Басты ақпаратҚоғам

Ажырасу азаяр емес

Астана – жастар қаласы. Олар елордада танысып, табысып, шаңырақ көтеріп жатады. Осы жылдың алғашқы тоқсанында 3304 жас ерлі-­зайыпты атанды. 2023 жылдың жартыжылдығында 6504 жұп некесін қиған екен. Осындай әдемі көрсеткішті ажырасқандардың санымен бұзғымыз келмейді-ақ. Десе де отау құрғандардың үштен бірінен астамы ажырасатыны көңілге қаяу түсіреді. Сол себепті қазақ отбасының түрлі түйінін тарқатуға мәжбүрміз. Оның ішінде ерлі-зайыптылардың шаңырағын шайқалтқан жайттардың себебін де іздедік.

Ажырасу себептерін мамандар анықтап берді. Оның бастысы – жас отбасының ішкі тірлігіне туыстарының араласуы. Әсіресе жаңа түскен келіннің әрбір сөзін, әрекетін, жүріс-тұрысын сынап-мінеу – көбіміз үшін қалыпты нәрсе. Онсыз болмайды да. Әулетке түскен келіннің бағыт-бағдарын, жөн-жобасын көрсетумен қатар қателігін түзеткеннің еш айыбы жоқ. Алайда бұл жерде артықтау кетіп, ашындырып алып, сыртқы пікірлердің ықпалымен ажырасқандарды айтқан болар. Жағдай шиеленіскен кезде кінәліні табу қиын. Мұндайда босағадан аттаған бойжеткеннің айтылған сынды қабылдай білуге ықыласы болғаны жақсы.

Ғаламдану, ақпараттану заманындағы отбасы құндылығы кейін шегініп, қазіргі тұрмыс­ты болып жатқан «Қалаулымның құрбылары» да статистиканы бұзып тұр. Жас адам тәрбиені теледидардан алып, отбасындағы өмір өзінің қалағанындай қызыққа толы, таңдап тигені мәңгі бақи алақанына салып отырады дегенге сеніп, күрең тірліктің күре жолына түскенде күйі кетсе, ол – да­йын болмағанның белгісі. Жас­тыққа тән қызбалықпен «ә» десе «мә» деп, жасы үлкен деп іркілмей, ұятты деп тартынбай, тақасып отыратындардың отбасын ұйыта алмағанын осы көрсеткіш көрсетіп отыр. Оны мамандар осы тұрғыда моральдық шектеулердің жоғына қосыпты.

Отбасы мен некені сақтауда, біздің ойымызша, көптеген шетелдік заң актісінде «күту кезеңі» деген ұғым көмектесетін сияқты (Ұлыбритания, Италия, Франция, АҚШ, Швейцария және т. б.). Ажырасу үшін сотқа жүгінгендерді біздің заңнамадағыдай келген беттен бірден ажыратып жібермей, белгілі бір мерзімде бөлек тұруын қарастырады

Әсел НҰРҒАЛИЕВА, Астана қаласы Азаматтық xaл актілерін тіркеу басқармасының басшысы:

– Мамандардың ажырасу процесінің жеңілдігі ажырасу себебінің бірі деген анықтамасы көңілге қонады. Осы ретте кейбір елдердің заңнамасында бекітілген тәжірибесін бізге де қолдануға болатын сияқты. Немістердің Азаматтық кодексінде сот кәмелетке толмаған балалардың ­мүддесін қорғап, ата-анасының ажырасуынан баланың материалдық жағдайы қиындайтын болса, ерлі-зайыптының некені бұзу туралы талабын қанағаттандырмауға құқығы бар. Ұлыбританияда, соттың пікірінше, отбасындағы кәмелетке толмаған балалары үшін елеу­лі қаржы қиындығына әкелуі мүмкін болса, ажырасуға тыйым салады. Отбасы мен некені сақтауда, біздің ойымызша, көптеген шетелдік заң актісінде «күту кезеңі» деген ұғым көмектесетін сияқты (Ұлыбритания, Италия, Франция, АҚШ, Швейцария және т. б.). Ажырасу үшін сотқа жүгінгендерді біздің заңнамадағыдай келген беттен бірден ажыратып жібермей, белгілі бір мерзімде бөлек тұруын қарастырады. Шетелдік құқық тәжірибесі көрсеткендей, мұндай мерзім екі жылдан аспауы керек. Осы мерзімде ерлі-зайыптылар, егер олардың әрі қарай бірге өмір сүруі және отбасын сақтау мүмкін еместігіне сенімді болса, некені бұзу туралы сотқа жүгінуге құқылы. «Күту мерзімінің» заңдық мәні мынада: ол аяқталмай тұрып әйелі де, ері де жаңа некеге тұра алмайды. Арада бір-бірінсіз өткен уақыт олардың оңашада ойлануына көп мүмкіндік береді. Содан кейінгі нәрсе бірлі-жарым болмаса, бұқара халықтың тұрмыс салтына ене қоймаған неке туралы келісімшартты әркімнің еркіне қарай емес, заңмен мәжбүрлеп бекітудің зияны жоқ. Айтатыны жоқ, адам не боларын білмей отырған мына қоғамда әйелдің де, ерінің де міндетін белгілеп, оның жауапкершілігін заңмен анықтау – ең абзалы. Бас екеу болған соң, мал төртеу болады. Оны да әділдікпен бөліп, балаларының несібесін талан-таражға салмаудың бір жолы осы келісімшарт болар.

