Ел тынысы

Астанада ҮЕҰ өкілдері өзекті мәселелерді талқылады



Елордада қала әкімдігі жанындағы ҮЕҰ мен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі Консультативтік кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыс Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлады astana-akshamy.kz.

Үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы беделі мен имиджін арттыру мақсатында өткен жиынға елордалық үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық ұйымдар, консультативтік кеңес мүшелері, сарапшылар мен белсенділер жиналды.

Жиынға Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева қатысып, Үкіметтік емес ұйым өкілдерінің кәсіби мерекесімен құттықтады.

«Бүгін Дүниежүзі бойынша ҮЕҰ күні атап өтіліп жатыр. Барлық ұйым өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтаймын! Бүкіл әлемде Үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдық маңызы бар институт ретіндегі қызметі жоғары бағаланады. Елімізде ҮЕҰ мемлекеттік саясатты қалыптастыруға, мемлекеттің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жүйесін құрудағы заманауи тәсілдерді іске асыруға қатысатын азаматтық қоғамның неғұрлым белсенді бөлігі болып саналады. Бүгінгі жиынға қатысып отырған барлық ұйым қоғамда өз орнын алып үлгерді. Алдағы уақытта да өз мақсатымыз бойынша игі істер атқара береміз деп үміттенемін», – деді Бану Нұрғазиева.

Осыдан кейін сөз алған қалалық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Мирас Әбдірахманның айтуынша, былтыр елордада ҮЕҰ қатысуымен 35 әлеуметтік жоба іске асқан.

«Елордада қоғамдық ұйымдардың қатысуымен түйіткілді мәселелер шешіліп келеді. Бүгінде мұндай ұйымдар мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпірге айналды. Елордалық ҮЕҰ әртүрлі әлеуметтік жобаларды іске асырып жүр. Жыл сайын әлеуметтік жобалар саны артып келеді. Былтыр қалалық үкіметтік емес ұйымдармен бірге 35 әлеуметтік жоба іске асырылды. Биыл 50-ге жуық осындай жобаны іске асыру жоспарланып отыр», – деді М.Әбдірахман.

Жиын соңында белсенді әрекет етіп жүрген бірқатар ҮЕҰ өкілдері Алғыс хатпен марапатталды.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button