Ел тынысы

Білім сапасы және оған әсер етуші факторлар

Қазіргі кездегі білім берудегі басты мақсат – жан-жақты білімді, өмір сүруге бейім, өзіндік ой-талғамы бар, адамгершілігі жоғары, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны тәрбиелеу. «Адамға құлақ пен тіл қалай керек болса, білім де дәл солай қажет» деп А.Байтұрсынұлы атамыз айтқандай, қазіргі таңда адам неғұрлым идеялық жағынан білімді болса, соғұрлым өз ісінде табанды, табысты, мығым болмақ.

Сапалы білім беру дегеніміз – ғылымға негізделген жүйелі бағдарлама бойынша теориялық, практикалық іске қабілетті, еңбекке баулу, дүниетанымын кеңейту және баланың бойындағы бар қабілетін кемеліне келтіріп жан-жақты тұлға тәрбиелеу болып табылады. Оқыту мен тәрбиелеудің үздіксіз процесі – сапалы білім беру.

Қазіргі таңдағы оқытудың әдіс-тәсілдері өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңартылып, жаңаша ой-пікір пайда болды. Осыған байланысты мұғалімдер алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі – әлеуметтік, экономикалық өзгермелі жағдайларда өмір сүруге дайын болып қана қоймай, сонымен қатар оны жүзеге асыруға, жақсартуға игі ықпал ететін жеке тұлғаны қалыптастыру. Ұлы педагог Ы.Алтынсарин «Оқытушы бағалағанда олардың іске қатысы жоқ сөздеріне қарап емес, олардың егістерінің бетіне шыққан жемістеріне, яғни оқушыларына қарай бағалау керек» деп айтқандай, оқушы жетістігін нақты бағалау мәселесі – білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі. Осы қажеттілікті шешу жолдарының бірден-бір жолы оқушы білімін критериалды бағалау жүйесі бойынша саралау.

Критериалды бағалау жүйесіндегі ең маңызды нәрсе – оқу процесінің өзі, сол арқылы оқушы өзін-өзі бағалауды үйреніп, өз білімінің артықшылықтары мен кемшіліктерін көріп, әрі қарай қалай даму керектігін түсінеді, яғни бұл жүйеде оқушының қалай жұмыс жасағаны, қалай ойланғаны бағаланады. Өз кезегінде, білім беру сапасын жоғарылату оқушылар жетістіктерін бағалаудың нақты критерийлерін жасауды талап етеді. Бағалаудағы ерекше амал – критерий арқылы бағалау. Критериалды бағалау – бұл білім берудің мақсаты мен мазмұнына негізделген оқушының оқу-танымдық құзырлығын қалыптастыруда алдын ала белгіленген жетістіктермен салыстыру үрдісі, белгілі бір критерийлер арқылы бағалау. Жаңартылған білім берудің маңызы – оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмысын жүргізу, тәжірибе жасау, АКТ-ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті тиімді оқыту әдіс-тәсілдерді

 

(бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі, бағалаудың тиімді стратегиялары) қолдану. Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі – спиральді қағидатпен берілуі. Бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериалды бағалау жүйесіне өтеді. Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығымен өлшенеді. Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен бағаланады: бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ). Баланың жан-жақты ізденуіне ынталандырады. Критериалды бағалау жүйесі Филиппин, Сингапур, Жапония, Франция, Финляндия сынды дамыған елдерде пайдаланылады. Бұл бағалау жүйесінің артықшылығы – баланың ойлау қабілетін дамытып, ғылыммен айналысуына ықыласын туғызады. Қалыптастырушы бағалау күнделікті оқыту мен оқу үдерісінің ажырамас бөлігі болып табылады және тоқсан бойы жүйелі түрде өткізіледі. Қалыптастырушы бағалау үнемі жүргізіле отырып, оқушылар мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және балл не баға қоймастан оқу үдерісін түзетіп отыруға мүмкіндік береді. Жиынтық бағалау оқу бағдарламасының бөлімдерін (ортақ тақырыптарын және белгілі бір оқу кезеңін (тоқсан, оқу жылы, орта білім деңгейі) аяқтаған оқушының үлгерімі туралы ақпарат алу мақсатында балл және баға қою арқылы өткізіледі.

Зерттеу дағдысын барлық пәндердің аясында қарастыруымыз керек. Осы бағыттағы ерекшелік – сабақты жоспарлау барысында тапсырмаларды саралау. Ол да педагогикалық әдіс-тәсілдің бірі, яғни тапсырманы оқушының деңгейіне қарай беру. Сол тәсіл саралау деп есептеледі. Білім беру мазмұнындағы жаңалық – осы саралау тәсілі. Орта білім мазмұнын жаңарту аясында пән бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру курсының білім беру бағдарламасында оқу мақсаттарына сай сабақ мақсаттарын саралау жұмысы тұр. Ол оқушылардың қажеттілігін қанағаттандыру және кері байланыс жаңа оқу бағдарламасының оқу жоспарын рәсімдеуге маңызды рөл атқарады. Бірінші кезеңнің маңызы оқушылардың мықты тұстары мен олардың кездестіретін қиындықтарын анықтаудан тұрады. Бұл көп жағдайда оқушылардың ауызша жауаптарынан бақылау арқылы және жазбаша жұмыстарын оқып тексеру арқылы жүзеге асады. Сонымен қоса, бұл ақпарат әр оқушының үлгеріміне мықты тұстары мен олардың кездестіретін қиындықтарын анықтаудан тұрады. Бұл көп жағдайда оқушылардың ауызша жауаптарын бақылау арқылы және жазбаша жұмыстарын оқып тексеру арқылы жүзеге асады. Сонымен қоса, бұл ақпарат әр оқушының үлгеріміне көмектесетін педагогикалық қызметтерді жоспарлау үшін пайдаланылады.

