Мәдениет

Астана күніне арналды

Астана күнін мерекелеу аясында Астана қаласының әкімдігі мен Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы бірлесе «FILARMONIA FESТ – 2024» жобасын ұсынды.

Филармонияның бас директоры Ерлан Дәкенов шығармашылық ұжымының жетістігіне тоқталып, халықтың рухани кемелділігін арттыруда тынбай еңбектеніп келе жатқандықтарын әрі бұл жолы арнайы елорда күніне орай ұйымдас­тырылған музыкалық іс-шараның орны ерекше екендігін айтады.

– Біздің филармония – ХІХ ғасырдың басынан бері өнердің тамыры соғып тұрған қаланың музыкалық жүрегі, елордадағы ертеден келе жатқан мәдениет мекемелерінің бірі. Бүгінгі таңда филармония құрамында 13 шығармашылық ұжым жемісті еңбек етуде. Қызметкерлер саны 600 адамды құрайды. Елордалық филармония­ның міндеті – әртүрлі бағыттағы музыкалық шығармаларды насихаттай отырып, жоғары ағартушылық қызметті орындау, ағартушылық және мәдени құндылықтарды насихаттау, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, ұлттық және әлемдік өнердің рухани мұрасын сақтау және көбейту. Ал осының бәрін астаналық филармония толық көлемде жүзеге асырып келеді, – дейді аталған филармонияның бас директоры.

Шынымен де дәстүрлі түрде жыл сайын ұйым­дастырылатын ауқымды музыка мерекесі қоғамда мерекелік атмосфера мен жағымды көңіл-күй қалыптастырып, филармонияның шығармашылық ұжымдарының шығармашылығын танымал етіп, жеке брендті қалыптастыруға, отбасылық құндылықтарды дамытуға, өскелең ұрпақтың адамгершілік және көркемдік бағдарларын айқындауға жұмыс істеп келеді.

Тағы бір айта кететін жайт, жоба аясында «Бормен сурет салу» және «Кескіндеме» атты екі номинацияда үздік жұмыстарды марапаттау­мен қатар, «Музыка балалар көзімен» балалар сурет байқауы, «Сарыарқа» халық музыкасы ансамблінің және Симфониялық оркестрдің «Музыкалық аспаптар әлеміне саяхат» атты жас музыканттарға арналған шеберлік сағаттары және филармония алаңында филармонияның барлық ұжымдарының қатысуымен елорданың 26 жылдығына арналған 26 санын құрумен жаппай флешмоб ұйымдастырылды. Сондай-ақ филармония ұжымдарының қатысуымен Есіл өзенінің жағасында және елордалық Арбат бойын­да музыкалық шеру өтті.

Шапағат ӘБДІР

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button