Ел тынысы

Астанада үш бірдей кассациялық сот құрылады

Мәжіліс депутаттары кейбір заңнамалық актілерге сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлады astana-akshamy.kz. 

Заң жобасы Қылмыстық-процестік кодекске, Азаматтық процестік кодекске, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске және тағы бірқатар басқа заңға түзету енгізуді көздейді.

Мәжілістегі заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашеваның айтуынша, Жоғарғы соттағы кассациялық сатының қазіргі үлгісі азаматтардың сұранысын толық қанағаттандырмайды.

«Қазір азаматтық істер бойынша түскен шағымды бір судья қарап, оны үштікке беру немесе бермеу туралы біржақты шешім қабылдайды. Салдарынан азаматтық және қылмыстық істердің тек 5%-ы ғана кассациялық қайта қарауға жетеді. Жаңа модель елордада үш кассациялық сотты, яғни қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша соттарды құруды көздейді», — деді депутат.

Осы заң жобасын пысықтаған жұмыс тобының қарауына мынандай ұсыныстар енгізілген:

— кассацияға істер алдын ала қараусыз үш судьядан тұратын алқаға тікелей түсетін болады;
— кассациялық сотта істерді қарау мерзімі 6 айдан аспайды;
— сот процесі тараптарды шақыра отырып, ауызша жүргізіледі.

«Кассациялық соттардың құрылуымен Жоғарғы cоттың рөлі де өзгереді. Оның жұмысы сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуге бағытталады. Сот актілерін Жоғарғы сот судьясының ұсынуы бойынша ерекше жағдайларда Жоғарғы сотта қайта қарау мүмкін болады. Ұсынылған жаңа механизм Жоғарғы сот төрағасының ұсынысы институтын ауыртпалықсыз жоюға мүмкіндік береді. Реформаның іргелі сипатын ескере отырып, оны іске қосу мерзімін 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап іске асыру ұсынылады. Жаңа сот реформасы қолданыстағы штат санын кеңейтусіз және қосымша қаржылық шығындарсыз жүзеге асырылады», — деді Снежанна Имашева.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button