Елорда тынысы

Ардагер қауымын қолдау қай деңгейде?



Астанада «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің кеңейтілген  төралқа отырысы өтті. Жиынға еліміздегі ардагерлер ұйымдарының басшыларымен қатар Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты.

Бүгінде елордада 120 мыңнан астам егде жастағы адамдар тұрады, оның ішінде 106 807-сі – зейнет жасындағылар, 13 074-і – еңбек өтілі бойынша зейнетке шыққандар, жетеуі –  ҰОС ардагерлері, 1473-і  – тыл ардагерлері. Осы адамдарға қалада қандай әлеуметтік қолдау көрсетілетіні туралы Е.Байкен айтып берді.

– Ардагер қауымын әлеуметтік қолдау жоспары 8 негізгі бағыт бойынша 33 іс-шараны қамтиды, атап айтқанда, аға буын азаматтардың құқықтарын сақтау, материалдық жағдайын жақсарту, жұмыспен көбірек қамту, олармен байланысты денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, әлеуметтік қызмет көрсету деңгейін арттыру көзделеді. Сондай-ақ жоспарды жүзеге асыру аясында емханаларда гериатриялық және геронтологиялық кабинеттері ашылды, мұнда егде жастағы адамдардың денсаулығына және өмір сүру жағдайына көбірек көңіл бөлінеді, – деді Е.Байкен.

Сонымен қатар ол алдағы жаңа жылдан бастап ардагерлер мен зейнеткерлерге арналған санаторийлер санын көбейту көзделіп отырғанын жеткізді. Қалада тұрғындар арасында 4 ауданда орналасқан «Белсенді ұзақ өмір» орталықтарының жұмысы жоғары бағаға ие болған. Бесінші орталықты 2024 жылы Нұра ауданынан ашу көзделуде.

– Бүгінгі таңда «Белсенді ұзақ өмір» орталықтарына 8,5 мың қала тұрғыны тұрақты барады, оның 6318-і әйелдер болса, 2165-і – ер адамдар. Орталықтарда 22 түрлі бағыт бойынша секциялар мен сабақтар өткізіледі. Әр орталықта тренажер залдары, компьютер кластары, вокалмен, шығармашылықпен айналысатын залдар бар. Сондай-ақ мұндай мекемелерде мәдени іс-шаралар, яғни поэзия кештері, кітаптар тұсаукесері де өткізіледі. Мемлекеттік және ағылшын тілі курстары да қарқынды түрде жүргізіледі. Қарттардың қызығушылығына қарай 15 клуб ашылған. Қабылданып жатқан барлық шаралар аға буын азаматтардың белсенді өмір салтын ұйымдастыруға бағытталған. Мұндай жұмыстар жалғасын таба береді, – деді әкімнің орынбасары.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова тәуелсіздік жылдарында бүкіл әлемдегі үрдіске сәйкес Қазақстанда 65 және одан жоғары жастағы адамдар санының өскені байқалғанын жеткізді.

«Осы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 328 мың адамды құрады. Қарттарға құрмет пен қамқорлық көрсету қазақ халқының ұлттық менталитетінің маңыз­ды белгілерінің бірі болған және солай болып қала береді» деді вице-министр.

2021 жылы аталған министрліктің бұйрығымен ардагерлердің жағдайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір» іс-шаралар жоспары бекітілді.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button