Мәдениет

Астана кубогы сарапқа салынды

Отандық параспорттың арасында ең мықты жетістігімен танымал парапауэрлифтингтен Астана қаласының кубогы өтті.

Парапауэрлифтинг спортын 2016 жылы Рио Паралимпиадасында алғаш рет естідік. Себебі дәл сол кезде осы спорттан Раушан Қойшыбаева тарихи бірінші күміс жүлдені иеленген болатын. Ал Токио Паралимпиадасында Давид Дегтярев бұл көрсеткішті жаңартып, чемпион атанды. Сондықтан да бұл спорт түрі елімізде танымал. Осыған орай елорда төрінде парапауэрлифтингті одан әрі кеңінен дамыту мақсатында тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында бірінші рет Астана қаласының кубогі өткізіліп отыр.

«Парапауэрлифтингтен жарыстар елімізде тұрақты түрде ұйымдастырылады. Ал кубоктік бәсекелердің өткізіліп жатқанына көп болмады. Біріншісі Қарағандыда, кейін Павлодар мен Алматыда өтті. Енді Астана қаласында да бастау алды. Осы турнир арқылы қаладағы үздіктер сұрыпталып, ірі халықаралық жарыстарға баратын спортшылар анықталады» деді жарыстың ұйымдастырушысы Гүлнар Ахмолдина.

Бұл додада Астана қаласынан бөлек, Екібастұздан жалпы 26 параспортшы бас қосты. «2016 жылдан бері осы спорт түрімен айналысып жүрмін. 8 жыл ішінде Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы болдым. Алдағы аптада Тараз қаласында республикалық бәсекеде бақ сынайтын боламыз. Бүгінгі турнир соның алдындағы дайындығымызды пысықтау. Әрине, осы деңгейлі турнирлердің көптеп өтуі спортшылардың жарыс атмосферасын сезінуге, физикалық дайындықты арттыруға септігін тигізеді» деді Сүйіндік Темірбеуұлы атты қатысушысы.

Парапауэрлифтинг спортынан 2023 жылы жазғы Азия Пара ойындарында жерлестеріміз 1 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлде иеленген болатын.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button