Ел тынысы

«Ана – гүл, ана – өмір шырағы»: аналар күні аталып өтті



Мамырдың екінші жексенбісі дәстүрлі түрде Аналар күні аталып өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Осы күнге орай Астана қаласында түрлі мерекелік іс-шаралар өтті.

“Мадрид” тұрғын үй кешенінің кішкентай тұрғындары аналарына арнап ерекше флешмоб пен шығармашылық нөмірлер ұйымдастырды. Өз кезегінде аналар балаларға сүйікті тағамдарынан дастархан жайды.

«Ана болу өте керемет. Бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербеткен –аналар. Ананың міндеті өте жоғарғы деңгейде еленеді. Барлық аналарды, әжелерді барлық елдерде тойланып жатқан аналар мерекесімен құттықтаймын!» – деді көпбалалы ана, әже Баян Тайжанова.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, іс-шараның мақсаты – қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайту және аналардың адам өміріндегі маңызды рөлін еске салу.

Аналар күні Қазақстанда мамыр айының екінші жексенбісінде аталып өтеді.

Бұл мереке ана болудың маңыздылығын, аналарды құрметтеуді және олардың қоғамдағы рөлін атап өтуге арналған. Сондай-ақ осы бағытта Неке және отбасы институтын нығайтуға бағытталған бірқатар іс-шаралар жоспарланған.

Ал Достық үйінде «Ана – гүл, ана – өмір шырағы» атты мерекелік іс-шарасы өтті. Iс-шара қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткiзiлдi.

Арт-терапия форматында ұйымдастырылған  рухани-танымдық басқосуға елордалық ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері, Астана қаласы Алматы ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қолданбалы өнер шеберлері, «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорының ата-аналары мен балалары қатысты.

12 мамыр – Аналар күніне арналған іс-шараны қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының қызметкері Гүлнара Тайгокова құттықтау сөзімен ашып, елімізде алғаш рет аталып өтіп отырған халықаралық мерекенің тарихымен таныстырды.

«Бүгін біз Алматы ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығымен бірлесе іс-шара өткізіп жатырмыз. Мұнда «Бақытты шаңырақ» қорына қарасты ерекше балалар шақырылды. Шеберлік сабақтарына 20-дан астам отбасы қатысып отыр. Аналарды бүгінгі мерекемен құттықтап, сыйлықтар беріледі. Мерекені осылай тойлауды жөн көрдік, өйткені ана болу оңай емес, әсіресе, ерекше баланың анасына өте қиын. Мен өзім 8 жыл бойы мүгедек балаларды қолдайтын «Жұлдызай» қорын басқардым. Бірінші балам бас жарақатымен туды, ата-анамыздың қолдауымен, дәрігерлердің көмегімен ерте реабилитациядан өтіп, сауығып кетті. Мамандығын алып, қазір өзі де ана атанып отыр. Сондықтан, ең бірінші, ана мен баланың саулығын тілеймін. Әсiресе, ерекше баланың анасына көп қолдау қажет», – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесініі төрайымы Алтынай Тәңірбергенова.

Шеберлік сабағына қатысушы балалар Алматы ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызметкерлері және сондағы қариялардың көмегімен суреттерді құрастырды. Сонымен бірге, кішкентай қонақтардың назарына концерттік және ойын-сауық бағдарламасы ұсынылып, балалар мен олардың аналарына сыйлықтар табысталады.

Сондай-ақ, Аналар күніне орай елордада балаларға раушан гүлдері таратылды. Олар өз кезегінде гүлдерді аналарына сыйлады.

Бұл акцияны тұрғындар да қолдап, аналарына қоңырау шалып, сүйіспеншіліктерін жеткізді.

«Осы маңызды мерекеде біз күн сайын орасан зор жұмыс істеп, балаларды тәрбиелейтін және бірнеше рөлді көтеріп жүрген аналарды қуантқымыз келді. Балалар – біздің болашағымыз және олардың тұлға ретінде қалыптасуы негізінен, біріншіден, аналарға байланысты. Бұл шара – әйелдерге үздіксіз жұмысы үшін алғыс айтудың амалы!» – деп атап өтті Астана қаласы Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова.

Осы күні одан да өзге көптеген іс-шаралар өтіп, астаналықтар дәстүрлі Аналар күні мерекесіне  белсене атсалысты.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button