Құқық

Басты мақсат – тәртіп пен заңдылық қағидатын қамтамасыз ету



– Бақытжан Әсембекұлы, Көліктегі полиция департаменті қызметінің басым бағыттары қандай?

– Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Кемелұлы «Заң және тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету жөнінде еліміздің құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне бірқатар нақты тапсырмалар берді. Бұл міндеттерді орындау бойынша ауқымды іс-шаралар жүргізілуде.

Біздің жұмысымыз, ең алдымен, тиісті қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, азаматтардың өмірі мен конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталған. Қылмысқа қарсы күрес, құқықбұзушылықтардың алдын алу, қылмыстарды ізін суытпай ашу айрықша басымдыққа ие. Сондай-ақ қызмет көрсету аумағында профилактикалық іс-шаралар жүргізу, басқа да заңға қайшы әрекеттерге тосқауыл қою – біздің басты міндетіміз.

– Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылдануда?

– Ең бастысы – профилактика, сондықтан азаматтардың теміржол бойындағы қауіпсіздік ережелерін сақтауы бойынша кешенді жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, халықпен жиындар, жол үстіндегі кездесулер, дөңгелек үстелдер, акциялар, сондай-ақ оқу орындарында «Теміржол – қауіптілігі жоғары аймақ!» тақырыбында дәрістер өткізіледі. Нәтижесінде, бүгінгі күні Департамент бойынша адамдардың теміржол жарақатын алу фактілерінің төмендегені байқалады.

«Қазақстан теміржолы» ҰК АҚ-мен бірлескен «Жол картасы» іске асырылуда, соның шеңберінде Теміржол вокзалдары мен жолаушылар пойыздарында бейнебақылау камераларын көбірек орнату бойынша шаралар қабылдануда.

Астана мен Алматы қалаларындағы теміржол вокзалдарында орнатылған бейнебақылау камераларына тұлғаларды тану функциясы енгізілген.

Алматы қаласы әуежайында «Сергек» бейнекамералары орнатылған, олардың көмегімен құқық бұзушылықтардың жолы кесілуде.

Қазіргі күні қоғамдық орындарда жасалатын құқық бұзушылықтардың 12,2%-ға төмендеуіне қол жеткізілді.

– Өткен кезеңдегі Департамент жұмысының нәтижелерін және негізінен көлікте қандай қылмыстар жасалатынын айтсаңыз?

– Осы жылдың басынан бері теміржол және әуе көлігін пайдаланған 30 миллионнан астам азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз еттік.

Департамент бойынша барлығы 1700 құқық бұзушылық тіркеліп, олардың ашылуы 77% құрады.

Қылмыстың негізгі түрі – бөтеннің мүлкін ұрлау, қазіргі уақытта олардың 15,7%-ға төмендегені байқалады.

Департамент қызметкерлерімен 53 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Еліміздің көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1 664 шетелдік жауапкершілікке тартылды.

Көлік полициясының жұмысы желілік қағидат бойынша жүзеге асырылады, осы ретте іргелес мемлекеттердің мүдделері қозғалатынын айтқым келеді.

Қылмыстарды жедел ашу еліміздің имиджіне оң әсерін тигізеді. Бүгінгі күні, құқықтық тәртіпті нығайту үшін шекаралас аумақтардағы көліктегі ІІО-мен өзара тығыз байланыс орнатылған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы арқылы тасымалданатын жүктердің сақталуын қамтамасыз етуге баса назар аударылады. Мысалы, ҚХР-дан Венгрия мен Францияға жөнелтілген  автокөлік бөлшектері жүгін ұрлау, жүк алушы швейцария­лық компания болған Маңғыс­таудағы «алюминий» ұрлығы анықталды.

Қытай халық республикасына жөнелтілген ферроқорытпаларды ұрлау фактісі бойынша Павлодар облысында бір топ адам ұсталды, келтірілген залал 370 млн теңгеден асады.

Таразда 147 тонна аммофос ұрлығы анықталды. Өзбекстанның жүк алушысына келтірілген залал сомасы 35 млн теңгені құрайды.

Теміржол және әуежайлардың кейбір қызметкерлерінің ұрлық жасау фактілері орын алды. Атап айтқанда, Қарағандыда теміржолдың үстіңгі құрылысы материалдарын ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды, келтірілген жалпы залал сомасы – 83 млн теңге. Сондай-ақ Астана қаласы әуежайында әуе жолаушыларының багажын ұрлап әкеткен жүк тиегіштер ұсталды. Қылмыс­тық іс материалдары сотқа жолданды.

– Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы қандай жұмыс жүргізілуде?

– Осыған қатысты сұрақ әрқашан өзекті. Қылмыстың бұл түріне қарсы тұру үшін біз ТМД, Қытай және басқа елдердегі әріптестерімен бірлескен жұмыстар жүргіземіз. Мәселен, биыл Қазақстан, Украина және Ресей Федерациясының азаматтары арасынан ұзақ уақыт бойы құрамында алтыны бар кенді заңсыз өндірумен және бағалы металдардың заңсыз айналымымен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың іс-әрекеті тоқтатылды. Шығын көлемі 500 млн теңгеден астам. Іс бойынша 17 адам өтіп жатыр, оның 10-ы қамауға алынды.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының ақпараты бойынша Алматы облысында көлемі 2 млн бумадан асатын, сомасы 1,3 млрд теңге болатын қырғыз өндірісіндегі акцизсіз темекі қоймасы табылды. Осылайша, қазіргі уақытта сотталған кәсіпкердің заңсыз іс-әрекетінің жолы кесілді.

– Есірткі қылмысының алдын алу үшін қандай іс-шаралар жүзеге асырылуда?

– Департамент қызметкерлерімен жүргізіліп жатқан жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында есірткі заттарын заңсыз тасымалдау фактілерінің жолын кесу және тұтастай алғанда есірткі құқық бұзушылықтарын анықтау бойынша мақсатты бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

Ағымдағы жылдың басынан бері Департамент қызметкерлерінің күшімен 400-ге жуық есірткі құқық бұзушылығы анықталды, нәтижесінде 430 кг-ға жуық әртүрлі есірткі заттары тәркіленді.

Айталық, пойызбен 25 кг марихуана тасымалдаған Түркістан облысының тұрғыны ұсталды.

«Алматы-Қостанай» бағытындағы жолаушылар пойызында 5 кг гашиш тасымалдаған Қостанай облысының тұрғыны ұсталды.

«Алматы-Ташкент» бағытындағы жолаушылар пойызында Біріккен Араб Әмірлігінен Өзбекстанға транзитпен келе жатқан Үндістан азаматы ұсталып, одан «гашиш» есірткі заты тәркіленді. Сот шешімімен оған 612 мың теңге айыппұл салынды. Қызылорда станция­сында жолаушылар пойызы жолсерігінің есірткі заттарын тарату фактісі анықталды. Оның кінәсі дәлелденіп, бас бостандығынан айырылды.

– Соңғы жылдары азаматтардың полицейлерге деген сенімі мейлінше артты десек, қателеспейміз деп ойлаймын.

– Бүгінде Ішкі істер минис­трлігі азаматтардың құқықтық санасын нығайту, полиция мен қоғам арасындағы әріптестік қатынастарды дамыту, яғни ІІО қызметінің сервистік моделін енгізу бойынша бірқатар жұмыстар жүргізуде.

Біз полиция қызметкерлерінің жұмысын түсінікті әрі халыққа ашық ету үшін көптеген іс-шаралар жүргізіп жатырмыз. Бірыңғай ақпараттық кеңістік құрып алмай қоғам мен полиция диалогын жолға қою мүмкін емес. Ол үшін барлық көлік объектілерінде QR-кодтар орналастырылған, олар арқылы азаматтардың 81%-ы көлік полициясына сенетіндерін көрсетті. Сонымен қатар, азаматтар көлік полициясының қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді.

Азаматтардың полиция қызметкерлеріне деген сенімі едәуір өсті деуге негіз бар. Оны департаменттің интернет желісіндегі ресми парақшаларына, менің блогыма және сенім телефонына жүгінетіндердің санының артуынан байқауға болады. Тіпті, көлік полициясы қызметкерлеріне өздерінің алғыстарын жеткізіп жатқан азаматтардың да саны да көбеюде.

– Бақытжан Әсембекұлы, 2024 жаңа жыл қарсаңында өзіңіздің тілегіңізді айтсаңыз.

– Жаңа жыл – қашанда әр адамның жүрегіне үкілі үміт пен аппақ армандар ұялататын мереке. Олай болса, жаңа жылда баршаңызға зор денсаулық, отбастарыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге жаңа табыстар тілеймін.

Бақытжан МАЛЫБАЕВ,

Көліктегі полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі




Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button