Жалпы оқушылардың қажеттілігін қамтамасыз ету дегенді қалай түсінеміз? Барлық мұғалім балаларға білім беруде барынша жоғары жетістіктерге қол жеткізу үшін қолайлы орта жасауға тырысу керек. Кейбір мұғалімдер түсінбей жатады. Әр мұғалім күнделікті сабақ жоспарын құруда оқу мақсатын басшылыққа алып, сабақ мақсатын да нақты саралай алуы керек. Мысалы, барлық оқушылар; оқушылардың көпшілігі; кейбір оқушылар. Оқушы осылай сараланады. Бірақ бала кім қандай деңгейде екенін білмеуі керек. Енді кезек тапсырмалар дайындау. Қалай? Барлық балаларға арналған тапсырмалар оңай тапсырмалар болуы керек. Тапсырмаларды сыныптағы барлық оқушылар орындай алса дейміз. Одан соң оқушылардың көбісі не басым бөлігіне берілетін тапсырмалар енді сәл күрделірек болып, ал кейбір оқушылардың тапсырмасы одан да күрделірек болса. Сыныптағы кейбір балалар талантты, дарынды. Ол оқушыларға шығармашылық тапсырмалар, жоба жасау тапсырмалары берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл жерде тапсырмаларды саралауда оқушылардың жас ерекшелігі мықты ескерілуі тиіс, яғни мұғалім оқушылардың жекелеген танымдық дамуын зерттеп алуы керек. Танымдық даму дегеніміз – баланың оқуға деген қабілеттілігі, сондай-ақ зейіні, сөз сөйлеу дағдылары, ойлауы, жадысы (материалдарды қай бала қалай еске сақтай алады), пайымдауы, шығармашылығы. Міне, осы жайттарды ескере отырып, сыни ойлай алатын тапсырмалар дайындау керек. Тапсырмалар дайын болды. Енді оны оқушыларға қалай береміз? Осы кезде мұғалімге тиімді әдістер ауадай қажет. Сондықтан ол әдістерді таңдау мұғалім шеберлігіне байланысты. Саралаудың мәні мынада: бір сыныпта, бір бағдарламамен және бір оқулықпен оқи отырып, оқушылар оқу материалын әр түрлі игереді. Бұл жерде анықтаушы ретінде міндетті дайындық деңгейін атауға болады. Оның жетістіктері материалды игеру бойынша қажетті шағын талаптарды оқушының орындағанының айғағы болып табылады. Осының негізінде материалды игерудің жоғары деңгейі қалыптасады. Өскелең және жасөспірім шақтарында балаларда танымдық қабілетінің белсенді үрдісі жүреді. Жасөспірімдер қисынды ойлай алады, өзіндік талдауды біледі, теориялық жағынан ой саптай алады. Олар адамгершілік, саяси және басқа да тақырыптарда өз ойларын еркін жеткізе біледі. Сондықтан шығармашылық деңгейде жұмыс істейтін оқушылар үшін талдауға, салыстыруға қатысты, дәлелдеуді, мәндісін бөліп алуды және бағалауды қажет ететін тапсырмалар беруге болады. Сонымен қатар, егер бала тек маңызды проблемаларға назар аударса, онда кейбір маңызы бар мәселелер назардан тыс қалуы мүмкін. Материалды игеру деңгейін, оны оқу жылдамдығын, бақылау тәсілдерін таңдауға оқушыларға ерік бере отырып, тек қарқынды, мақсатты еңбек арқылы ғана еркін бола аламыз, өз білім, білік дағдыларын тексеруге мүмкіндік береді. Сараланған тапсырмалармен жұмыс

істегенде көкейтесті, жақын даму аймақтарын есепке алу маңызды. Ол үшін жұмыс нәтижелеріне үнемі бақылау жасап отыру қажет.

Жалпы өз тәжірибемде сабақ барысында деңгейлеп-саралап оқыту технологиясын қолдану оқушылардың орындаған тапсырмалары олардың оқудағы жетістіктері мен кемшіліктерін анықтауға мүмкіндік беретінін түсіндім. Мұғалім қажетті білімнің оқушы үшін қай жері қиын болғанын анықтап, қосымша тапсырмалар арқылы оқушылардың білім деңгейін арттыруға жағдай жасау үшін сыныпты топқа бөліп оқытқан дұрыс деп санаймын.

