Басты ақпаратҚоғам

Ата аманатына адалдық

Осыдан бес жыл бұрын құрылған «Atamnyn аmanaty» қоғамдық бірлестігінің басты миссиясы «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейтін қазақтың бір ауыз сөзімен тікелей байланысты. Оның басы-қасында осынау тәмсілдің таудай салмағын сезініп, игілікті іске бел шеше кіріскен белсенді азаматтар жүр. Із-түссіз кеткен әкесінің дерегі табаны күректей сексен жыл өткен соң табылып, қабіріне туған жердің бір уыс топырағын апарып тұрып егілген қарияны көргенде еріктілер еңбегінің зая еместігін сезінесің.

Жеті атасына дейін жетік білген қазақ қашаннан іздеусіз, жоқтау­сыз қалғаннан қорыққан. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, үзілмей келе жатқан ұлы дәстүр. Ендеше сол көбінің артындағы ұрпағы да қалмаған 271 мыңнан астам боздақты  іздемеу, жоқтамау ендігі жерде елдігімізге сын болар еді. Былтыр бірінші рет 22 маусымда Қазақстандағы барлық мешіттер мен шіркеулерде бір мезгілде хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің рухына арнайы құран бағышталып, дұға оқылды. Аталған бірлестік осы игілікті істі жыл сайын дәстүрге айналдырмақ ниетте.

«Atamnyn аmanaty» өз жұмысын негізі үш бағыт бойынша жүргізеді. Бірінші бағыт, майдангерлерді әскери құжаттары бойынша архивтерден, түрлі форумдар мен қауымдастықтар арқылы іздестіру. Екінші бағыт – майдан даласында тікелей қазба жұмыстарын жүргізу. Бірлестіктің еріктілер тобы жыл сайын Калуга облысында өтетін «Батыс майданы. Варшава тас жолы» халықаралық әскери-тарихи экспедициясына қатысады. Биыл да барып қайтты. Үшінші бағыт – ел ішінен туыстарын іздестіру, яғни ТМД ғана емес, бүкіл Еуропа мемлекеттерінің аумағында қаншама жерлес­теріміз жатыр. Олардың көбі Еуропаны (Сербия, Венгрия, Германия, Польша, Латвия және тағы басқа елдерді) азат ету барысында шейіт болса, енді біразы тұтқынға түсіп, конц­лагерьлерде қаза тапқандар.

– Қазір біздің қолымызда елден тысқары жерде мәңгілік мекенін тапқан 20 мыңға жуық қазақстандықтың тізімі бар. Соларды облыс-облыс бойынша бөліп, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды бастап та кеттік. Іздестіру барысында жүректі шымырлатар оқиғалар мен қилы тағдырлар жиі кездеседі. Олар туралы сағаттап айтуға болады, – дейді бірлестіктің Басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев.

Биыл қыркүйек айында «Atamnyn аmanaty» қоғамдық бірлестігі Алматыда «Ортақ тарих. Ортақ жеңіс. Ортақ көзқарас» атты халықаралық конференция өткізді. Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған бұл форум ТМД елдеріндегі үкіметтік емес ұйымдар мен іздестіру қозғалыстарының өзара іс-қимылы үшін ашық диалог алаңына айналды десе болады. Бірлестік еліміздегі орта мектептер мен жоғары оқу орындарында жастармен тәрбие жұмысын біршама жолға қойған. Өкінішке қарай, бұл ретте назардан тыс қалып отыр­ған екі әлеуметтік топ бар, олар – жұмысшы жастар мен орта-арнайы білім беретін оқу орындарының студенттері.

