Елорда тынысы

Бас жоспар бекітілді



Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында елорданың 2035 жылға дейінгі Бас жоспары бекітілді. Қала әкімінің орынбасары Евгений Глотовтың қатысуымен өткен жиында шаһардың бас құжаты бойынша атқарылған жұмыстар туралы қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек Ахметов баяндады.

Оның айтуынша, 2035 жылға дейінгі Бас жоспарды әзірлеу 2020 жылдың қараша айында басталды. Бүгінге жобалау жұмысы толығымен аяқталды. Осы жылдың мамыр-маусым айларында жоба барлық жергілікті және мемлекеттік органдармен келісілді. Қанатқақты режимде стратегиялық-экологиялық бағалаудан және өткен жылдың қараша айында алдын ала қоғамдық талқылаудан өтті. Барлық ескертулер мен ұсыныстар тиісті хаттамаға енгізіліп, сәйкес жұмыс жасалды. Биылғы 21-25 тамыз аралығында қоғамдық талқылаулар жалғасты. Бұл талқылаулар «Астана Бас жоспары» мекемесінің және қаланың бес ауданының әкімдіктері алаңында ұйымдастырылды. Қорытынды талқылау Жастар сарайында өтті. 23 тамызда қалалық Қоғамдық кеңес аталмыш құжатты талқылап, мақұлдады. Құжат қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында да жан-жақты талқыланды. Ал 15 қараша күні қала құрылысына кешенді сараптама жүргізу комиссиясы оң шешім шығарды. Бас жоспарды «Атамекен» кәсіпкерлер ұлттық палатасы да мақұлдады. Қалалық мәслихат бекіткеннен кейін, енді аталмыш құжатқа қатысты Үкімет қаулысы шығуы тиіс.

Қала әкімінің орынбасары Евгений Глотов жаңа Бас жоспар Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленгенін еске салды. Қаланың басты құжатын талқылауға қалалық мәслихат депутаттарымен қатар қала тұрғындары белсенді қатысқанын атап өтті.

– Соның арқасында құжатқа елорданың алдағы жылдардағы дамуының базалық, іргелі, стратегиялық шарттары енгізілді. Бас жоспарда инженерлік инфра­құрылым мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қатысты, Астананың сәулет келбетіне байланысты үлкен жоспарлар бар. Бұл құжат бекітілгеннен кейін Бас жоспармен тығыз байланысы бар басқа да құжаттарды реттеуіміз керек болады. Бұл – Астана қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы, көгалдандыру, қаланың көлік жүйесін дамыту бойынша тұжырымдамалары, басқа да маңызды құжаттар, – деді Евгений Глотов.

Сондай-ақ кезектен тыс сессияда паралимпиадалық жаттығу орталығы мен «Тарлан» мұз айдыны қызметін ұйымдастыруға қатысты құжат пен елорданың 2023-2025 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізілді.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button