Ел тынысы

Асқар Забикулин атындағы кадет сыныбы ашылды



Қызылорда облысының білім басқармасының келісімі бойынша  Қызылорда қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері білім бөліміне қарасты №101 мектептің оқу ғимаратында Асқар Забикулин атындағы кадет сыныбын ашты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Кадет сыныбының оқушыларына құтқарушылардың үлгісі бойынша арнайы нысанды киім және  әскери парадқа киетін нысанды киім әзірленіп, тігілді. Сынып кабинеті арнайы стендтермен, өрт сөндіру-құтқару құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілді.

Асқар Забикулин атындағы кадет сыныбын құрудағы мақсаты  – табиғи және техногендік сипаттағы түрлі төтенше жағдайлар кезінде жедел әрі дұрыс шешім қабылдау білімін, дағдыларын дамыту, өрт қауіпсіздігі саласындағы алдын алу, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйрету, жас ұрпақты патриоттық тәрбиелеу.

Естеріңізге сала кетсек, 2022 жылдың 16 қарашасында Астана қаласында 15 қабатты үйден өрт шығып, салдарынан 3 адам, оның ішінде бір бала ауруханаға түскен болатын. Сол оқиғада бірнеше адамды құтқарған өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің өзінің де денесін 80% күйік шалып, жансақтау бөліміне жатқызылған еді. Өкінішке қарай, 20 қарашада ол ауруханада қайтыс болды. Дәрігерлер оның өмірі үшін бірнеше күн күрескен болатын.

Осы оқиғадан кейін, Мемлекет басшысы ерлік көрсеткен және бірнеше адамның өмірін құтқарған елордалық өрт сөндірушілерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.

Асқар Забикулин I дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. 20 желтоқсанда оған өмірден өткеннен кейін «Алтын адам» сыйлығы табыс етілді.

28 желтоқсанда Астана қалалық мәслихаты шешімімен ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің есімі жаңа көшеге берілді.

Сондай-ақ, бұған дейін Астанада ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулин туралы «Қаһарман» сериалы түсірілді.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button