Денсаулық

«Ана жүрегі» – ерекше балалар мерекесі



Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Астанадағы №6 қалалық емхана ерекше балаларға арналған «Ана жүрегі» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Жиынға Amanat партиясының қалалық филиалы өкілдері келіп, акцияның өтуіне қолдау білдірді. Жиын мақсаты – мереке қарсаңында осы санатқа жататын қала тұрғындарының психологиялық көңіл-күйін жақсарту. Акция барысында ерекше балалар бағып отырған аналарға тегін медициналық тексеруден өту мүмкіндігі де берілді.

Іс-шараға аталған емханаға тіркелмеген болса да жалпы қаладағы 60-тан астам ерекше балалар мен олардың ата-аналары келіп қатыс­т­ы. Талантты өнерпаз жастардың концерттік бағдарламасымен қатар балаларды оңалту бойынша сабақтар, ерекше балалардың аналарын гинеколог, неврапатолог, кардиолог, терапевт, эндокринолог, офтальмолог, отоларинголог, маммолог, хирург, тіс және УЗИ, ЭКГ бойынша тексеру жұмыстары өткізілді.

– Жалпы біздің емханада 33 мыңнан астам бала тіркеуде тұр. Солардың ішінде 600-ден астамы – осындай дерті немесе ауытқушылықтары, психологиялық аурулары бар ерекше балалар. Олардың бәрін тіркейміз, керек кезінде скринингтен өтеді, ай сайын кейбірі салалық дәрігерлерге қаралып тұрады, ауру жағдайына қарай кейбір балалар 6 ай сайын шақырылып отырады, бірқатары одан да жиі қаралады. Оларды өзімізде оңалтатын арнайы кабинеттерден бөлек, Ұлттық оңалту орталығына да жолдамамен жіберіп отырамыз, сол үшін арнайы квота түсіп тұрады, – дейді педиатрия бөлімшесінің меңгерушісі Айгүл Әбішева.

– Мұндай балалардың, әсіресе мүгедектер арбасындағы балалардың аналары таңертеңнен кешке дейін бала қарап, үйде отырады, ешқайда шыға алмайды. Тіпті көбі өз денсаулығына да қарауға уақыт таппайды. Балалары өскен сайын уақытын соған көбірек арнайды. Бүгінгі іс-шараны сондай ата-аналар үшін дайын­дадық, олардың балаларына арнап концерт қоя отырып, аналарын тексеруден өткіздік, – дейді емхана директоры Динара Байсеркина.

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button