыл сайын ота санының көбеюі орталық қызметі мен мамандарына деген сенімнің артқанын да білдіреді.

– Біздің дәрігерлер бір жағы емханада да қабылдау бөлімінде қызмет атқарады. Сол кезде өздеріне қаралған адамдар арасынан ота жасау қажеттілігі анықталғандарды орталыққа әкеліп, тиісті емін жалғастырады. Негізі, бұл оталар ақылы түрде жасалар болса, шамамен 120 мың теңгедей қаржыны қажет етеді. Оның ішінде науқасқа консультация беру, отадан кейінгі бақылау, жараларын таңу қызметтері де бар. Соның бәрі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы тегін көрсетілуде, – дейді бөлім меңгерушісі.

Орталық қызметіне көбіне 20-50 жастағы елордалық тұрғындар жиі жүгінеді. Соның ішінде офтальмология қызметін 50-ден асқандар көп пайдаланады. Әсіресе соңғы бір жылда осы қызметті пайдаланатындар қатары арта түскен. Одан кейінгі орында хирургтар мен онкологтардың ісікті алып тастау қызметіне келетіндер тұр. Үшінші кезекте гинекология оталары жиі көрсетіледі. Содан соң қуыққа ем-диагностика бағытында ота жасатушылар саны басым. Мамандар қатерлі емес ісіктер қатерлі түріне өтіп, асқынып кетпей тұрғанда дертті дер кезінде анықтап, хирургия көмегімен ауыр жағдайдың алдын алу қажет екенін айтады.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button