Қоғам

Ардагер журналистің асуы

«Құрмет» орденнің иегері журналист Ғалия Құсайын­қызы Балтабайдың таяуда баспадан шыққан «Тұлғалар – ғажап жандар» атты кітабында адами құндылықтарымен ерекшеленген, өзіндік болмысымен көпшіліктің көзіне түскен, өзіндік қолтаңбалары бар қайраткерлер мен қарапайым еңбек адамдары жайында әңгімеленеді.

Биік тұрған таулардың басы ешқашан қосылмаса, сол тауға ұқсап таудай болған адамдардың басы қосылады дегенге осы кітапты оқып отырып көзім жетті. Автор өзі талай жылдар еңбек еткен ақпарат саласында өзі кездескен немесе өзі зерттеген жандардың өмірбаянына етене көңіл бөліп, олардың қоғамдағы  іс-шаралары мен өмір тәжірибелерін көпшіліктің назарына жеткізе білген.

Кітап өте көлемді. Ол «Тұлғалар», «Ғажап жандар» және газет беттерінде соңғы жылдары жарық көрген мақалалар сияқты үш бөлімнен тұрады. Бұл – автордың ұзақ жылдардағы журналистика саласындағы еңбегінің жемісі. Ғалия Балтабайдың бұл кітабын қызыға оқып шықтым. Әсілі, мұндағы ой – кітаптағы кейіпкерлердің көпшілігінің таныс­тығында емес, оның көркемдік жеткізілуі қызықтырды.

Мұндағы әрбір тұлғаны жеке-жеке алып, ширатып, басты кейіпкердің бейнесін көркемдеп суреттейтін болсақ, олар бір-бір көркем туындыға арқау болып шығарында дау жоқ.

Автордың сонымен қатар «Тұғыры биік тұлғалар», «Иса ақын және оның ұрпақтары», «Емші құдіреті», «Әрбір үйге радио қажет», «Есімдері – ел есінде», «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа ұлағат», «Тағдырларды біріктірген –Қазақстан», ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Ақмола облысы», Железин ауданына арналған «Туған жер перзенттері», «Шипасымен шуақ шашқан», «Ұлы Жеңіс ешқашан ұмытылмайды», «Ұлтын ұлықтаған асыл ана», «Өмір шыңы», «Қалдырған ізің мәңгілік», «Жаным жадырады жақсы тілектерден», кішкентай балаларға арналған «Сары қыз» атты кітаптары жарық көрген. Бұдан бұрын да қаламгеріміз оқырмандарынан жақсы пікірлер жинаған, республикамызға танымал журналист.

«Әр адамның өмірі жазылмаған повесть немесе роман» деген екен А.Пузиков «Жизнь Э.Золя» атты тарихи өмірбаяндық шығармада. Шын мәнінде осы қысқа сөздің астарында үлкен ойдың жатқаны айқын. Адамның бүкіл өмірі артта қалар игі істерге арналатыны белгілі.

Кісінің кісілігі, адамның адамдығы заманда емес, сол заманды жасап отырған адамда екенін түсінген жағдайда, әрбір дарын иесіне, ерекше адамға ынта қойып, оның мына ғұмырында атқарған міндеті мен жасаған істерін, өзін қоршаған ортаға көрсеткен ықпалын көріп қана қоймай, оны өзгелерге таныту да – игі істің  бір көрінісі.

Кейде біздер қасымыздағы адамдардың мамандығын білгенімізбен оның жан дүниесін түсіне алдық па? Ол жағы көбіне-көп тасада қалып қояды. Жер бетінде қанша адам болса, сонша тағдыр. Айналып жатқан жер шарының бетінде тер төгіп, еңбек етіп жүрген жандар қаншама. Олардың кейбіреуінің өзі таңдап алған мамандығындағы ерекше қабілетін танып, бағаласақ, оның ішкі дүниесін екінің бірі біле бермейді. Оны байқап, көпшілік жұртқа жеткізе алатын журналист-жазушы екені айдан анық. Олай болса, Ғалия құрбымыздың  публицист-жазушы ретінде тануымыз бекерден бекер емес.

Осы орайда, көзіміз көрген белгілі тұлғалар мен жанымызда жүрген ғажап жандар туралы қалам тербегеннің өзі, сол адамның өмірге деген көзқарасының терең екенін сезбеуіміз де мүмкін емес. Кейіпкерін тауып, таңдап жазатын жан ретінде танылған құрбымызға, әріптесімізге ризашылығымыз жоғары. Өзіміз білетін, естіген, көріп жүрген жандарды есімізге салып, тебіренткенін де жасыра алмаймыз.

Ғалия Құсайынқызының «Тұлғалар – ғажап жандар» деп ат қойып, көп жылдар бойына өзі сол тұлғалармен, ғажап жандармен араласқанын, олар жөнінде жүрекжарды пікірлерін тізгенін көріп отырмыз.

Публицистика – әдебиет пен журналистиканың қоғамдағы көкейкесті, өткір мәселелерін қозғайтын сала. Ол – өмірдің әлеуметтік, өндірістік, ғылыми, мәдени және басқа құбылыстарының өмірдеректерін негіз ететін  әдеби жанр.

Орыс  жазушысы М.Горький публицистикалық очеркті ғылыми-зерттеу мен әдеби шығарманың ортасында тұрған аралық зат, ол болашақ көлемді көркем шығарманың эскизі деген екен. Осындай ойға құралған өзіміздің публицист жазушыларымыз да баршылық.

Ғалия Құсайынқызы – нағыз жазушы, оның алып жүрген тақырыбы нағыз публицистикаға тән көлемді жанр. Көптеген жазушылар өз еңбектерін публицистикадан бастап үлкен жазушылық жолға шыққандары баршамызға белгілі.

Ғалия Құсайынқызы ­Балтабай – қаламы жүйрік, ойлы да көреген қаламгер. Бұл – үлкен еңбектің жемісі. Бұл кітаптың оқырмандарын тәнті етіп, өзі жазған жандардың ризашылығына бөленетініне сеніміміз зор.

Баянды ӘЛПИ,

М.Горький атындағы әдебиет институтының түлегі, қаламгер

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button