Басты ақпаратМәдениет

Балет бишісінің биігі

Елордадағы еңселі өнер ордасының бірі – «Астана Операда» қазақ балетінің биік талғамын, жоғары деңгейін көрсететін жандар – театрдағы балет труппасының жетекші солистері. Соның бірі – Бақтияр АДАМЖАН. Ол балеттің бүгіні, болашағы жайында ойымен бөлісті.

– «Қазақ балеті ешкімнен кем емес, әлемдік деңгейдегі өнер тарландарымен таласа алады» деген пікіріңізді ілгеріде айтып едіңіз, осыған алып-қосарыңыз бар ма?

– Ол рас. Менімен бір сахнада өнер көрсететін әріптестерімнің барлығы – шетінен мықты кәсіби мамандар. Шеберлігі мықты мамандармен жұмыс істеу көңілге қуаныш ұялатады. Мысалы, елімізде тұңғыш рет «Астана Опера» сахнасында Иржи Килианның «Кішкентай өлім» бір актілі балетін елордалықтар мен қала қонақтары тамашалады. Мұндай туындының сахнамызда қойылуы – қазақ мәдениетіндегі айрықша оқиға. Бұл балеттің бас­ты ерекшелігі сол – спектакльде түрлі түсті киімдер мен безендіру, декорация жоқ, классикалық түс – ақ пен қараның араласуы арқылы таза хореографияға негізделген. Ілгеріде астаналық журналистерге арналған баспасөз мәслихатына қатысқан Нидерланд би театрының балетмейстері әрі премьері Стефан Жеромский Иржи Килиан­ның көмекшісі болған екен.

– Нидерланд балетмейстері­мен жұмыс істеу ұнады ма, өнердегі достық қарым-қатынастың берері көп пе?

– Маған Стефан Жеромскиймен жұмыс істеу ерекше әсер етті. Мұнда музыканың ноталарымен үйлескен хореография бар, әрбір бишінің мүмкіндігін ашып, Килианның хореографиясы арқылы қазақ сахнасының көрермендерін таңғалдыру, тамсанту – біз секілді өнер иелері үшін зор мәртебе. Әртістердің би барысындағы бір-біріне бейімі, ұжымдаса еңбек етуі – С.Жеромскийдің асқан шеберлігінің арқасы. Әр бишінің ерекше қыры ашылды десе болады. Себебі хореографияны музыкаға бейімдеу, оған физикалық тұрғыдан дайын болу, көрерменге эмоция арқылы әсерлі ету оңай емес. Бұл жерде махаббатты кішігірім өлім деп адамға түрлі әсерін астарлап көрсетеді, оны сахнада көрсету нағыз шеберлердің ғана қолынан келер дүние екен. Әр нотаға қойылған іс-қимыл бар, одан сәл кешігетін болсақ, келесі нотадағы қимылдарға тіптен ілесе алмайсың – қойылым осынысымен ерекшеленеді деп айтар едім. Бишілер қатар тұрғанда үндестік керек, алдыңғы жақтағы, арттағы, қатардағы адамдармен жіті байланыста болып, ұжымдаса атқаратын қимыл-қозғалыс көп кездесетіндіктен, тіпті тынысымызға дейін бірдей болуы өте маңызды. Жетекші балет солисі осы ортақ тәртіпке, ішкі үйлесімге сай билеуі тиіс. Жұдырықтай жұмылып, бірлесе әрекет еткеннің, ұжымдық ерен еңбектің арқасында осындай тың, тамаша дүниелер қазақ сахнасында дүниеге келе бермек деген ойдамын. Бұл балет – мен деген қаншама алпауыт ­театрлардың еншісіне байланбаған, сахнасында қойылмаған туынды. Шетелде қанша рет болдым, тіпті еуропалық театрлар қоя алмаған бұл туындының елімізде көрсетілуі – бізге берілген бақ, сәтті жеңіс. Жалпы біздің кез келген шығармамызды әлемнің қай елінде қойса да жоғары бағаға, көрермендердің зор ықыласына ие болары сөзсіз. Тіпті жанкүйер­лері де көптеп табыларына бек сенімдімін. Қатарынан бес рет халықаралық байқауда жүлделі орынға ие болған театр әртіс­терінің жарнамасы жер жарып, әлемнің түкпір-түкпірінен белсенді көрерменнің көбейгені – біз үшін мақтаныш, зор мәртебе.

