Білім

Бала тәрбиесі – басты мәселе

Елордадағы Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында Астана қаласы Білім басқармасы Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен ата-аналар, директордың тәрбие жұмысы бойынша орынбасарлары, әдістемелік бірлестік жетекшілері, сынып жетекшілері және педагог-психологтардың бала тәрбиесіне қатысты психологиялық-педагогикалық білімдерін көтеру мақсатында «Бала психологиясы» қалалық Psy talks өтті.

Қазіргі кезде бала тәрбиесі, бала психологиясын жетік білу мәселесі өте өзекті. Себебі, мектеп пен ата-ана арасында байланыс үзілді. Қоғамда барлық адамдар, соның ішінде ата-аналар өздері әлеуметтік желіге тәуелді болып кеткендерін сезе бермейді.Үйдегі бала-шағаларымен жекелей пікір алысып, сырласып отырғаннан гөрі әлеуметтік желідегі басқа адамдардың өмірін қалт жібермей, қадағалап отыратын адамдар көбейді. Осындай олқылықтардың орнын толтыру мәселесі – педагогтар мен психологтарды алаңдатады.

Елордада өткен жиынға Астана қаласы Білім басқармасының өкілі, Қазақ Ұлттық хореография академиясының ғалымдары, Қазақстандық жас ғалымдар, «Bilim Foundation» қоғамдық қорының өкілдері, Әдістемелік орталықтың әдіскерлері қатысты. Спикерлер қатысушылармен диалог алаңын құрып, бала тәрбиесі, бала психологиясына қатысты сұрақтарына ашық жауап берді. Сонымен қатар, мектеп директоры мектеп пен отбасының бірлескен әрекеті нәтижесінде оқушысының жеткен жетістігі жайлы ой бөлісті.

Жиын барысында Астана қаласы Білім басқармасының Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау бөлімінің басшысы Диана Амангелдіқызы алғы сөз сөйледі. PhD Балабек Сақтағанов «Тұлғалық құндылықтарды дамытудың психологиялық аспектілері» тақырыбында қызықты баяндама жасады.

Бала психологиясы үшін басты мәселе — баланың психикалық дамуының факторларын, психикалық даму шарттарын түсіндіру Бала психологиясында жалпы психологияның негізгі әдістері жас ерекшеліктеріне орай өзгертіліп қолданылады. Бүгінгі таңда болып жатқан өміріміздегі өзгерістерге байланысты ұстаздар мен ата аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігі арта түсуде. Әрбір ұстаз ата аналармен қарым-қатынас жасауда түрлі тәсілдерді, қазіргі жаңа технологияларды пайдалана отырып, ата-ананың қызығушылығын арттыру мақсатында жұмыс жасаса, ата ананың мектепке, ұстазға деген көзқарасы өзгерер еді. Егеменді еліміздің болашағы білім мен тәрбиеге байланысты. Ал тәрбиенің басты ұясы отбасы – мемлекеттің негізгі буыны. Қоғамдағы отбасының мақсаты – баланы дамытып қана қоймай, оны өмірге дайындап, рухани жағынан жеткізіп, тұлға ретінде қалыптастыру,-дейді №68 мектеп-гимназиясының педагог-психологы Райгүл Сайлаубаева.

– Мен «Интернет қауіпсіздігі және әлеуметтік желілердегі сақтық іс-шаралары» туралы семинарына қатыстым, өзіме қажет көптеген мәліметтер алдым, жұмыс барысында осы алған білімімді міндетті түрде қолданатын боламын,- дейді Өзбекәлі Жәнібеков атындағы № 11 мектеп-лицейінің тәлімгері Диана Айтжанова.

Ата-аналар ұйымдастырылған іс-шарадан заманауи бала психологиясы жайлы жаңа  ақпараттар алып, қызықты тақырыптар төңірегінде пікір алмасты.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button