Әлеумет

Белсенді зейнеткерлер көбейді

Астана қаласының Есіл аудандық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері көптеген іс-шараларға қатысып, қоғамдық тұрғыда белсенділік танытып жүр.

Жалпы осы орталыққа кірген сайын барлық қызметкерлердің зейнеткерлермен қарым-қатынасы, қызмет көрсетулері ерекше екендігінің куәсі болып жүрмін. Мәселен, Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Ынтымағы жарасқан» деген атаумен ұйымдастырылған тамаша концерттік бағдарлама, Аналар күні мерекесіне «Аналар әлемі» сурет көрмесі және «Қолөнер – тоқыма» шеберлік сабағы, сонымен қатар «Батыр аналар – ел мақтанышы» атты «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгісі бар аналарды құрметтеуге арналған іс-шаралар көптің көңілінен шыққанына кәміл сенімдімін.

Астана қаласы М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында Астана қаласы ардагерлер кеңесінің және Есіл аудандық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ұйым­дастыруымен «Ардагерлер көктемі» атты көктем мерекелеріне арналған фестиваль өтті. Іс-шарада зейнеткерлерден құралған халықтық және өнер ансамбльдері өнер көрсетті. Қатысушы өнер ұжымдарына Астана қаласы әкімінің атынан алғыс айтылып, «Ықылас гүлі» ұсынылды.

Сонымен қатар «Сыр сандық» ерікті зейнеткерлер зияткерлік клубы ұйымдастырған «Не? Қайда? Қашан?» 6-шы интеллектуалдық турнирі көктемгі ойыны болып өтті. Мұнда Есіл, Нұра, Байқоңыр, Сарыарқа, Алматы зейнеткерлері бас қосты. Іс-шараны Есіл аудандық бөлім басшысы Жанар Есенаманова құттықтау сөзбен ашты. Кезегімен сөз алған зейнеткерлер арасындағы интеллектуалдық білімділер турнирінің алғашқы ұйымдастырушысы, жетекшісі Сейдалин Болатбек қатысушы командаларға сәттілік тіледі. «Ақыл көпке жеткізер, өнер көкке жеткізер» мақсатымен өткен көктемгі ойында Есіл және Байқоңыр аудандары финалға шықты. Финал қорытындысы бойынша Байқоңыр ауданы кубокқа ие болды. Есіл ауданы бойынша екінші мәрте қазақ тілінде өткен білімділер турнирі көпшіліктің көңілінен шықты.

Есіл ауданы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ұйымдас­тыруымен зейнеткерлер тарихтың қаралы бетін еске түсіретін орындардың бірі Ақмол кентінде орналасқан саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарын еске алуға арналған «АЛЖИР» мұражайына саяхатқа бардық. Бұл сапарымызда елу орындық автобусты тегін ұйымдастырып, бізге сәт-сапар тілеп шығарып салған Жанар Есенамановаға, біздің басы-қасымызда болып, бейне балаларына қамқорлық қылғандай жан-тәнімен жүгіріп жүрген Гүлшат Аубакированың еңбектеріне табыс, дендеріне саулық, отбасылық бақыт тілеймін.
Әрине, аудандық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының дұрыс жұмыстары туралы әлі де көп жаза беруге болар еді. Бұл орталықта қоғамдық тұрғыдан белсенді зейнеткерлер өте көп. Олар Астанада өтіп тұратын қоғамдық-саяси, әлеуметтік-рухани іс-шараларға тұрақты қатысып келеді. Осындай орталық ашып, зейнеткерлерге қоғаммен араласу үшін жағдай жасап берген Астана қаласының әкімдігіне айтар алғысымыз шексіз. Сонымен қатар мекеме жұмысын шынайы жанашырлықпен ұйымдастырып жүрген Мұхтар Еркетаевқа да ризашылығымызды білдіреміз.

Түйіндеп айтқанда, зейнет­керлер үшін осындай жағдай жасала берсе, аға ұрпақтың қоғамға берері әлі де көп болар еді. Шын мәнінде, елордамызда белсенді зейнеткерлер көбейіп келеді.

Күләш ШҮРЕНОВА,
ардагер-ұстаз, Білім беру ісінің үздігі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button