Денсаулық

Бір күндік клиника

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Астана қаласы әкімдігінің әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының бастамасымен 2024 жылғы 24-28 маусым аралығында елордада бүкіл республика бойынша репродуктивті денсаулық апталығы өтеді.

Іс-шараның мақсаты – репродуктивті денсаулықтың маңыздылығын  арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау.

Осы акция аясында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Парламенті мәжілісінің
депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева, Астана медицина университетінің «Акушерлік және гинекология» кафедрасының меңгерушісі, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс акушер-гинекологы Зайтун Хамидуллина, елордалық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бас инспекторы-хатшысы Қарлығаш Саркенова бастаған ханымдар №2 қалалық көпбейінді ауруханаға барды.

Айта кету керек, биыл 1 сәуірден бастап аталмыш аурухана базасындағы «Ұрықты қорғау орталығында» ұрықтың патологиясын уақытылы анықтау үшін елордада алғаш рет «Бір күндік клиника» жобасы есігін айқара ашты. «Клиника» жүкті әйелдерге бір күн ішінде бірінші триместрде перинаталдық скрининг жүргізудің жаңа бірегей тәсілін ұсынады. Осы күннен бастап жүкті әйелдер барлық қажетті қызметтерді бір күнде бір жерден ала алады. Бұл жүкті әйелге ультрадыбыстық жазбалардың, зертханалық тексеруге қан тапсырудың, салалық мамандарға және сол күні клиникаға барған кезде нәрестенің денсаулығы туралы толық білуге әрі уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Жоба аясында жүкті әйелдер биохимиялық және бірінші триместрдің ультрадыбыс­тық скринингінен өте алады, қажет болған жағдайда генетиктен кеңес ала алады және мұның бәрі бір күнде және бір жерде жүргізіледі.

Жалпы ерлер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығын сақтау үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттер еліміздің 2030 жылға дейін отбасылық және гендерлік саясатты дамыту тұжырымдамасында көрсетілген.

«Репродуктивті денсаулық апталығы жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығының маңыздылығын, қажетсіз жүктілік пен жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу әдістерін, АИТВ-инфекция­сы мен жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың көбеюі және жатыр мойны обырын тудыратын адам папилломавирусының алдын алу қажеттілігі сияқты мәселелерді шешуге бағытталған. Апта аясында ақпараттық-ағарту іс-шаралары, денсаулық орталықтарында  ашық есік күндері, жасөспірімдерге арналған тегін медициналық тексерулер мен консультациялар ұйымдастырылады» деді Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы, бас инспектор Қарлығаш Саркенова.

Делегация мүшелері жасына және дағдыларына сәйкес ақпаратқа кең қолжетімділікті қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарында қауіпсіз жыныстық мінез-құлық, соның ішінде жыныстық өмірдің басталуын кейінге қалдыру мәселелері бойынша тегін кеңес беру қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ жатыр мойны обырының деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретін ата-­анасының келісімімен 11 жастағы қыздарға адам папилломавирусына қарсы вакцинация жұмыстарын жалғас­тыру назарда. Болашақта әйелдер жыныс мүшелерінің дамуындағы бұзылулар мен туа біткен ауытқуларды ерте диагностикалауға, қыздар мен жасөспірімдерде репродуктивті функцияны уақтылы хирургиялық түзетуге және қалпына келтіруге бағытталған арнайы бағдарлама әзірлеу жоспарлануда.

Репродуктивті денсаулық апталығы – бұл репродуктивті денсаулық туралы сенімді ақпарат алудың, білікті мамандарға сұрақтар қоюдың, скринингтен өтудің және салауатты болашаққа қадам басудың бірегей мүмкіндігі.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button