Қоғам

Бойына өнер дарыған еді



Оралдан Арқа төсіне мекенжай ауыстырып келгенде алғаш танысқан адамымның бірі Әбекең – Аманкелді Жұмабек болды. Қарбалас жұмыс күндерінің бірінде «Астана ақшамы» газеті редакциясына ақ қырау шалған, толқынды, қалың шашы иығына түскен жігіт ағасы кіріп келді. Қасында көзілдірікті шойын қара етжеңді адам бар.

«Осында қаламы ұш­қыр журналистер келді» дегенді естіп, сәлем бере келдік» деді ол шағын бөлмеде отырған бес-алты адамға шола қарап.

Есік жақта отырған журналистер марқұм Сағат Ошақбаев пен Айт­қадыр Тілеуов ұшып түрегеліп амандасып, хал-жағдай сұрасып жатыр. Мен де орнымнан тұрып, қол беріп, ізет жасадым. Әріптестерімнің әп дегенде келген адамдармен әңгімесі жарасып жүре берді. Көп кешікпей қонақтармен жақынырақ таныстық.

– Аманкелді Жұмабек деген – ақын, әнші, аудармашы ағамыз, – деді Сағат.

Қасындағы кісі жа­зушы, композитор Ескермес Иманбаев екен. Бұ­ған дейін екеуі астана Арқа төсіне қоныс аудара бастағанда, «Ақмола – бас қалам» атты ән жазып, ол ән қаланың халықаралық тұсаукесерінде орындалған екен. Енді, міне, шаһардағы бір оқу орны сол әннің шығармашылық авторларымен кездесу өткізіп, ағаларымыз содан оралып келе жатқан беті екен. Сол алғашқы кездесуіміз кейін аға мен інінің арасындағы риясыз сыйластыққа айналды.

Әбекең жақсы ақын еді. Сезімге толы лирикалық өлеңдерімен қатар азаматтық пафостағы жыр­ларының өзі неге тұрады?! Бір күні кештетіп ол телефон соқты. «Ау, інім, не шаруа істеп жатырсың, қолың бос па?» деді. «Иә, үйдемін, қолым бос» дедім.

«Онда ағаңның сиясы кеппеген туған жер туралы өлеңін тыңда» деді. Өзінің өскен өлкесі – Ерейментауына деген перзенттік парызын жыр тілінде шымырлата жеткізіпті. Өзіне тән адуынды ырғақпен төкпелете оқыған сол өлеңінің тек жадымда «Қаталадым дейін бе, От аламын де­йін бе? Бір өзіңнен басқаның, Бәрін қоям кейінге» деген төрт шумағы ғана қалыпты.

Әбекең кезінде Алматыға барып, дарынды ақындар марқұм Кеңшілік Мырзабеков, Дәуітәлі Стамбеков пен қазіргі замандасы Серік Тұрғынбековпен қатар жүріп жыр оқығанын айтып отыратын. Талай әдеби ортада мақталып, аузы дуалы жыр дүлдүлдерінің батасын да алған. Поэзияны жақсы көрді. Көптеген ақынның өлеңдерін жатқа оқитын. Өзі де сезімді селт еткізетін керемет өлеңдер жазды. Бірақ оны жинақтап, кітап етіп шығара қоймапты. Соның сырын сұрағанымда «құнтсыздық қой» дейтін де, әзілге шаптырып: «Ақынмын атағы жоқ, кітабы жоқ. Ойлама соған қарап, құсалы деп, Ақ пейіл көңілімнің көгершіні ауламда әрлі-берлі ұшады кеп» деп бір шумақ өлеңмен жауап беретін.

Аманкелді ағамыз жақ­сы әнші еді. Талай ортада, қатарластарының арасында «Бір баланы» шырқағанда, соншама асқақ дауысының кең диапазонына таңғалатынбыз. Егер шындап айналысса, Әбекеңнің тәп-тәуір әнші болатынына күмән жоқ еді.

