Ел тынысы

Астанада Амстердам алаңы ашылды



Нидерланд Премьер-Министрі Марк Рюттенің Қазақстанға жұмыс сапары аясында Астанада Амстердам алаңының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Бұл – Марк Рюттенің Қазақстанға жасаған үшінші жұмыс сапары. Оның Астанаға алғашқы сапары сонау 2010 болған. Одан кейін Қазақстанға 2015 жылы келген.

«Әр келген сайын көрсетілген ілтипат пен қонақжайлылық үшін рақмет. Астанаға қайта келгеніме өте қуаныштымын. Бұл қала өзінің қайнаған энергиясымен, қарқынды дамуымен және тамаша адамдарымен мені әр уақытта таңғалдырады. Бүгін осы шаһарда болу мен үшін үлкен мәртебе! Бұл күн Қазақстан мен Нидерланд арасындағы берік байланысты айқындап тұр. Біздің ынтымақтастығымыз тек үкіметтік ортада ғана емес, сонымен қатар су ресурстарын басқару саласында да бірте-бірте жақсарып келеді. Біз екі елдің тұрғындары арасында іскерлік пен ұжымдық жұмысты дамытуға ықпал ететін достық қарым-қатынас орнатқанымызға қуаныштымыз. Осындай достардың қатарында болғанымды мақтан тұтамын. Осы ерекше күн үшін тағы да алғысымды білдіргім келеді», – деді Марк Рютте алаңның ашылу салтанатында.

2015 жылдың күзінде Нидерландтың ең ірі қалаларының бірі Роттердамда Астана алаңы ашылған болатын. Премьер-Министрдің орынбасары – Үкімет аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаев атап өткендей, бүгінгі іс-шара елдер арасындағы достық қарым-қатынастың тағы бір дәлелі.

«Астанада Амстердам алаңының ашылуы – Нидерландтың Қазақстанмен ынтымақтастығындағы маңызды оқиға. Халықтар арасындағы берік байланысты растайтын және елдер арасындағы мәдени алмасуға жәрдемдесетін оқиға. Біз ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Сонымен қатар Нидерландтың су тасқынына қарсы күресте алғашқылардың бірі болып көмек қолын созғанын атап өткім келеді. Нидерланд – біздің экономикаға ең ірі инвестор. Жылдар өткен сайын ынтымақтастығымыз нығая түседі деп сенемін», – деді Ғалымжан Қойшыбаев.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button