Ел тынысы

Астанада тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері сөз болды



Тұтынушылардың құқығын қорғау – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі.  Сауда-саттық кезінде сапасыз зат сатып алу, тауар бағасының дұрыс көрсетілмеуі сынды түрлі жағдаймен жыл басынан бері тұтынушылардан 2103 өтініш түскен. Оның ішінде «E-otinish» платформасы және электрондық үкімет порталы арқылы – 1542 өтінішпен жүгінген. Бұл туралы бүгін Астана коммуникациялар орталығында өткен брифингте Астана қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысы орынбасарының м.а. Мәдина Мусина мәлімдеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жұмыс барысында  987 тұтынушыға түсініктеме берілсе,  295 өтініш құзыреті бойынша басқа мемлекеттік органға жіберілді. 260 жағдайда тұтынушылардың мәселесі шешімін тапты. Тұтынушыларға ақшалай қаражатты қайтару сомасы – 135 млн.теңгені құрады. Сондай-ақ, «Telegram Bot» арқылы жүгінген 115 өтініш бойынша тұтынушылардың сұрақтарына толықтай түсініктемелер берілді. Азаматтарды жеке қабылдау барысында 244 тұтынушының мәселесі тыңдалды.  Жедел желі телефонына 202 тұтынушыдан қоңырау түсті,  әрбір сұраққа департамент тарапынан заңға сәйкес кеңестер берілді. Шағымдарға жүргізілген талдау кәсіпкерлер тарапынан тұтынушылардың құқықтарын бұзу деректері, бизнестің сапасыз тауарларды сатуын, сондай-ақ, сапасыз жұмыстар мен қызметтердің деңгейін көрсетеді.

-Мәселен, ағымдағы жылы сатушының (дайындаушының, орындаушының) күнтізбелік он күн мерзімде тұтынушының шағымына жазбаша жауап бермеу бөлігінде құқықтары мен заңды мүдделерін бұзғаны үшін 65 кәсіпкер «Ескерту» түрінде ӘЖ-ке тартылған. Егер де кәсіпкер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін, бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда, жеке тұлғаларға – 10, ШК субъектілеріне – 20, ОК субъектілеріне – 30, ІК субъектілеріне – 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Бұдан бөлек Департамент заңға қайшы әрекеттердің алдын-алу мақсатында тұтынушылар арасында сауалнама жүргізіп тұрады. Былтыр ел бойынша 10 мыңнан астам респонденттен жауап алынып, талдау жасалған. Сауалнама қорытындысы бойынша тұрғындар өнім сапасы, оның ішінде жарамдылық мерзімі, сақтау нормалары, заң бойынша талап етілетін азық-түлік туралы ақпараттың жоқтығына шағымданған, – деді спикер.

Сондай-ақ, ҚР Сауда және интеграция министрлігі құрған штаб жұмысының нәтижесінде импорттық өнімнің көптеген түрлері зерттелініп, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы нормативтердің бұзылуы анықталды. Нәтижесінде Министрлік тамақ өнімдерінің сәйкестігі туралы декларациялардың күшін, сәйкестікті бағалау туралы құжаттардың күшін жояды. 2023 жылдың соңынан бастап ішкі нарықты қорғауға және отандық өндірушілерді қолдауға, сондай-ақ тұтынушыларды қауіпсіз және сапалы тауарлармен қамтамасыз етуге бағытталған «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасы іске асырылуда. Заң қоғамдық бірлестіктерге келесі мүмкіндіктерді береді:

-тауардың тұтынушылық қасиеттерін зерттеу;

– тауардың сапасы мен қауіпсіздігіне сараптама жүргізуге бастамашылық жасау;

– өнімнің сапасы туралы қоғамдық пікірді анықтау үшін халыққа сауалнама жүргізу;

– тауардың сапасын бағалау мақсатында мемлекеттік органдарға жүгіну;

– тұтынушылардың мүддесі үшін сотқа талап қою;

– өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін зерттеу нәтижелері туралы ақпаратты тарату.

Сонымен қатар, осы функцияны іске асыру кезінде қоғам белсенділері тауарды сату орындарына барған кезде жасалатын барлық әрекеттерді фото, аудио, бейнетіркеуді қолдануға құқылы. 2024 жылдың мамыр айын қоса алғанда «Сапалы Өнім» жобасы аясында қоғамдық бірлестіктермен жеті өнім атауы бойынша зерттеу жүргізіліп, екі өнімнен зерттеу нәтижесінде мыспен темірдің артық мөлшерлері табылды. Осы орайда сараптама нәтижелерінің қорытыныдылары құзырлы органдарға жолданып, сатылымнан тоқтату жұмыстары жүзеге асырылады.

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button