Мөлдір СЫЗДЫҚОВА, психолог:

– Отбасы болған соң ыдыс-­аяқ сылдырламай тұрмайды. Оның қайбірін айтып бітіреміз. Мамандар белгілеген «қазіргі қоғамға сәйкес келмейтін қатаң гендерлік рөлдің сақталуы және некеге деген көзқарастың өзгеруі жатады» дегеннің анығын ашып берейін. Оның басында отбасындағы зорлық-зомбылық жатыр. Дегенмен гендерлік рөл туралы айтқанда ежелден отбасының тірегі болған әже-­аналарымыздың тұрмыс салты мен ұстанымы қазіргі жастардың қаперіне кірмейтін болып қалды. Бір әулеттің жүгін бір өзі арқалаған олардың ауырт­палығы мен құрбандығына қазіргі жастардың барғысы жоқ. Өздерін елдің алдында көрсетіп, тұлға болып қалыптасып, қызметін жүргізіп, ерінің көлеңкесінде қалғысы келмейді. Оларға не деуге болады? Жалпы қазақта ер-азаматтың орны бөлек болатын. Еркектің сұсы, десі деген болушы еді. Ол Адам атаның қабыр­ғасынан жаралған әйелдің болмысынан артық болатын. Бір ауыз сөзімен, қабағымен әйел­дің мысын басушы еді. Бұл – әйел мен еркектің арақатынасының тепе-теңдігін ұстап тұратын табиғи жаратылыс. Қазіргілерден қасиет кетті ме, оны сирек кездестіреміз. Есесіне жұдырық ала жүгіретіндер жетерлік.

Бекдайыр КҮЗЕМБАЙ, Астана қаласы әкелер қауымдастығының төрағасы:

– Жеке ойым, ажырату тәртібін қиындатып, заңнамаға өзгеріс енгізу керек. Егер ажырасу үшін бір тараптан арыз түссе, осы салада қызмет ететін қоғамдық ұйымдардың өкілдерін шақырып, жекелеп сөйлесу керек. Расында, күйеуі тиран болса амал жоқ, ішкіш, наркоман, тағы басқа енді қайтып түзелмес ауыр жағдай болса әйелдерді түсінемін. Кейде болмашы нәрсемен шаңырақ шайқалғалы тұрса, онда мен оны қолдай алмаймын. Негізі, ұлттық құндылық деген отбасында қалыптасады. Бала соны отбасында бойына сіңіреді. Мен қоғамдық қызметіме байланысты неше түрлі комиссия­ның жұмысына араласамын. Статистикадан жүрегім айниды. «Әкесі қызын зорлапты, бұл не деген қасірет?!» деп сұрастырсақ, өгей әкесі болып шығады. Бірақ анасына үйленген соң, туғаны болып саналады. Әйелдің де кінәсі бар, жақсылық іздеп қыздай қосылған жарынан ажырасқаны аздай, баласын тірідей жетім етіп, екінші бі­реуге тиеді. Ол ит қызына, ұлына зорлық көрсетті. Не қасиет қалды?! Әкеге де ақыры солай болатынын біліп, ұл мен қызыңды басқаға жәутеңдетуге қалай қидың деп айтар едім. Айтуға оңай десеңіз, өзімді солардың орнына қойып көрейін. Төрт баламның тұлға болып қалыптасуына алдымен мен жауаптымын ғой. Баланың мүддесі барлығынан биік болуы тиіс. Кейбір әкелер ажырасқан күннен ат құйрығын кеседі. Анасы да баласының әкесімен кездесіп, оның өміріне араласуына үзілді-кесілді қарсы болады. Бұл дұрыс емес. Сонда да айтар едім. Сен әйелге ренжіп баланы тастап кетпе, мектепке келіп балаңның жағдайын байқа, сабағы қалай болып жатыр, достары кім, бос уақытын қалай өткізеді дегендей. Анасы қанша жерден жамандаса да, баланы алдай алмайды. Сен жақсы болсаң, балаң да біледі. Міне, асығыс үйленіп, ыстық-суығы басылмай ажырасып, оның ақыры ортадағы балаға тигені – осы. Мұны болдырмау үшін заңның қаттылығы да керек.

Пікір білдіргендер – қо­ғамдағы отбасы институтына қатысты мәселелерді күнде көріп-біліп, ортасында жүрген мамандар. Жағдайдың көлеңкелі жағын ашып айтатыны сондықтан. Дейтұрғанмен отбасы институтының орнын көпе-көрінеу аспандатып алдық па, кім білсін. Оны отау көтерген жастар осы бір қарапайым, бірде аш, бірде тоқ бірлесе ғұмыр кешіп, ұл-қыз өсіріп, ұрпақ жалғастыратын ғана құрылымның күнделікті сүрең тірлігін қабылдағысы келмейді. Теледидардан көргендей күнде той, күнде мереке қайдан болсын? Кешегі өткен әже-аналарымыздай қанша жағдайда қазанын оттан түсірмей, айналасының жайқала өсіп, бақыт мекеніне айналдыру әйелдерге тікелей қатысты екенін қазіргі жастар түсіне бермейді. Ішіп-жемнен кемдік көрсетпеу – ерінің міндеті. Мұндай жүкті көтеретіндер аз. Осы жауапкершілікті алып жүруге жүрегіңіз шыдамаса, онда таңдау өзіңде демекпіз. Әйтпесе үйлену үшін үйленіп, қаламаса ажырасып кетудің өзіндік ауыртпалығы барын еске салмақпыз.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button