Қоғам

Ана мен баланы қалай қорғаймыз?



Ел-елді, жер-жерді қарғын су басып, халық қамыққан кезде, абьюзерлер жұрттың пікіріне миығынан күле қараған сәтте, жемқорлар ұлт игілігіне тартынбай қол сұққан кезде, кешегі Қаңтар қырғынынан көз жасымыз кеппей тұрған, экстремизмнен қауіп төніп, діни фанатизм есіктен кіріп, төрге озған кезде, тіліміз тұсалып, руханиятымыз абдыраған сәтте не істеу керек деп ойлайсыз?!

– Қазіргі қоғамда, иә, Әуезов­тер қаламынан туғандай сом туындылар көзге түсе қоймаса да, педофилден зорлық көрген қарындастың жайын жиі естіп, жиі білетін болдық. Отбасында қорлықтан өлген, еркінен тыс алып қашып, біреуге өңгеріліп кеткен, өзіне қол жұмсаған, шарасыз хәлге жетіп, жар жиегінде тұрған Мағжан кейіпкерлері ортамызда толып жатыр. Олар үшін күйіну және кінәліге әділ, қатал жаза талап ету – қоғамның ең маңызды миссиясының біріне айналып бара жатқандай. Осы себепті, ғасыр бұрынғы қоғам мен қазіргі күйіміз көп ұқсас. Тағдыр­лас. Ол кезде де қазақ ері қандай мейірсіз озбыр болса, қазір де еркек шовинизмі қабындап тұр. Соңғы сот ісінің бұқараға аса маңызды болуы түсінікті һәм заңды деп ойлаймын, – деп объективті көзқарасын білдіреді танымал журналист Қасым Аманжолов.

– Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ең сорақы түрі – балаларын хайуандықпен өлтірудің бірнеше жағдайы Маңғыстауда ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де орын алып отыр. Осыған дейін де заңды күшейту керек деп, тиісті орындарға бірнеше рет ұсыныс берілді. Алайда заң шығарушы органдар отбасындағы аналардың мүддесіне емес, агрессорлардың жағдайына жығып беріп отыр. Үйдегі жанжал, ұрып-соғудың аяғы – ажырасу, әйел мен бала өліміне де жеткізді. Полиция да агрессорды ашуы тарқағанша 2-3 сағатқа ғана ұстай алады. Ал әйелдер жағдайы тек ажырасуға тірелгенде ғана сотқа барады. Сот шара алу үшін әйел өлімші болып, таяқ жеуі керек. Заң солқылдақ. Ажырасқаннан кейін де еркек пен әйел бір-бірінен кек алу үшін түрлі әрекеттерге барып отыр. Жұптар ажырасуға және ажырасқаннан кейін психолог маманның қызметіне жүгінуді міндеттеуді заңмен қарас­тыру керек. 2021-2025 жылдары барлық өңірде қиын жағдайға тап болған әйелдер мен балаларға арналған орталықтар ашылу керек еді, бірақ бюджет тапшылығын сылтауратып, құзыретімізге кірмейді деп басқармалар бір-біріне ысырып, күні бүгінге дейін бұл мәселені шешпеді. Сонымен қатар, отбасы орталықтарындағы психологтар, медиаторлар екі тараптың бір-бірімен тіл табысуына немесе ашу-ызасын жұмсарту үшін сотқа дейін, кейін де психологиялық қолдау көрсетуді практикаға енгізуі керек. Бұл – бүгінгі күннің талабы. Тек қана тұрмыстық зорлық-зомбылық заңы ғана емес, отбасы және неке, бала құқықтары, әкімшілік жауап­кершілік, Қылмыстық кодекске де арнайы баптар енгізу керек. Осылай жалғаса берсе әйелі мен баласын өлтіру қалыпты жағдайдағы қылмысқа айналатын түрі бар. Бейкүнә балалардың жазығы не? Ересектер балаларын неге кек алу құралына айналдырып отыр? Бұған Үкімет пен қоғам  көз жұма қарамауы тиіс, – дейді Жақсыгүл Махамбетова.

– Біз тек қана салдарымен емес, ең бастысы – себеппен күрескеніміз абзал. Яғни, зорлық-зомбылықты болдырмау­ға тырысу керек. Отбасында ыдыс-­аяқ сылдырласа да, «бас жарылып, қол сынбауы» керек. Ол үшін, біз ең алдымен саналы азамат қалыптастыратын, қазақы отбасы құндылықтарын насихаттайтын, шаңырағы шайқалмай, керегесі берік болатын, отбасы құратын қоғам құруымыз қажет деп есептеймін. Осы салада біраз еңбек етіп жүрген әртүрлі үкіметтік емес ұйымдардың жұмыстары жеткіліксіз деген ойдамын. Олар жұмыс істемейді деуден аулақпын, бірақ қайткенде де мемлекеттің жасағанын жеке ұйымдар істей алмайды. Сондықтан мемлекет тарапынан нақты шаралар қолға алынуы керек. Ең алдымен, мемлекеттік идеология мәселесі қайта қарауды қажет етеді деген ойдамын. Жаhандану процесінің «жемістеріне» қарсы тұратын, оларға тосқауыл бола алатын ұлттық құндылықтарымызды қалқан етпесек, алдағы уақытта не боларын болжау қиын. Ұлттық құндылықтарымыз – ұлтымыздың қорғаны екенін дәлелдеудің қажеті жоқ. Дін, мәдениет, салт-санамыз лайланбай, таза болса қоғам да мықты болады. Қоғам мықты болса, мемлекетіміз мәңгі жасай бермек, – дейді Аят Сүгірбай.

– Әйелі мен баласына зорлық көрсетіп сотталғандарға мемлекет 2021 жылы 1,5 млрд теңге бөлді. Ал, абьюзер күйеуі­нен зәбір көрген әйелдер (балаларымен) баратын дағдарыс орталықтарына 765 млн теңге бөлінген. Яғни, екі есе аз.  Сонда баласын ұрып, әйелін сабағандарды асырау үшін екі есе көп ақша жұмсап отырмыз ғой, – дейді қоғам белсендісі Ерке Жұматай.

Қоғамда үлкен резонанс туғызып, алаңдатқан мәселені шешу жолында алғашқы қадамдар жасалды. 2024 жылғы 11 сәуірде Парламент Сенаты тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін заң жобасын мақұлдады.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button