– Өскелең ұрпақ өзінің өткен тарихын білуі тиіс. Мәселен, биыл «Аталар аманатына адалмыз» атты акция өткізіп, онда әрбір колледждің студенттері Қазақстанда жасақталып, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан дивизиялар мен құрмалардың тарихын, майдан жолын зерттеп, солар жөнінде ғылыми-іздестіру жұмыстарын жасады. Сол зерттеулердің барысында «Даналық» колледжінің студенттері даңқты 101-атқыштар бригадасының соңғы көзі тірі солдатын – 102 жастағы майдангерді тапқан еді. Өкінішке қарай, Ржев түбіндегі қанды шайқасқа қатысып, соғыс­ты Кеннигсбергте аяқтаған Сатылған Бекмағамбетов ақсақалдың қайтыс болғаны туралы қаралы хабар Ақтөбе қаласына күні кеше жетті. Батырдың топырағы торқа болсын! Оның өмір жолы жас ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала бермек, – дейді басқарма төрағасы.

Бірлестік өкілдері Астана қаласының бір топ студенттерін қала түбіндегі Ұлттық ұланға қарасты әскери бөлімге алып барды. Жасөспірімдер казармадан бастап, қару-жарақ, әскери техникалармен, иісшіл иттермен танысып, солдат ботқасынан дәм татып, жауынгерлік өмірмен етене танысты. Бір күннің ішінде олардың әскери қызметке деген көзқарастары түбегейлі өзгерді деуге болады. Көбі бұрынғы ойларынан айнып, қажет болса, Отан қорғаушысы ретінде сапқа тұруға тілек білдірді.

Қазіргі таңда «Atamnyn аmanaty» қоғамдық бірлестігі әскери-патриоттық тәрбиені жандандыру бағытында бірқатар жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде әскери өнердің әліппесін үйрету мақсатында далалық жиындарды жиірек өткізу жоспарда бар. Мысалы, екі мәрте Кеңес Одағының батыры Т.Бигелдинов атындағы ҚР КК Әуе Күштерінің Әскери институтының базасында курсанттар демалысқа кеткен мезгілде балалар мен жасөспрімдер үшін жазғы жиын ұйымдастыру ұсынылмақ. Жиын барысында олар осы жоғары оқу орнының тыныс-тіршілігімен, әскери ұшақтардың түрлерімен жақынырақ танысып, болашақ ұшқыштар машықтанатын тренажерлерді тікелей басқарып көреді. Жастардың бойында отансүйгіштік рухты сіңіру үшін осындай іс-шаралар ауадай қажет.

Бұдан бөлек, бірлестік ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектептерімен де тығыз қарым-қатынас жасап, арнайы жоспар бойынша жұмыс істеуде. Бүгінгі күні әскери-патриоттық тәрбие беру саласында жүйелі көзқарастың жоқтығы байқалады. Оған мүдделі тараптар арасындағы ведомствоаралық өзара бірыңғай іс-қимылдың болмауы да өз әсерін тигізуде. Сонымен қатар, бұл салада ұрпақтардың ауысуын ескере отырып, қазіргі жастардың кумирі кімдер және олар нені қалайды деген мәселелерді зерделеу арқылы жүйелі жұмыс жасаған жөн.

– 2030 жылға дейінгі Әскери-патриоттық тәрбие тұжырымдамасының жобасы Үкімет қаулысымен бекітілген соң «Atamnyn аmanaty» қоғамдық бірлестігі де соны жүзеге асыруға белсене араласып, ортақ іске өз үлесін қосатын болады. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында «Белгісіз қазақстандық сарбаз» монументін орнатуды ұсынып отырмыз. Осылайша біз бостандық жолында қаза тапқан боздақтардың алдындағы азаматтық парызымызды орындаймыз. Бұл ескерткіш соғыста хабар-ошарсыз кеткен немесе қайда жерленгені белгісіз барлық отандастарымыз­дың рухына тағзым ететін көпшілік орынға айналар еді, – ­дейді ­­­М. Молдағалиев.