Бірде журналист Ескендір Ертай екеуміз бір мереке қарсаңында орталық телевидениенің дикторы Әбдірәлі Бөлебайдың жұмыс орнына бара қалдық. Сәлем беріп, кіріп барсақ, Әбдірәлінің бөлмесінде, қасында тағы бір танымал адам бар, Амангелді ағам отыр екен. Біраз қуды-қашты әңгімеден кейін Әбекең «мен мына екі інімнің құрметіне ән айтып беремін» деп «Мариям Жагорқызы» мен «Бір баланы» әуелетті. Жаяу Мұсаның «Ақсисасы» мен Мәдидің «Қаракесегінен» бір қайырды. Қай әнді айтса да кәсіби әншілердей беріле, әннің табиғатына бойлай, жан-тәнімен түсіне шырқай­тыны сүйсіндіретін.

«Егер адам талантты болса, барлық жағынан да талантты» деген сөз осы Аманкелді ағамызға арналып айтылғандай. Ол тамаша аудармашы болды. Мектептен кейін Новосибирск қаласының темір жол институтына түсіп, екі курстан кейін отбасы жағдайымен оқи алмай қалмағанда, ол қазір өндіріс саласының ірі маманы болуы мүмкін еді. Дегенмен сол кездегі тәжірибе оны орыс тілін жетік меңгеруге әсер еткен. Кез келген адамның тісі батпайтын кітаптарды Әбекең қиналмай аударып жүрді. Бұл бағытта ол кісіден үйренгеніміз өте көп. «Аударманың жолма-жол, мағыналық және синхронды деген үш түрі бар. Соның қай-қайсысына да асқан жауапкершілік пен білім қажет» дейтін ол.

Бір күні Әбекең телефон соқты. «Інім, мен ­науқастанып қалдым. Екі рет ота жасатып, енді, міне, үйде жатып ем алып жатырмын. Біраз ой туды, соны қағазға түсіріп, 10-15 жаңа өлең жазып тастаппын. Газет басшылығымен келістім. Оң болғыр жігіттер «беріңіз өлеңіңізді» деп отыр. Соны сен келіп алып кетіп, Ғалымның қолына тапсыршы» деп өтініш айтты.

Ағамыз Мақсот Нәрікбаев көшесінің бойындағы соңғы сәулет үлгісімен салынған зама­науи зәулім үйлерден кең де жарық пәтер алған екен. Мені есік алдында қарсы алды. «Қоныс құтты болсын, Әбеке!» дедім. «Балам Дархан алып берді. Ұлым үмітімді ақтады» деп ол осы сөзді ерекше бір көңіл күймен, асқан мақтанышпен айтты.

Маржандай тізіліп, тасқа басылған бір топ өлеңдерін ұсынып жатып: «Бойыма 11-12 жасымда қонған өнер еді. Осындай жаным қиналғанда серік етемін. Өзі келеді маған өлең. Сан ойлар мазалап, солардың жүрегімнен өткенін қағазға түсіремін» деп сырын ақтарды.

Тынысын тіршіліктің тынбай бағып,

Күніне жүз толғанып, мың ойланып.

Ой бұлтынан үзіліп түсіп келем,

Бір тамшы жырға айналып, – депті Әбекең бір өлеңінде. Қандай терең мағына десеңші! Осы өлең топтамасы көп кешікпей «Астана ақшамы» газетіне де жарияланды.

Әбекең тағы телефон шалды. «Інім, «жақсылық жасасаң – бүтін жаса» деген, енді газетке шыққан сол өлеңдерімді әкеліп берші» деді.

Түскі асқа Төлеш апай тәтті шай дайындап қойыпты. Біз ұзақ әңгімелестік. Өйткені Әбекең мені жібергісі келмеді. Сәл де болса қасымда болсын деді ме екен. Әңгімеден-әңгіме өрбітіп біраз отыр­ды. Кетерімде «мынау саған ағаңның ілтипаты» деп үстіме шапан жауып, құшағына қысып ұзақ тұрып алды. Сосын «Аман жүр, айналайын!» деп ағалық ақ тілегін білдірді. Бұл менің ақжарқын, абзал ағамды соңғы рет көруім екен.


Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button