Білім

Астанада балабақшаға 66 мың бала барады



Астана қаласының коммуникациялар қызметінде қаладағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қызметі туралы Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Сенғазыев Қасымхан Сенғазыұлының қатысуымен брифинг өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.     

Бүгінгі күні Астана қаласында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісі 66 119 баланы қамтитын 532 мекемені құрайды. Қазіргі уақытта «INDIGO: электрондық балабақша» электрондық порталында 47 274 бала кезекке тіркелген. 2023 жылдан бастап ата-аналарға қолдау көрсету мақсатында 100 балабақшада баланы «Индиго» жүйесіне кезекке қою, балабақшадан орын алу сынды мәселелерге қатысты  100 консультациялық пункт жұмыс істеуде. Бүгінге дейін Астана қаласы бойынша 3 мыңға жуық ата-ана мен балаға көмек көрсетілген.

Астана қаласының Білім басқармасы «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндама жобасы аясында бірқатар жұмыстар атқаруда. Жоба аясында 2024 жылы балаларды балабақшамен барынша қамтуға қол жеткізу үшін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына 10317 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту жоспарланған. Өткен жылы да 10317 орынға мемлекеттік тапсырыс берілген екен.

Осы жылы мектепке дейінгі ұйымдар желісін ұлғайту мақсатында жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында қадамдық қолжетімділік қағидаты бойынша бірқатар жаңа  балабақшалар ашылған. 2029 жылға дейін 60 балабақша салу жоспарлануда. Бүгінгі күні 10 балабақшаның жер телімдері белгіленіп, жобалау жұмыстары басталған. Бұдан басқа, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға мемлекеттік қызмет көрсету шеңберін кеңейту жоспарлануда.

Балабақшаларда заңсыз тіркелген балаларды анықтау мақсатында табельдеу процесі цифрландырылған. Өткен жылдың 1 желтоқсанынан бастап INDIGO24 сайтында ата-ананың жеке кабинетінде «Келушілер табелін верификациялау» модулі іске қосылған. Бұл ата-аналарға балаларының балабақшаға барған, бармағанын ашық көрсетіп, табельдеу бойынша толығымен ақпарат алуға, бақылауға мүмкіндік берді.

Былтырғы жылдың қыркүйек айынан бастап қалада әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 10 874 мектепке дейінгі бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Білім басқармасы 2023 жылы тамақтануды бақылаудың «Электрондық балабақша» пилоттық жобасын енгізген.

 

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button