«Atamnyn аmanaty» ҚБ жастарды рухани-адамгершілік, әскери-патриоттық тәрбиелеуге бағытталған жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруда. Биыл бұл шаралар Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманының армия генералы С.Нұрмағамбетовтың 100 жылдығын және Халық Қаһарманы Р.Қошқарбаев­тың 100 жылдығын мерекелеу аясында өтуде. «Қазақстандықтардың Екінші дүниежүзілік соғыс майдандарындағы ерлігі» тақырыбындағы «Батыр баба тарих» викторинасы 2024 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында өтті. Жарысқа 30 команда қатысты. Зияткерлік ойынның финалына «Көлік және коммуникациялар жоғары колледжі», «Астана халықаралық университетінің» педагогикалық колледжі», З.Г.Мырзағұлова атындағы жоғары «Дана­лық» медициналық колледжі, ­­«М.Жұмабаев атындағы халық­аралық колледж», «Шипагер» медициналық колледжі, «Сервис және туризм колледжі» командалары шықты.

Сонымен қатар, Астана қаласындағы Достық үйінде «Аталар аманатына адалмыз» атты дөңгелек үстел өткізілді. Оған аты аңызға айналған батырлардың ұрпақтары – Лира Нұрмағамбетова мен Дәурен Қошқарбаев, белгілі ғалымдар мен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің өкілдері қатысты. Орта арнаулы оқу орындары мен «Атамның аманаты» қоғамдық ұйымы арасында жастарды патриоттыққа рухта тәрбиелеу бойынша қол қойылған меморандумға сәйкес, 2022-2024 оқу жылында белсенді қызмет атқарған колледждер Кеңес Одағының Батыры – қазақстандықтардың ерліктері туралы баяндамалар дайындады. Бұл шара ұрпақтар сабақтастықтығының символына айналып, жастардың бойында рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайта түспек.

Астанадағы Триатлон паркте өткен  5 және 10 шақырымдық жарыс Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, тұңғыш қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық Қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың жүз жылдық мерейтойы аясындағы бір айтулы шара болды. Жарыс «Atamnyn аmanaty» ҚБ мен ҚР Қорғаныс министрлігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылды. Оған Қарулы Күштердің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның мыңға жуық әскери қызметшілері мен төрт жүзден астам кәсіби желаяқ­тар мен спорт әуесқойлары қатысты. Сондай-ақ бірлестік  ҚР Құрлық әскерлерінің Ақмола гарнизонында орналасқан 68655 әскери бөлімінде елордалық студенттерге арналған «Ашық есік күнін» ұйымдастырды. Онда болашақ Отан қорғаушылар сарбаздардың тұрмыс жағдайын өз көздерімен көрді, салтанатты әскери ант қабылдауға куә болып, қару-жарақ пен әскери техника түрлерімен танысты. Бұл іс-шара жастар арасында әскери қызмет мәртебесін көтеруге, патриоттық сезімдерін дамытуға ықпал етті.

Жақында бірлестік бастамасымен осымен екінші рет рет Қазақстанның барлық мешіттерінде бір мезгілде Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан және хабарсыз кеткен боздақтардың рухына арнап құран бағышталып, дұға жасалды. Қан майданға Қазақстаннан 1,5 млн адам аттанып, оның 630 мыңы опат болды, 271 мыңнан астамы хабар-ошарсыз кетті. Көбінің артында ұрпағы да қалған жоқ. Сондықтан бұл – Отан үшін шейіт болған боздақтардың алдындағы борышымыз. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді қазақ атам. Олай болса, өткен тарихты жастардың есіне үнемі салып отыруымыз керек. Өйткені ата-бабамыз аманат етіп қалдырған ел мен жердің иесі де – өсіп келе жатқан жас ұрпақ.

– Бұл ретте еріктілердің жанқиярлық еңбегін ерекше атап өту керек. Олар өздерінің уақыты мен күш-жігерін аямай майдан даласында қазба жұмыстарымен, мұрағаттар мен түрлі форумдар арқылы деректер іздеумен айналысады. Араға 80 жыл салып  атажұртқа оралған сол сарбаздардың тікелей ұрпақтарының, туған-туыстарының алғыс сөздері мен қуанышты көз жасы еріктілер еңбегінің өтеуі болып табылады» дейді «Атамның аманаты» ұйымының басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев.

Осындай игілігі мен сауабы мол шаралар еліміздің аумағында орналасқан барлық православие шіркеулері мен католик храмдарында да өткізілді.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button