Кез келген мектептерде орыс тілі мен ағылшын тілі пәндерінде оқушыларды топқа бөлу қарастырылған, ал білім беруді, соның ішінде, өз тіліміз бен тарихымызды танытқымыз келсе, негізгі пәндерді мысалы қазақ тілі мен әдебиеті, тарих, математика пәндерінен топқа бөліп оқытуды алдағы уақытта қарастырған жөн деп ойлаймын. Өйткені оқушыларды топқа бөлу сыныптағы әр оқушымен жеке жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Себебі бұл пәндер Ұлттық бірыңғай тестілеуде (ҰБТ) және Білім алушылардың білім жетістіктеріне мониторинг (ББЖМ) жасауда үлкен рөл атқарады.Қазіргі таңда мектептердің білім сапасы осы мониторинг арқылы анықталып отыр.

Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін шынайы өмірдегі қажеттіліктеріне жарата білсе,осының өзі біз үшін үлкен жетістік.Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Ұстаздар алдында жауапты да улкен міндет тұр. Ол-оқушыларды ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында білімділігі мен және бойындағы қажетті дағдыларымен табысты болуға жетелеу.

 

Білім берудің қазіргі кезеңі мұғалімнен кәсіби деңгейін, әсіресе оқушылардың сабақтағы танымдық іс-әрекетін ұйымдастырудың түрлері мен әдістерін, жаңартылған білім технологияларын тұтастай жетілдіруді талап етеді. Осы міндеттерді шешу үшін оқу процесін ұйымдастыруда ұтымды технологиялар мен неғұрлым икемді тәсілдерді табуға   тура   келеді. Дәстүрлі педагогикалық технологиялардың ұтымды жақтары бар: мысалы, оқу үрдісін нақты ұйымдастыру, оқытудың жүйелік сипаты, мұғалімнің жеке тұлғасының сабақтағы қарым-қатынасының оқушыларға әсері. Инновациялық технологиялар оқушыны білім беру процесінің басты кейіпкері ретінде анықтайды, бірақ мұғалімнің рөлі білім алудың өзгеруіне байланысты арта түседі, өйткені қазір сабақтың мүмкіндіктері кеңейе түсуде.

Заманауи сабақ – оқытуда демократиялық және жеке тұлғаға бағытталған тәсілдер қолданылған, тиімді ақпараттық-дамытушы технологиялар түрткі болатын шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалім мен ойланатын оқушының белсенді ынтымақтастығы.

«Тиімді сабақ – білім сапасын көтеру» жобасының мақсаты – оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетін ұйымдастырудың стандартты емес, тиімді формалары мен әдістерін табу және дамыту. Бұл – оқу процесінің

сапасын арттырудың негізгі факторы, оқушының сабақтағы білімдік мақсатты жүзеге асыруда жетістікке жетуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда қоғамда болып жатқан әлеуметтік- экономикалық өзгерістер мен еліміздің білім беру саласының әлемдік білім кеңістігіне өтуі білім беру саласында, соның ішінде тәрбиелеу мен оқытуға уақыт талабына сай өзгерістер енгізуді талап етіп отыр. Сапа категориясы – білімдендіру қызметтерін бағалау, әдістемесін үйрену.

Аттестация – педагогтың квалификациялық санатына сәйкестілігін анықтау үшін жүргізілетін зерттеудің сапалық белгісін анықтай отырып, білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие үдерісі сапасының белгілері мен көрсеткіштерін тиімді және нақты қолдануды дамыту.

Бағалау бірінші кезекте білімнің сапасын айқындау үшін қажет. Егер де біз өз жұмысымызда елеулі табыстарға қол жеткізгіміз келсе, онда өткен уақыттағы және қазіргі нәтижелерімізді анықтауымыз керек, яғни жұмысымыздың оң және толымсыз жақтарын айқындап, оны бағалауымыз қажет.

Білім беру сапасын бағалауға: мәліметтерді жинау жүйесі және алғашқы өңдеу, білім беру сапасын талдау және бағалау, барлық субъектілерін статистикалық және талдаулық ақпаратпен қамту жүйесі жатады. Қызмет әр компонент бойынша білім беру сапасын бағалауды іске асыру уақыт тәртібімен анықталады.

Мониторинг негізіндегі оқу-тәрбиелік кешенді бағасы білім беру ұйымдарының оқу-тәрбиелік үдерісінің сапа баға беру жүйесін қайта ойластыруды, балалардың оқу жетістектердің сыртқы бағалауды, қызмет сапасының жүйелілік талдау жүргізуді, объективті ақпараттың ашықтығы мен қолжетімдігін қамтамасыз етуді қажет етеді.

Алдын ала бағалау – тестілеу, кейін аттестациялау мен объективті бағалауларды жүргізбей саланың тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, іс- әрекетте ұйымның да, жеке адамның да оң нәтижеге жетуі қиын екені түсінікті болып отыр. Сондықтан объективті бағалау өткізуге басшылар да, қызметкерлер де мүдделі болуы тиіс.

 

Жұмагүл Тлеулесова,

Ә.Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейі

директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button