Қоғам

«Ақшам» қызметкеріне – Президент сыйлығы

Ақмолада жарық көріп, Астанада 30 жылдан астам уақыт бойына басылып келе жатқан, барша республикаға таралатын басылым – «Астана ақшамы» газетінің биылғы төл мереке қарсаңында сүйіншілетер жаңалығы көп. Соның ішінде ең үлкен марапат – «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы, белгілі журналист Төлен Тілеубайдың Мемлекет басшысының өкімімен ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығын иеленуі.

34 жыл ішінде елорданың төл басылымы өсу-өркендеу кезеңінен өтіп, қаланың тыныс-тіршілігін, алған асулары мен жеткен жетістіктерін қалың бұқараға жүйелі жеткізуші ғана емес, ел руханиятындағы, халық тағдырындағы өзекті мәселелерге үн қосатын, мазмұны байыған, ойы кемелденген басылымға айналды. Оқырманның ұдайы үдесінен шығуға ұмтылатын басылымның қол жеткізген жетістігі де бір төбе. Соның бір дәлелі – 2002 жылы «Астана ақшамы» газеті Қазақстан журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығының лауреаты атанды. Басылым 2018 жылы ҚР Президентінің Алғыс хаты мен «Нұр Сұңқар» сыйлығын алды.

Бірнеше журналисі халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты болды. Осы жылдар ішінде аптасына 3 рет жарық көретін газеттің танымалдығы артып, таралымы көбейді. Ұжымда әр жылдарда еңбек еткен қаламы жүйрік журналистердің өзіндік қолтаңбасы қалды. Басылымды кезінде басқарған, бүгінде сенатор Нұртөре Жүсіп те 1998 жылы Президент сыйлығын иеленген болса, қазір газет редакциясын тәжірибелі журналист, 1999 жылы Қазақстан Президенті сыйлығының иегері атанған Еркін Қыдыр басқарып отыр. Міне, енді сол ізбен 2024 жылы газеттің қаламы қарымды журналисі, шеф-редактор, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, «Amanat медиа сыйлығы-2023» республикалық байқауының лауреаты Төлен Тілеубай осы марапаттың иесі атанды. Ол «Жас қазақ үні», «Алтын орда», «Жас қазақ» газеттерінде, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінде, Премьер-министр кеңсесінің үкіметтік басылымдар редакциясында қызмет атқарған.

Еліміздің ақпарат кеңістігінде өзіндік салмағы, орны бар бас қаланың бас газеті – Қазақстан Президенті күнделікті оқып отыратын рес­публикалық басылымдар қатарында. БАҚ қызметкерлерін марапаттау рәсімінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды.
«Журналист – мәртебелі мамандық. Ол – ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Сондықтан біз медиа саласының мамандарына әрдайым зор құрметпен қараймыз» деді Мемлекет басшысы.

Түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырын шешуге атсалысады. Ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған. Қазір де солай. Елорданың төл басылымы да осы мүдде жолында табанды қызметін жалғастыра бермек.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button