– Болашақта ізіңізден еретін шәкірттерді тәрбиелеу ойыңыз­да бар ма?

– Қазақ балетіндегі өзіндік қолтаңбаммен, тәжірибеммен, бұйырса, бөліскім келеді, жастарға білгенімді үйреткім келеді. Оның барлығы алдағы уақыттың еншісінде деп ойлаймын.

– Алдағы уақытта қазақ балетінің жарқын сәттерін бейнелейтін кинокартиналарға түсу туралы ұсыныс түссе, қабылдар ма едіңіз?

– Әрине, ондай ұсыныс болып жатса, қуана келісер едім.

– Қазақ балеті бұдан да биік деңгейге жету үшін не керек деп есептейсіз?

– Жалпы алғанда, біз ұлттық нақыштағы балетті, классикалық дүниелерді жер жүзіне абыроймен насихаттап жүрген өнер ұжымымыз. Алдағы қыркүйек айына дейін Санкт-Петербург, Ыстанбұл, Словения, Мексика, Испания, Нью-Йоркке, қазан айында Жапонияға өнер сапарымен барамын. Әрі қарай Қытай, Италия, Франция елдерінде өнер көрсетемін.

– Балет өнері – қазақ үшін тың тақырып. Осы салаға келуіңізге не себеп болды?

– Мені 10 жасымда ата-анам ­балетке алып келіп, қолдау көр­сетті. Өзім Алматы облысы Сары­өзек ауылының тумасымын. Алматы қаласындағы А.Селезнев атындағы хореография училищесінде оқыдым. Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында жұмыс істедім. 2013 жылдан бері «Астана Опера» сахнасында өнер көрсетіп келемін.

– Өзіңізге ең қатты ұнайтын кейіпкеріңіз кім?

– Маған ең ұнайтын кейіпкерім – Спартак. Ежелгі Спарта туралы сыр шертетін шығармадағы осы образ ішкі болмысы, дүниетанымы, жаратылысы жөнінен маған ең жақыны, ең ыстығы.

– Қандай рөлде ойнауды армандайсыз?

– Балеттегі ең сүйекті шығармаларда мықты образдарды жеткілікті сомдадым деп есептеймін, орындалуы тиіс рөлдерде өзімді лайықты көрсеттім деп ойлаймын. Ендігі мақсат – қазақ балетінің биігін әлемдік сахналарда паш етіп, насихаттай беру.

– Былтыр жарақаттанып қал­дыңыз, бірақ көп ұзамай үл­кен сахнаға қайта шықтыңыз. Өнердегі жанкештілік денсаулығыңызға нұқсан келтірген жерлері бар ма, жалпы өнер жолы құрбандықты қажет ете ме?

– Иә, аяқтың бақай сүйегін сындырып алып, жарақаттанып қалдым, бірақ жазылмай жатып сахнаға шығуға тура келді. Үш күн қатарынан ауырсынуды басатын дәрі ішіп, «Спартаға» солай шығып жүрдім. Рөлді жоғары деңгейде көрсету керек болды. Ештеңе оңай келмейді, я денсаулық, я қазақ балетінің болашағы деген таң­дау тұрса, сөз жоқ, балетті таңдар едім.

– Отбасыңыз туралы айтсаңыз. Балаңыз осы жолды таңдаса, құптар ма едіңіз?

– Зайыбым «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрінде флейта аспабында өнер көрсетеді. Өнерлі отбасымыз. Үш баламыз бар. Өнерге жақын болып өсіп келеді. Балет өнерін таңдаса, қадамын құп аламын деген ойдамын. Себебі керемет өнер ордасында, әдемі, тату ұжымда, тамаша әріптестеріммен жұмыс істей жүріп, шынығып, денсаулығымды нығайтамын, өз ісімнен ләззат аламын, сондықтан жақсы ортада жүрмін деп есептеймін. Балаларым осы жолды таңдаса, қуана қолдар едім.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button