Uncategorized

Birgemiz жеңімпаздарына 300 мың теңгеден беріледі

Қазақстанда Birgemiz жалпыұлттық жобасы аясында волонтерлік бастамаларды жүзеге асыру үшін бөлінетін шағын гранттар байқауының жеңімпаздары анықталды. Мемлекет тарапынан байқау аясында жалпы 72 миллион теңге сомасында 240 шағын грант бөлінді, олардың әрқайсысы 300 мың теңгені құрайды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. 

Жеңімпаздардың бірі, Ақтөбе облысының тұрғыны Наталья Дементиевская «Инсультке бірге қарсымыз» жобасын жүзеге асыруда. Гранттың көмегімен ол ауруханадан шыққан науқастарды оңалту шараларын жүргізе алады. Сондай-ақ қан айналымының жедел бұзылуынан зардап шеккен науқастардың туыстарына күтім жасауды үйрете алады.

Басқа да маңызды бастамалар қолдау тапты. Павлодар облысынан келген Серікболсын Қинаятов Баянауыл өңіріндегі табиғат ескерткіштерін сақтаумен айналысады.

Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында «Ғажайыптар әлемі» оңалту және дамыту орталығы» қоғамдық ұйымы «Көмек қолын соз, достық қолын соз!» жобасын жүзеге асыруда, оның аясында волонтерлер өмірлік қиын жағдайдағы балалар мен жастарды әлеуметтік тұрғыда бейімдеу үшін тәлімгерлікке баулиды.

Жалпы, волонтерлер ел өңірлерінде Birgemiz жобасының әртүрлі бағыттары бойынша 200-ден астам іс-шара өткізеді.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» қолдауымен жүзеге асатын «Birgemiz» жобасы – еліміздегі еріктілер қозғалысын қолдауға бағытталған бірегей бастама. Жоба үш жыл ішінде жергілікті өңірлерде көптеген маңызды іс-шараларды жүзеге асыруға үлес қосып, тиімділігін дәлелдеп келеді.

Биыл Birgemiz жобаларын жүзеге асыратын 8 үкіметтік емес ұйым байқауға қатысушылардан мыңнан астам өтінім қабылдады. Birgemiz жобасы волонтерлер қозғалысын дамытуға және Қазақстандағы азаматтық қоғамды нығайтуға ықпал ете отырып, азаматтарды жергілікті мәселелерді шешуге тартады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button