Басты ақпаратҚоғам

Арақ ішкен азар, қымыз ішкен озар…

Астана қаласы Ішкі істер Департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері ішімдіктің салдарынан 223 қылмыстық іс тіркелген. Төрт жол-көлік оқиғасы болып, төрт адам жарақат алған. Биылғы мамыр мерекелеріндегі демалыс күндері елордалық автокөлік жүргізушілер тіпті еркінсіп кеткен сыңайлы. Сол күндері алкоголь ішімдігін ішіп, көлік жүргізген 187 адам ұсталыпты. Бұл – полицияның назарына ілінген жағдайлар. Ал арақтың салдарынан бас жарылып, көз шығып жатса да жылы жауып қойылған жайттар қаншама?!

Мына деректі қараңыз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан ресейлік арақтың ең ірі импорттаушысы атағын сақтап қалған. Еліміз көршілерден 27,9 миллион долларға арақ сатып алған. Ашық статистикаға сүйенсек, Израиль $12 млн Ресей арағын сатып алып үшінші орыннан екінші орынға көтерілген, одан кейін Армения $4,5 млн, Грузия $3,9 млн және Әзербайжан $3,5 млн арақ сатып алған.

Оның көрінісі ретінде қаладағы қаптаған «Алкомаркеттерді» айтар едім. Одан бөлек, «Бар», «Паб» сияқты сырасы судай тасыған сыраханалардың жатқан орындардың есебінен жаңыласыз.

Заң бойынша, алкогольдік ішімдіктерді сатуға тыйым салынған орындардың тізімі бекітілген. Сәйкесінше балабақшалар, мектептер, ауруханалар, стадион­дар мен жанармай құю бекеттерінде сатылмауы тиіс. Бұл аз. Қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізіп, арақ сатылатын дүкенді ашық жарнамалатпай, ондай дүкендерге орталық көшелердің бойынан ойып тұрып орын бермей, қалтарысқа қалдыру керек. Жарнамасы жарқырап тұрған дүкенге қарап, бұл жерде адамшылықтан айыратын ішімдік емес, қат нәрсенің саудасы қызып жатқанына қарап, адамдар қалыпты жағдайдай қарап, жаман әдеттен жиренуден қалады.

Бекдайыр КҮЗЕМБАЙ, Астана қаласы Әкелер қауымдастығының төрағасы:

– Бұл өте күрделі мәселе болып тұр. Жақында Ішкі істер департаментіне профилактика жүргізу үшін ұйымдас­тырылған кездесуге бардым. Оған жүз шақты әйелдерін ұрып, отбасының ойранын шығаратын азаматтарды жинап қойған екен. Дені – қырыққа дейінгі тепсе темір үзетін жастар. Жүздері түнеріп, айналасына жауыға қарайды. Қоғамға «өкпелі» жандардың 70 пайызы – өзіміздің қазақтар. Барлығының ішіп алғаны сезіліп тұр. Жиналыс біткен соң бірнешеуіне жақындап: «Бауырым, сен неге осындай жағдайға жеттің?» деп сұрадым. Себеп әртүрлі, жаманы, бойындағы ерік-жігерін, жақсылықтарға жетем деген өмірге ұмтылысын, арманын араққа айырбастап жіберген.

Қоғамдық бірлестіктердің отырыс­тарында бұл мәселелерді көтеріп те жүрміз. Мүмкін, ішімдік саудасын қала сыртына шығарып жіберу керек болар деген ұсыныс та болған. Бірақ ішем деген адам, жердің түбінен болса да, тапсырыс берсе де алдыра алады. Қазіргі күнде осындай тәуекелдің алдын алу және алкоголь мен темекіге қол жеткізуді шектеуде бірсыпыра шектеу бар. 2014 жылдан бастап алкогольдік ішімдіктердің құрамында отыз пайызға дейін этиль спирті болса, сағат 23.00-ден келесі күні таңғы 8.00-ге дейін алкогольді сатуға тыйым салатын заң енгізілді. Оларға алкогольдендірілген шырын, жеміс сусыны, шарап, сыра және т.б., егер ішімдіктің құрамында отыз пайыз және одан да көп этиль спирті болса, сағат 21-ден келесі күні таңғы 12-ге дейін рұқсат жоқ. Оларға арақ, күшті ликерлер және коньяк кіреді. Дегенмен бұл аздық етеді. Әлі де қоғамды сауықтыру мақсатында нақты шешімдер шығарып, жаңа бастамаларға жол берілуі тиіс.

Тахир ХАЛИМНАЗАРОВ, сот-медициналық сарапшы:

– Зорлық-зомбылық оқиғаларының 99 пайызында алкоголь рөл атқарады. Біз нашақорлықпен күресеміз деп көлгірсіп жүрміз, алайда біздің дүкендеріміз бен мейрамханаларымызда ішімдік ағыл-тегіл ағып жатыр. Есірткі немесе алкогольді қолданудың нәтижесі бірдей болғанымен, маскүнемдік ауыр,  жалпыға тән адам қалпын тез жоғалтады. Одан не күтуге болады? Оның адамшылық, мәдениет, этика дегеннен ұғымы жоқ хайуанға айналады. Оның салдары кісі өліміне алып келеді. Адамдар ішуін қоймайынша бұл азғындықтың себебі болады. Біз салдарымен алысамыз.

