Ел тынысы

Анадолыдан ана тілімізді үйренуге келді

Кастамону университетінің білім алушылары Бөкетов зерттеу университетінде қазақ тілін үйренуде.

Бөкетов зерттеу университетінде «Ұлағат» қазақ тілін оқыту жобасы өз жұмысын бастады. Түркия Республикасының Кастамону университетінен профессор, доктор, филолог-ғалым, Қазіргі Түрік диалектері мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Орхан Сөйлемез бастаған бір топ магистрант, PhD докторант, бакалавриат шәкірттері Қарағандыға қазақ тілін жетілдіруге келді. «Ұлағат» қазақ тілін оқыту бағдарламасы бауырлас екі ел мен екі жоғары оқу орны арасындағы байланысты нығайту, ортақ білім беру бағдарламасын жүзеге асыру арқылы қазақтың тілін, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін шетелдіктерге насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Атажұртқа келген түрік бауырларды университетіміз қазақы қонақжайлығын танытып, құшақ жая қарсы алды. Шашу шашылып, ұлттық дәм ұсынылды. Бөкетов  университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Нұрлан Дулатбеков өз сөзінде түрік бауырларға қазақ тілін үйрету жобасын жүзеге асыруға филолог-ғалым Орхан Сөйлемез мырза мен кәсіпкер, ұлт жанашыры Ерлан Әшім қолдау танытқанын, «Ұлағат» жобасы шеңберінде қонақтарымыз «TURAN EL QAZAQ SPORT» ұлттық спорт және саятшылық орталығына барып, қазақтың ұлттық ойындарын тамашалайтынын атап өтті. «Бөкетов университетінің тіл мамандары Кастамону университетінің білім алушыларына қазақ тілін үйретеді. Алдағы уақытта аталған жоба жанданып, жалғасын тауып жатса, біздің де оқытушылар, PhD докторант пен магистранттар түрік тілін үйреніп, бірлескен ғылыми еңбектер жазуға мүмкіндік алады» деді ректор.

«Ұлағат» бағдарламасы — білім алушылардың қазақ тіліне қызығушылықтарын арттыруды, тіл үйренушінің тұрмыстық, әлеуметтік тақырыптарда сөйлеу біліктілігін жетілдіріп, тіл үйренушінің тіл сауаттылығы мен сөз байлығын, басқалармен қарым-қатынасқа еркін түсуін және ойлау қабілеттері мен дүниетанымдық дағдыларын кеңейтуді, сабақ үдерісінде алған білімдерін тереңдетіп, теорияны практикада қолдану дағдысын қалыптастыруды көздейтін бірегей жоба.

«Кастамону университеті мен Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті арасында ғылыми байланыс нығайып келеді. Жақында Кастамону университетінің ректоры Ахмет Хамди Топал Қарағандыға іссапармен келіп Бөкетов университетінің басшылығымен жүздесіп, академиялық ұтқырлық, тәжірибе алмасу жөніндегі келісімшартқа қол қойды. Кастамону университетінің он бес шәкіртіне Бөкетов университеті филология факультетінің тіл мамандары қазақ тілін үйретеді. Олар бір апта аралығында қазақ тілін, қазақ мәдениетін танып біледі» дейді түрік ғалымы Орхан Сөйлемез.

Қазақ тілін үйренуге ниет білдірген он бес білім алушы ұлттық киім мен әшекей бұйымдардың көрмесін тамашалап, қолөнерден шеберлік сабағына қатысты. Дәрісханада қазақ тілінде алғашқы танысу сабағы өтті. Түрік бауырлар Бөкетов зерттеу университетінің Қарқаралыдағы оқу-далалық базасында қазақ тілі мен түрік тілі арасындағы ұқсастық пен айырмашылықты түсініп, тұрмыстық жағдайда қолданылатын лексиканы меңгеріп, қазақша бейресми қарым-қатынас орната алатын дәрежеге жетеді деген үміт зор. Қазақ тілін меңгерген барлық қатысушылар Бөкетов университетінің сертификатын алады.

Шапағат Әбдір

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button