Басты ақпаратЕл тынысы

Балаларға құттықтау хат табысталды



Елордада Мемлекет басшысы атынан «Жаңа жыл республика төрінде» атты республикалық шырша мерекесі өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен 100-ден астам бала жиналды. Шыршаға шақырылған балаларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтау хат табыс етілді.

«Айналайын балақай! Се­ні Жаңа жыл мерекесімен құт­тықтаймын! Осы тамаша мейрам өзіңді қуаныш пен шаттыққа бөлесін! Өмірің жарқын сәттерге толы болсын! Кітап оқы, спортпен шұғылдан, табиғатты аяла және жақсылық жасауға ұмтыл! Білімпаз, еңбекқор, адал азамат бол! Асқақ армандарың ақиқатқа айналсын! Саған зор денсаулық, толағай табыс тілеймін!» деп жазды Президент балаларға арналған құттықтауында.

Балалармен бірге шырша шамын жағуға ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты.

«Бүгін өздеріңіз сынды 6 миллионнан астам бала Жаңа жыл мерекесін тойлауда және республикамыздың 20 өңірінен жүздеген бала осы Президент шыршасына қатысып, үлкен мерекелі тойды бірге өткізудеміз. Жалпы сіздер осы 3 күн бойы әсем қаламыз – Астананың ең көрікті жерлерін араладыңыз­дар. Оның ішінде тәуелсіздік символына айналған «Бәйтерекке» де барды деп естіп отырмын. Мемлекет сіздердің бақытты балалық шақты өткізуіңіз үшін аянбай барлық мүмкіндікті жасап жатыр. Ендігі жерде, құрметті жас достар, сіздер де сабақты 5-ке оқып, саналы тәрбие алып, осы елдің беделді, мықты азаматы болып өсуіңізге барлық мақсат-мұратыңызды арнауға тиіссіздер» деді министр.

Ғани Бейсембаев балаларға Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев атынан сыйлықтар табыс етті. Рюкзак ішінде Президенттің құттықтау ашықхаты, планшет, тәттілер және энциклопедия­лық кітаптар бар. Шырша салтанатына қатысушылардың ішінде 10 жасар Кәусар Алмасқызы да бар. Жетісу облысы Талдықорған қаласындағы №19 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы бұл шара үшін арнайы өз қолымен 100 раушан гүлінен сәнді көйлек тігіпті. Отбасы үлгісіндегі балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі, Маңғыстау облысынан келген Виктор Баяркин Президенттен шақырту алғаны үшін алғысын білдірді. 3-сынып оқушысы каратемен айналысады және домбырада ойнайды.

«Шырша тойына қатысқаным үшін аса қуаныштымын. Оның үстіне бізге көптеген сыйлық берілді. Осындай шексіз қуаныш сыйлаған Президентке және барша қатысушыға рақмет айтамын!» дейді ол.

Балаларға елорданың үздік шығармашылық ұжымдары, Маржан Арапбаева, Қарақат Әбілдина, Ержан Максим сынды танымал әншілер өнер көрсетті. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының солистері «Күлбикеш» спектаклінің қойылымын тарту етті.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button