Арақ – қазақтың атасынан қалған асы емес. Дегенмен ішімдік ішу дәстүріне мықтап бекіген халықтардың ықпалы қазақтарға да сіңгені  белгілі. Осындайда «Ішімдік ішу мәдениеті» деген нәрсе ойымызға оралады. Оның басты мәні мынада екен. Яғни алкогольді ішімдіктерді ішсең іш, бірақ әлеуметтік және материалдық жағдайыңа, денсаулығың мен айналаңдағы адамдарға зиянын келтірмейтіндей таңдау жасау білу, шамасына қарай ішу. Өкініштісі, салынып ішудің салдарынан өзіне де өзгеге де зиян келіп, жақын-жуығы зардабын тартуда. Маскүнемдіктің алдын алудың оңтайлы, тиімді шешімі әлі табылмағандай. Бұл адамның тұлға болып қалыптасу сәтінен басталуы керек, яғни өскелең ұрпақты тәрбиелеуде ішімдіктің зиянын біліп өсуі тиіс.

Ольга РЫЛЬ, «Право» қоғамдық қорының директоры:

– «Бізде арақ ішу мәдениеті жоқ. Отбасылық қарым-қатынастың да жақсы үлгісі насихатталмайды. Балаларды жасынан қыздарды ренжітуге болмайды деп тәрбиелемейміз. Қатыгездіктің үстіне арақ қосылғанда не болатынын, оның ақырын қоғамдық жұмысымыздың барысында көріп жатырмыз. Барлық жерде айтып жүремін, біздер бар күшімізді жас отбасыларға салайық. Олардың шаңырақ көтеріп, сәбилі болған күнінен бастап салауатты өмір салтын үйретейік. Адамдармен, қоғаммен үйлесімді араласып, сол ортаға сіңіп кетуіне күш салайық. Сонда ғана тұрмыс­тағы жағымсыз жайттардан арыламыз. Болғаны болып, бояуы сіңген жайтты түзегенмен, қоғам сауықпайды. Мысалы, таңертең балабақшасына асыққан ана ұлының арқасынан қағып жіберсе, оны көрген бала өзінен әлсіздің желкесінен ұрады. Ересектер стакан соғыстырса, соны көріп-өскен бала да ішімдіктен тартынбайды.

Осылайша, бізде «ішу мәдениетінің» болмауы – адамдардың жасына, жынысына, әлеуметтік орны мен біліктілігі бойынша әртүрлі дәрежедегілердің қажетті жерде мөлшері мен шегін немесе ішуден бас тартуды түсінуге мүмкіндік бермейтінін көреміз. Адамдар өздерінің шарқын  білмейді. Құрдымның алды бір жұтымнан басталатыны санасына жетпейді.

Маскүнемдікпен күрес – жекелеген адамдардың ғана емес, қоғамның атсалысатын мәселесі. Расында да отбасында ересектер татып алмаса, балалары да өскенде жаман әдеттен аулақ болады. Ең бастысы, денсаулыққа қаншалықты зиян екенін білуі тиіс. Тағы да қайталап айтамыз, бұл сусындардың орнына ұлттық өнімдеріміздің қолжетімділігін қарастыру қажет. Оны жиын-тойларда әспеттеп ұлттық сусындарымызды ішудің дәстүрін қалыптастырса, әдетімізге енген арақты «жоқтатпас» еді. Дүкен сөрелерінде сәмсіреген ішімдіктерді жалпы жұрттың көзінен көлегейлеп, оның ашық қалдырмауына мән беру керек. Бұл қиын шаруа емес. Темекі өнім­дері де қазіргі күнде арнайы жәшікке салынып, жабық орында ұстайды.

Елімізде ішімдік ішуге қатысты қалыптасқан жағдайды қайта қарап,  өскелең ұрпақты оның салдарынан сақтау, сондай-ақ олардың мәдени-адамгершілік көзқарасын ішімдік ішуге қарсы етіп қалыптастыру қажеттілігін көп болып талап етуіміз керек.

«Арақ ішкен азар» деген сөз айтылып келеді. Айтыла, айтыла жауыр болған сыңайлы. Бұрынғы кеңестік кезеңмен салыстырғанда қоғам ислам дініне мойынсұнып, оңтүстік халқы арақтан тыйыла бастағандай. Тіпті арақ ішпейтін ауылдар пайда болды. Мұндай жақсы үлгіні насихаттап жатқан ешкім жоқ.

Үлкен қалаларда, әсіресе, Астана қаласында «Салауатты өмір салты» сая­сатының кемістігі жоқ. Зәулім спорт сарайлары, түрлі спорт құрылғыларымен қамтылған залдардан бөлек, аулаларды да жасандырып қойды. Жастар спортпен шұғылдануға тырысады, сыраға үйірсектемейтін, шылым тартпайтындары да жетерлік. Байқаймыз, солардың көбі  «энергетикалық» сусындарға үйір болып алды. Бұл да жақсы емес. Ендеше адам табиғаты қажет ететін болғандықтан, арақ пен сыраны да қорқынышты «Горилланы» да алмастыратын сусынды өз дәстүрімізден іздеп, соның өнімін, қолжетімдігін жолға қоймай болмайды.

 

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button