Басты ақпаратЕлорда тынысы

Астана әлемге танылған күн

Елорда тарихында 1998 жыл ел астанасы атауының өзгеруімен есте қалды. 1997 жылы 10 желтоқсанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының елордасы етіп жариялау жөніндегі Жарлығына қол қойды. Сол сәттен бастап-ақ Ақмола облыс құрамынан шығып, дербес әкімшілік-аумақтық бірлікке айналды. Дәл сол күні Мемлекет басшысының жаңа резиденциясында Президент, Парламент және Үкіметтің бірлескен отырысы өтті. Осылайша, ел астанасын көшіру бастамасы ресми түрде жүзеге аса бастады.

1998 жылдың 6 мамырында Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгерді. 9 мау­сымда Астанада Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммиті өтіп, оған Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан президенттері келді. Ал 10 маусым күні жаңа астананың халықаралық тұсаукесері тойланды. Бұл күні Қазақстан бүкіл әлемге өзінің жаңа, жас, жасампаз елордасы – Астананы таныстырды. Сол күні қайта жөндеуден өтіп, жаңаланған Конгресс-холда Қазақстан Рес­публикасы астанасы мәртебесіне ие болған Астана қаласының ресми тұсаукесеріне арналған мәжіліс өтті. Салтанатты іс-шараға мемлекет басшылары мен делегация жетекшілері, мәртебелі меймандар, Қазақстанның көрнекті әртістері мен ағылшын камералық оркестрі шақырылды. Халықаралық тұсаукесердің негізгі қойылымдары қаладан шыға берістегі Шортанды тас­жолының бойында жаңадан тұрғызылған ипподромда ­ұйымдастырылды. Сол жолы мерекеге жиналған жұрттан көз сүрінді. Жағалай тігілген киіз үйлер, сап түзеген сауда қатарлары – бәрі-бәрі той үшін, төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен келген қонақтар үшін қыз­мет істеп жатты. Мерекенің ең басты қызығы ұлттық ат спортынан өткен сайыстар болды. Көкпар, теңге ілу, аударыспақ, қыз қуу секілді ұлттық өнерімізді тамашалаған шетелдіктер риза еді. 25 шақырымдық аламан бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген жүйрік қосылды. Сол жүзден жүйрік шыққан жамбылдық шабандоз Ернұр Төреқұловқа Президент «Тойота» автокөлігінің кілтін табыстады. Теңге ілуде атбасарлық Жанайдар Аушақиев деген азамат топ жарып, халықаралық тұсаукесер мерекесіне арналған бәйге жарыстарымен қатар қазақ күресінен сайыстар өтті.

Еліміздегі белгілі балуандардың бәрі дерлік қатысқан сол жарыста жамбылдық Сәлкен Жартыбаев «Түйе балуан» атанды. Тұсаукесердің ипподромдағы қызығына кенелген астаналықтар мен шаһар меймандары думанды қала ішіндегі мерекелік карнавалда жалғастырды. Мыңдаған адам Республика даңғылы мен Кенесары көшесінің бойынан жүріп өтті. Шерудің алғы шебіндегі сарбаздар оркестрінің екпінді дабылы көшені жағалай тамашалап тұрған жұртшылықтың көңілін көтере түсті. Концерттік алаңдардың бәрінде Қазақстанның ғана емес, ТМД мен әлемдік эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Әлемге әйгілі Лучано Паваротти, атақты итальян әншісі Тото Кутуньо, сондай-ақ Анне Вески, Филипп Киркоров, Роза Рымбаева, Лайма Вайкуле және басқа да жұлдыздар, Лондон симфониялық оркестрі, «Modern Talking», «А-Студио», «Дуэт L», «Яшлык», «АБК», «На-На» секілді танымал өнер топтары жұртшылықты өнерімен тамсандырды.

Есте қалған тағы бір ақжолтай оқиға Астанада күн батып, орталық алаңда гала-концерт өтіп жатқанда, ғарышта қалықтап жүрген Талғат Мұсабаев үлкен экран арқылы барша қазақстандықты Астана мерекесімен құттықтады.

Астананың халықаралық тұсаукесер рәсімі аясында түркітілді мемлекеттердің V саммиті өтіп, бұл жиынға қатысқан Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан елдерінің басшылары қазақ елінің жас астанасын құттықтаған еді.

1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.

Бүгінде Астана халықаралық маңызы бар түрлі форум, ­конгресс, өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Астана экономикалық форумы және өзге де маңыз­ды халық­аралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Астанада ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері болып өтті. 2011 жылдың басында республиканың елордасы VII қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдады. Қазақстан астанасының төрінде «ЭКСПО-2017» мамандандырыл­ған халықаралық көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған 17 елдің мемлекет және үкімет басшылары қатысты. Олардың қатарында ШЫҰ-ның Астана саммитіне келген ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Ауғанстан Президенті Ашраф Гани Ахмадзай, Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдорж, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди мен Пәкістан Ислам Рес­публикасының ­Премьер-министрі Мухамад Наваз Шариф бар. Сонымен қатар Испания королі Филипп VI, Сербия Президенті Александр Вучич, Люксембург Ұлы Герцогтігінің Премьер-ми­нистрі Ксавье Беттель көрменің ресми ашылуына мәртебелі қонақ ретінде арнайы келген болатын. Аумағы 25 гектарды құрайтын көрме кешенінде 115 мемлекеттің павильоны орналасты.

Еліміздің жаңа елордасы қысқа мерзім ішінде жалпы­ұлттық идея мәртебесіне ие болып, жас мемлекет тәуелсіздігінің символына және жаhандық табысына айналды. Бүгінде Астана – елдің әкімшілік орталығы ғана емес, сонымен қатар ішкі және сыртқы саяси, әлеуметтік, экономикалық мәселелер талқыланатын беделді әлемдік диалог алаңына, дүниежүзілік ауқымдағы іс-шаралар өтетін орын.

Астананың атын әлемге әйгілеген халықаралық тұсаукесер салтанаты – елорда тарихының ұмытылмас жарқын беттерінің бірі. Бұл шараны әлемнің 100-ден аса елінен келген ақпарат өкілдері айшықтап көрсетті. Осы күннен бастап 10 маусым күні 2006 жылға дейін Астананың туған күні ретінде аталып өтетін. Кейін қалалық мәслихаттың шешімімен бұл дата 6 шілдеге ауысты. Ал 2008 жылы мемлекеттік мерекелер тізіміне енді. Яғни 6 шілде Қазақстан бойынша ресми түрде демалыс күні болып есептеледі.

Бүгінде Астана ел мен ұлттың мерейін тасытып, Қазақстанды күллі әлемге әйгілейтін өркениетті шаһарға айналды.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button