Басты ақпаратЕл тынысы

Азаттыққа ұмтылыс



Тәуелсіздікке жол ашқан, Желтоқсан оқиғасына қатысқандар арамызда аз емес. Соның бірі – Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрам ҚАЙСАНОВ. Мереке қарсаңында Мейрам Иебекұлына жолығып, сұхбаттасқан едік.

– Мейрам Иебекұлы, сіз алаңға саналы түрде бардыңыз, ал онда барғандардың барлығы солай барды деп ойлайсыз ба?

– 1986 жылы желтоқсанның 16-сы күні теледидарды қосқанымда, диктор Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің кезектен тыс пленумы өткенін, Дінмұхамед Ахметұлы ­Қонаевтың өз еркімен қыз­меттен кеткенін жеткізді. Мен ес білгелі үлкен қызметте жүрген, халқымыздың ең құрметті кісісі саналатын тұлғаның әп-сәтте жұмыстан алынуы бәрімізге қатты әсер етті. Әскерден келген кезім, 20 жастамын, саясаттан онша хабарым жоқ, бірақ жастай қалаға келіп, 19 мектебі бар Талдықорғандағы жалғыз қазақ тілінде оқытатын мектеп-интернатта оқыған соң ұлтқа, тілге деген жанашыр­лық бізге ана сүтімен бірге дарыған еді, мына оқиғаны үлкен алаңдаушылықпен қабылдадық. Ол кезде мен Алматы театр және кино инс­титутында (қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) студент едім. Содан үлкен жігіттер бізге «Кеудесінде намысы барлар, ертең таңертең сағат 6-да шығыңдар, бәріміз жиналып, алаңға барайық» деді. Әрине, жас болған соң біреу ұйқысын қимайды, біреу «онда барып не істейміз, бізге кім құлақ асады?» деп, бұрын-соңды «митинг», «көтеріліс» дегенді көрмеген, естімеген олар түрлі пікір білдіріп жатты. Содан бөлмедегі жігіттер ойласып, таңертең ұйқыдан тұрған соң алаңға барайық, өз ойымызды айтайық деп шештік. Өзім алаңға саналы түрде бардым. Таңертең сапқа тұрып, қолымызға ұран жазылған қағаздармен алаңға беттедік. Ол кезде Алматыдағы Брежнев есімімен аталған алаң біз секілді жастарға лық толды, адам көп болды.

– Желтоқсан оқиғасы кезінде зиялы қауым алаңға шыққан жастарды, жалпы ұлт мүддесін сатып кетті деген пікірмен келісесіз бе?

– Ол пікірмен келіспеймін. Ұлт зиялылары сол кезде халықпен бірге болды деп есептеймін. Әрине, бес сау­сақ бірдей емес, арасында ондай адамдар болған шығар, бірақ сыртқа шығара алмаса да, іштей жастарды жақтаған жандар болды деп ойлаймын.

– Алаңға барғандар аяусыз жазаланды, жарақат алып немесе жұмыссыз қалып, оқудан шығарылды. «Сол кезде сол алаңға неге бардым екен?!» дегендей өкініш болды ма?

– Мен сол желтоқсанның 17-сі күні әскерді алаңдағы жастарға қарсы қойған кезде алдыңғы шепте тұрған едім. Қазақ жігіттерінің қолында қарсылық жасайтын ешқандай құрал болмады. Соған қарамай, бетіне үлкен қалқан ұстаған, қолында резеңке сойылдары бар солдаттар сұрапыл соғыс кезіндегідей шабуылдады. Содан кейінгі көріністі айтудың өзі ауыр. Өйткені олар зұлым жауға тигендей әрекет жасады. Құлатқанын құлатты, сұлатқанын сұлатты. Қатыгез әскердің темір тепкісін көріп, бірнеше рет есімнен танып, зардап шеккен жанның бірімін. Олар қолға түскендерді қыз демей, жігіт демей, ұрып-соғып, сүйреледі. Есігі ашық машиналарға күштеп мінгізді, оған көнбегендерді тепкілеп, қанға бөктіріп, аяқ-қолынан ұстап, көтеріп кіргізді. Көлікке мал тиегендей етіп түрмеге апарып қамады. Онда барсақ, қолы сынған, көзі шыққан, денесінде сау-тамтығы жоқ адамдарда есеп болмады. Менен де халі мүшкіл жастар көп еді. 3 тәулік түрмеде отырдым, 6 айдай тергеуде жүрдім. Жылдар бойы сарсаңға түскен, қамалған, қуғындалған, сотталған адамдар аз болмады. Қазір енді «желтоқсаншымын» деп кеудесін соғатын «қаhармандар» көбейді ғой, бірақ  қанша қиналсам да алаңға барғаныма, қазақ ұлтының болашағы үшін лайықты талап қойғаныма ешқашан өкінген емеспін. Ұлттық намысын ұрандатып шыққан қазақтың қыз-жігіттері ұлы ерлік жасады. Оларды жеңілді деуге болмайды. Қазақтың қандай ұлт екенін әлемге танытты. Мен тек түрмеге түссем, әке-шешемнің күні не болар екен деп қана уайымдадым.

– Желтоқсан оқиғасына биыл 37 жыл болыпты, оған нақты баға берілді деп ойлайсыз ба, ашылмаған, айтылмаған тұсы бар ма? Желтоқсан оқиғасын зерттеуге кезінде комиссия құрылған болатын. Сол комиссияның жасаған қорытындысына көңіліңіз тола ма?

– Менің ойымша, желтоқсан оқиғасына толық баға берілген жоқ, әлі ашылмаған, зерттейтін тұсы бар деп есептеймін. Әрине, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Мұхтар Шаханов бастаған комиссиясы біраз жұмыс істеді, біраз мән-жайды ашты, бірақ осы оқиғаға толығымен баға берілді, шындықтың беті ашылды, толығымен әділдік орнады деп айта алмас едім.

– Қалай ойлайсыз, Желтоқсан оқиғасы қазаққа сабақ болды ма?

– Кез келген оқиға мейлі ол шағын болсын, көлемді болсын, сабақ болды деп ойлаймын. Ол елдің булығып жатқан санасын оятты. Ұлт-­азаттық көтеріліс дегенде Амангелді Имановты ғана тарихтан естіген біз осы жолы еркіндік дегеннің не екенін Желтоқсан оқиғасы арқылы көріп-білдік. Бұл – халқымыздың тоталитарлық режимге, отарлау саясатына қарсылығы, азаттыққа деген ізгі ұмтылысы. 70 жылдай өмір сүрген тоталитарлық жүйе қанша жерден әрекеттенгенмен, адамдардың ой-пікір бостандығын біржолата тұншықтыра алмады. Кеңестік жүйенің ұлттар мен халықтардың мәдениетін, тарихын, ұлттық сана-сезімін тұншықтыруға бағытталған әрекетіне қарсы жаңа наразылық пен жаңа күш туып келе жатты. Бұл күш 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде айқын көрінді. Қаңтар оқиғасы да жемқор шенеуніктердің 30 жыл бойы елде қордаланған мәселелерді шешу жолындағы жастарды, адамдардың ұмтылысы деп қабылдағанымды айтқым келеді.

 

 


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button