Ел тынысы

Астанада кітапхана саласындағы әлемдік сарапшылар бас қосады



2024 жылғы 29-31 мамырда Астанада ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің және Жоғары оқу орындары кітапханалары қауымдастығының қолдауымен Халықаралық кітапхана қауымдастықтары федерациясымен (IFLA) ынтымақтастықта XIII Еуразиялық академиялық кітапханалар конференциясы өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Конференцияның тақырыбы – кітапхана саласының болашағы үшін бірлестіктер мен серіктестіктерді дамыту.

Оған АҚШ, Қытай, Әзербайжан, Үндістан, Португалия, Хорватия, Ресей, Уругвай және Финляндия сияқты елдерден келген сарапшылар қатыспақ.

NU-дың кітапхана директоры мен академиялық істер жөніндегі вице-провосты, ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі, IFLA “Кітапхана қауымдастықтарының менеджменті” секциясының басшысы және ҚР Жоғары оқу орындары кітапханалары қауымдастығының президенті сөз сөйлеп, ресми түрде конференцияны ашпақ.

Конференцияда Брюссельдегі БҰҰ-ның өңірлік ақпарат орталығының директоры Шерри Алдис кітапханалардың БҰҰ-мен ынтымақтастығы туралы айтып, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы директорының орынбасары Нұржан Жолдыбалинов Қазақстанда Бірыңғай автоматтандырылған кітапханалық ақпарат жүйесін енгізудің артықшылықтары және перспективаларымен бөліспек.

Сонымен қатар шара аясында кітапханалық қызметтерді жақсарту үшін жасанды интеллектті пайдалану бойынша шеберлік класы өткізіледі. Шара соңында сертификаттар табысталып, бизнес-кездесу болмақ.

Жыл сайын өтетін Еуразиялық академиялық кітапханалар конференциясы – кітапханадағы ақпараттық қызметтерді дамытудың өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылауға мүмкіндік беретін маңызды алаң.

Анықтама: NU кітапханасы 2010 жылы құрылған және бүгінгі таңда Орталық Азиядағы ең озық кітапханалардың бірі. 2018 жылы ол оқырмандарына 24/7 режимінде есігін ашқан алғашқы университеттік кітапханалардың бірі болды.

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button