Басты ақпаратМәселе

Баспасөздегі ширек ғасыр баяны

Журналистердің көбін ақпарат әлеміне, ұлы Абайша айтсақ, өлеңге деген талас алып келді. Әріптесіміз Төлен Тілеубайды да ақындық арман журналистикаға жетеледі. Жолы болып, бүгінде белгілі журналиске айналды. Ғасырлар тоғысында сөз майданына қойып кеткен ол, міне, ширек ғасыр бойы қаламын сілтеп келе жатыр. Бірқатар басылымда айқын қолтаңбасын қалдырды. Ал кейінгі 6 жылдан бері «Астана ­ақшамы» газетінде шеф-редактор.

Студент шағынан баспасөзге араласа бастады. 1-2-курста оқып жүргенде «Қарағанды университеті», «Азия-Транзит», «Шипагер», «Орталық Қазақстан», «Взгляд» басылымдарында мақалалары мен алған сұхбаттары жарық көрді. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін үздік дипломмен бітіргеннен кейін «Сана» тәуелсіз апталығына қабылданды. Еңбек жолын осы газеттен тілші-саяси шолушы болып бастап, әр жылдары республикалық «Ақ жол, Қазақстан», «Жас қазақ үні», «Алтын орда» газеттерінің Қарағанды облысындағы, Астана қаласындағы меншікті тілшісі болды.

Жаңа ғасыр басында «Астана ақшамы» газетінде тілші, «саясат және құқық» бөлімінің меңгерушісі болып еңбектенгені бар. Астаналық басылымға 15 жылдан кейін қайтып келді. Арада ресми мекемелерде (ұлттық компания, Үкімет кеңсесі) бағын сынап көрді. Атап айт­қанда, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың бұқарамен байланыс басқармасының ақпарат-­сараптама бөлімінің бас маманы, ҚР Премьер-ми­нистрі кеңсесінің үкіметтік басылымдар редакция­сында І санатты маман болды. Бірақ көп ұзамай сүйікті кәсібі – журналистикаға оралды. Қазіргі қызметіне дейін «Жас қазақ» ұлттық апталығында алдымен Астана қаласындағы меншікті тілшісі, кейін бас редактордың орынбасары болып жұмыс істеді.

Қоғамдық-саяси, әлеу­меттік, ел үшін, халық үшін өзекті тақырыптарға келгенде Төлен Зәрубайұлының жүйрік қаламы жорғалай кетеді. Осы уақытқа дейін қазақ баспасөзінде ел ішіндегі күйіп тұрған мәселелер көтерудей-ақ көтерілді. Көп өткір мақала жазған журналистер арасында әріптесіміз де бар. Төлен көтерген біраз мәселе билік пен Президент назарына ілігіп, оң шешім қабылдауына әсерін тигізді. Мәселен, құлдық, адам саудасы мәселесін жазып келе жатқанына 20 жылдан асты. Бұл өз нәтижесін берді. Биылғы 22 наурызда Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Сенатор Сәуле Айт­паевадан алған сұхбаты осы жылы тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңның қабылдануына ықпал етті. Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыс үшін жазаны күшейтуді көздейді.

Қорықшы Ерлан Нұрғалиев браконьерлердің қолынан қаза тап­қанда, әріптесіміздің қалай күйзелгенін өз көзімізбен көрдік. Бұл өлім Төленнің жүрегіне қатты батып, сериялық мақалалар жазуына түрткі болды. Қорытындысында Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізіліп, елімізде заңсыз киік атқан және бекіре тұқымдас балық аулаған адамдарға жаза қатайды.

Биыл Наурыз мейрамын «Наурызнама» деген атаумен жаңаша форматта 10 күн бойы атап өттік. Бұған Төленнің «Астана ақшамы» газетінде жарық көрген «Наурызды жаңаша тойлау немесе төл мерекемізді балаларға жақындатудың жолдары бар ма?», «Наурыздың насихаты мен нақ сипаты», «Балалар Наурызға неге қызықпайды?» атты мақалаларының да үлесі бар деп есептейміз.

Биыл 2 ақпанда ал­ғаш рет елімізде Ұлттық басылым күні аталып өтті. Бұл – осыдан бір ғасыр бұрын «Қазақ» газетінің бірінші санының жарық көрген күні. Осы мәселені әріптесіміз баспасөз арқылы да, әлеу­меттік желі арқылы да бірнеше мәрте көтерді. Журналистер мен БАҚ мәселелерін де Төлен бірнеше рет жазды. Нәтижесінде «Масс-медиа туралы» заң әзірленді. Бұл құжат Парламенттің қос палатасында мақұлданып, таяуда Президенттің қол қоюына жіберілді.

Елдегі баспана мәселесі, биылғы су тасқынынан кейін анықталған елдегі су мамандарының тапшылығы проблемасы да әріптесіміздің қаламына ілікті. Бұл мәселелер бойынша қазір тиісті жұмыс жүріп жатыр.

Астана қаласында Төлеген Айбергенов атындағы №16 орта мектеп бар. Оқу орнының 30 жасында қыршын кеткен ақын есімін иеленуіне де Төленнің үлесі бар. Бұл еңбегі еленіп, осыдан бірнеше жыл бұрын «Төлеген Айбергеновке – 80 жыл» естелік медалімен марапатталды.

Жалпы Төлен Зәрубайұлының шығармашылық жетістігі аз емес. «Шабыт-2003» шығармашыл жастардың халықаралық фес­тивалінің «Журна­листика» аталымының бас жүлде иегері және «Әдебиет» номинациясының ­дипломанты атанды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің «Сөз шебері-2019» рес­публикалық шығармашылық байқауының лауреаты болды. «Amanat медиасыйлығы-2023» рес­публикалық байқауында «Еліміздегі реформалар туралы үздік материал» аталымында топ жарды. Бұған қоса, ірілі-ұсақты басқа да жетістіктері бар.

Қазақстан Журналистер одағының және «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, ақпарат саласының үздігі, журналист Төлен Тілеубайды жұрт біледі. Болашақта ғалым Төленді тануымыз ғажап емес. Әріптесіміз М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ма­гистратурасын үздік бітірді. Академия­лық дәрежесі – әлеу­меттік ғылымдар ма­гистрі. Жаңа медиа бағытында ізденіп, «Цифрлық жолайрық: Қазақстан газеттерінің бүгіні мен ертеңі» оқу құралын шығарды. Осы еңбегінен бұрын АҚШ-қа сапарынан туған «Аласапыран Америка» және «Тәуелсіздік – тұмарым» кітаптары жарық көрді.

Жоғарыда ақындық арман журналистикаға жетелегенін айттық. Төленнің өлеңдеріне әндер де жазылды. Атап айт­қанда, белгілі композитор Ахмедия Есмұханов оның «Сенің бейнең» және «Көктемгі элегия» атты жырларына әуен тудырды. Әріптесіміздің өзі де «әу» дейтін өнерден құралақан емес. Мұны ұжымдық басқосуларда көріп жүрміз.

Төленнің прозаға да таласы бар. «Жаңа астанаға қош келдің, қазақ жасы!» атты фантастикалық әңгімесі «Шабыт-2006» халықаралық фестивалінің үздік ­дипломын иеленді. «Ақбөкен жылаған түн» деректі әңгімесі, «Ақ көгершін», «Гүлсараның махаббаты» атты әңгімелері баспасөзде, интернет басылымдарда жарияланып, оқырманның жақсы бағасын алды.

Мерейлі белеске жетіп отырған әріптес­ке әдебиетте де мол шығармашылық табыс, көрнек­ті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдік секілді атақты аттасының жолын тілейміз!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button