Мәслихат

Бас қаланың құрметтісі

Астанадағы Вячеслав су қоймасы, 2-ЖЭО (ТЭЦ-2)… Бұл – «Мехколонна-56» ЖШС іске қосқан елордадағы стратегиялық маңызды нысандар. Осы кәсіпорынды жарты ғасырдан астам КСРО Құрметті энергетигі, Қаз КСР еңбек сіңірген энергетигі, Астана қаласының Құрметті азаматы Болат Қуанышев басқарды. Жалпы Болат Сұлтанұлының бас қаланың энергетикалық кешенінің қалыптасуына, елорданың гүлденіп, көркеюіне қосқан үлесі зор. Кейіпкеріміз 1999-2003 жылдары Астана қаласы мәслихатының ІІ шақырылымының депутаты болды. Осы кезеңде бас қаланың болашаққа деген қарышты қадамдары басталып, астананың дамуына негіз қалаған талай маңызды істер жасалды. Соның басы-қасында Болат Сұлтанұлы жүрді.

Болат Қуанышев – ашаршылықтың соңы қуғын-сүргінге ұрындырған өткен ғасырдың отызыншы жылдарының перзенті. Еңбекпен есейген азаматтың анасы озат жұмысшы болып, халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне (ВДНХ) қатысты. Ал нағашысы Рысбек Дариманов сол замандағы оқыған азаматтардың бірі еді. Алайда Екатеринбург университетін бітіріп, Солтүстік өлкенің жер комитетін басқарып жүргенде репрессияға ұшырады. Анасы бала Болатқа «Сен мінезің мен іскерлік қабілетіңмен нағашыңа ұқсайсың» дейтін. Сол айтқандай, іскерлігі ерте білініп, қарапайым жұмысшыдан кәсіпорын басшысына дейін көтерілді.

Болат Сұлтанұлының еңбек жолының басталуы тың игерудің алғашқы жылдарына сәйкес келді. Осыдан 70 жыл бұрын Атбасар ауданы Борисовка елді мекені Ленин атындағы колхозда тракторшы болып жүргенде тың игерушілердің бірінші легін қарсы алды. Сол уақытта аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі еді, сондықтан осы ұйымның бірінші хатшысы Виктор Полянскимен бірге аудандағы бүкіл шаруашылықтарды аралап, тың игерушілердің жағдайымен танысты.

Механизация мен электрлендіру техникумын бітірді. Тельман атындағы совхозда автопарк, шеберхана меңгерушісі, бас инженердің міндетін атқарушы болды. Жалпы Болат Қуанышев – әрқашанда өзін жетілдірген азамат. Техникумнан кейін халық шаруа­шылығы институтын, КСРО Энергетика министрлігі жанындағы жоғарғы техникалық мектепті аяқтады. Ол басқарған «Мехколонна-56» кәсіпорны кешегі Целиноград – Ақмоланың, бүгінгі Астананың энергетика кешенін жолға қойғанмен қатар Торғай, Қос­танай, Қарағанды, Жезқазған өңірлерінің шаруашылықтарын бірыңғай мемлекеттік энергия жүйесіне қосып, Екібастұз – Целиноград электр тарату желісін салды. Бұған қоса, алып одақ ішіндегі Мәскеу, Липецк, Тамбов, Владимир облыстарының бірқатар шаруашылықтарының осы жүйеге қосылуына атсалысты. Ал Ақмола Астана атанғанда осында төрт қосалқы станса салды. Бұл стансаларға атақты Siemens компаниясының құрал-жабдықтарын орнатты. Осы стансаларға қоса, ондаған шақырым электркабельдер тартылды.

Болат Қуанышев Астана қаласы мәслихатының ІІ шақырылымының депутаты болғанда әріптестері оны тұрақты комиссияның төрағасы етіп сайлады. Осы шақырылым депутаттарының қызметі жас астананың белсенді құрылысы кезеңімен сәйкес келді. Сессияларда депутаттар елорданы абаттандыру, тиісті инфрақұрылымды әзірлеу, тұрғын үй құрылысы, жолдарды жөндеу мәселелерін шешумен айналысты. Сол кезеңде Астана тұрғындарының өміріне қолайлы жағдайлар жасауға, астаналықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеу­меттік және экономикалық даму бағдарламаларын бекітті. Көлік инфрақұрылымын дамыту, ескі және апатты тұрғын үйлерді сүру, шағын кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау, Астана қаласында ипотекалық несиелеу және тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасы, 2010 жылға дейінгі Астана қаласының орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету бағдарламасы, т.б. ұзақмерзімді бағдарламалар бекітілді. Кисе Курокава әзірлеген Астана қаласын дамытудың Бас жоспарын дәл осы шақырылым депутаттары бекітіп, Үкіметке жіберді. Әрине, осының бәрінің басы-қасында Болат Сұлтанұлы да жүрді.

Электрлендіру мен экология. Бұл – кейіпкеріміз ерекше ден қойған салалар. Елорданың жасыл желекке оранып, абат қалаға айналуына да Болат Қуанышевтің қосқан үлесі зор. Кәсіпорын басшысы өз кезінде «Мехколонна-56» аумағын тынысты кеңейтетін орманға айналдырды. Бір жылдары Шығыс Қазақстан облысынан шыршаларды алдырды. Серіктестік аумағында осы күндері қайың, үйеңкі, шетен, емен, терек жайқалып тұр. Қарт журналист Моисей Гольдбергпен бір әңгімесінде Болат Сұлтанұлы кәсіпкерлерді жаңа саябақтар мен гүлбақтардың құрылысына инвестиция салуға шақырды.

Өзі басқарған кәсіпорын қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына, жайлы тұрмысына, жанға рахат сыйлайтын демалысына шейін ерекше көңіл бөлген бір басшы болса, бұл – Болат Қуанышев. Алып одақ құлағанда кәсіпорынды сақтап қалғанмен қатар бірде-бір жұмысшыны қысқартпады. Олардың бәрін де пәтермен қамтамасыз етті. Сонымен қатар ­Т.Бигелдинов көшесінде қонақ үй, Астана іргесінде жұмыскерлер демалатын «Нұра» демалыс үйін салды. «Мехколонна-56» мекемесінде жұмыс істеп, басқа елге қоныс аударғандар Астанаға келгенде олардың демалысына да жағдайлар жасалған кездер болған. Мәселен, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі уақытысында Германиядан елордаға келген екі бұрынғы қызметкердің қонақ үйге орналасуы да, тамақтануы да тегін болды.

2002 жылдың 26 маусымында Болат Қуанышевқа елорданың энергетикалық кешені, әлеуметтік саласының дамуына қосқан орасан үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін Астана қаласының Құрметті азаматы атағы берілді. Ақмола өңірінде дүниеге келіп, туған жерге туын тігіп, туған қаласының өркендеуі жолында аянбай еңбек еткен азамат үшін бұл – лайықты марапат.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button