Қала мен Сала

Аулалар абаттанып, кеңістіктер көбейді

Астанада аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Қала әкімі Жеңіс Қасымбек осы жылы 170 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылғанын, олардың бір бөлігі қазірдің өзінде аяқталып қалғанын айтқан болатын.

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай елордада 20-дан астам аула мен қоғамдық кеңістік ашылды. Астананың Алматы, Байқоңыр, Есіл, Нұра және Сарыарқа аудандарында абаттандыру жұмысы ауқымды жүруде.

Биыл Байқоңыр ауданында 44 аула аумағы мен 6 қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 22 аула «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша жүзеге асады. Бүгінгі таңда 3 аула абаттандырылып, тұрғындар игілігіне берілді. Сонымен қатар 70 аула аумағында жөндеу-қалпына келтіру жұмысы жүргізіледі. Бөгенбай батыр даңғылындағы қоғамдық кеңістікте абаттандыру жұмысы аяқталуға жақын. Қазіргі таңда аталған аумақта асфальт жабынын төсеу жұмысы жүргізілуде. «Өндіріс» тұрғын алабында бұрын-соңды мүлде абаттандырылмаған Тайбурыл көшесі, 7А мекенжайында абаттандыру жұмысы жүргізілді. Аталған аула аумағында балалар ойын алаңқайы, спорт алаңы жайластырылады, сондай-ақ тұрғындардың ыңғайлылығы үшін кеспе тастардан тротуар төселеді.

Алматы ауданында тағы бір жаяу жүргіншілер кеңістігі пайда болады. Қазіргі уақытта Ақбұлақ өзенінің жағасынан Б.Момышұлы даңғылына де­йін созылып жатқан ауданның маңызды артериясы – Тәуелсіздік даңғылының жаяу жүргіншілер кеңістігін дамыту бо­йынша жұмыс жалғасуда. Сондай-ақ Тәуелсіздік даңғылы, 6/1 және Тәуелсіздік даңғылы мен Күйші Дина көшесінің қиылысында тағы 2 скверді абаттандыру белсенді жүруде. Жұмыс­тарға тұрғындарға жайлы демалыс орындарын қамтамасыз ету үшін көлеңкелі шатырлар жасау кіреді. Ерекше қолдауды қажет ететіндер үшін кедергісіз орта құрылады, бұл оларға жаяу жүргіншілер аймақтарында еркін жүруге мүмкіндік береді. Жағымды атмосфера мен жайлы ортаны қамтамасыз ету үшін көгалдандыруға және көлеңкелі шатырлар жасауға ерекше назар аударылады. Сондай-ақ Алматы ауданында 2 қоғамдық кеңістікті: Т.Жүргенов көшесі мен Ақбұлақ өзенінің жағалауын абаттандыру жұмысы қатар жүруде.

Нұра ауданының аумағындағы «Жағалау» шағын ауданында 18 гектар аумақты кешенді абаттандыру жүргізілуде. Жұмыс аясында 2 сквер және 7 балалар алаңы абаттандырылады. Жол инфрақұрылымын жақсарту үшін 20 бейнебақылау камерасы, 150 саябақ жарықтандыру тірегі 150 қосымша тұрақ орнын жабдықтап, жөндейді, 9 шақырым тротуар желісін салады. Абаттандыру аумағында және іргелес көшелердің бойында 1125 ағаш отырғызылды. Жұмыстар 10 мыңнан астам астаналық тұратын 19 үйдің ауласында жүруде. Сонымен қатар биыл осы ауданда 3 гүлзар орнатылады. Бұрын сауда орталықтарының құрылысы жоспарланған Тұран даңғылында жүздеген жасыл алаңы бар 2 жаңа қоғамдық кеңістік пайда болады. Сондай-ақ ЕК-32 көшесінде түрікмен ақыны Махтумкулидің құрметіне саябақ салынып, оған ескерткіш орнатылады.

Сарыарқа ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында Д.Бабатайұлы көшесіндегі 6, 8, 14, 16, 18 және Кең дала көшесі, 2 үйлердің аулалары күрделі жөндеуден өтті. Осы жылы аудан аумағында қазіргі заманғы жайлылық пен қауіпсіздік стандарттарын ескере отырып, Юбилейная көшесі, 22 және Жеңіс даңғылы, 34 мекенжайы бойынша 2 жаңа қоғамдық кеңістік пайда болады.

Есіл ауданындағы «Пригородный» тұрғын алабында Қабанбай батыр даңғылы, 105 және Қабанбай батыр даңғылы 105 «А» мекенжайы бойынша аула аумақтары ашылды. Сондай-ақ бірқатар мекенжай бо­йынша жөндеу-қалпына келтіру жұмысы жүргізілуде.

 

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button