Ел тынысы

«Астана – Токио»: екі қала оқушылары бірге онлайн сабақ өткізді



Бүгін Astana English School №81 мамандандырылған гимназиясының оқушылары мен Токио қаласындағы Хигашита бастауыш мектебінің 6-сынып оқушылары арасында алғашқы онлайн сабақ өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. 

Бейнежоба идеясы Әдістемелік орталық пен Жапон мектептері арасындағы ынтымақтастық аясында туындады. Оны жүзеге асыру Токио білім беру кеңесінің Халықаралық алмасу консьерж офисінің көмегімен ұйымдастырылды.

Астана мен Токионы біртұтас білім кеңістігіне қосатын бейнежобаға әр тараптан екі жүзден астам оқушы қатысты. Телекөпір барысында екі елдің оқушылары бір-бірімен танысып, қызығушылықтарымен бөлісіп, өз елдері туралы ақпарат алмасты. Әсіресе, жапондық мектеп оқушылары астаналық құрдастары ұсынған ұлттық киімдер мен домбырада орындалған күйге тәнті болды. Әдеттен тыс, сабақ соңында мектеп оқушылары өз елдерінің әнұрандарын мақтанышпен орындап, артынша бір-біріне сұрақтар қойып жауап берді.

Ағылшын тілін лайықты деңгейде меңгергендіктен, оқушылар телекөпір барысында еркін сөйлесіп жақынырақ таныса алды. Мұндай кездесулер оқушыларға басқа елдің мәдениеті туралы көбірек білуге, достық қарым-қатынас орнатып қана қоймай, бір-бірінің мәдениетін жақсы түсініп, құрметтеуге көмектеседі.

Айта кетейік, ағымдағы жылы Токиодағы Фуджимигаока, Хигашита және Митака Чуо Гакуэн мектептерінің қатысуымен №85 лицейінде және №96 гимназия мектептерінде онлайн сабақтар өтетін болады.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button