Ел тынысы

«Болашақ» түлегіне қатысты сот отырысы өтті

Астана қаласының Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның Мақпал Дәрібаева мен Наталья Воробьевадан қарызды өндіру туралы арызы бойынша сот отырысы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Айта кетейік, Валерия Гавриленко «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияға оқуға кетіп, содан қайтқысы жоқ. Оқу ақшасын толық төлемесе де, кепілге қойған мүлкін шығарып алған. Ал Халықаралық бағдарламалар орталығы болса оқудың ақшасын, яғни 30 млн теңге мемлекет қаржысын гарант болған үшінші тараптан талап етіп отыр.

Үшінші тарап деп отырғанымыз Валерия Гавриленкоға гарант болған бұрынғы әріптестері – Мақпал Дәрібаева мен Наталья Воробьева. Белгілі болғандай, 2016 жылы «Болашақ» стипендиясының иегері атанған В.Гавриленко «Қыздар, көмектесіңдер! Мен 2 үйімді кепілдікке қоямын, сендерге ешқандай қауіп төнбейді. Мен оқуымды бітіріп, елге ораламын» деп екі әріптесін гарант болуға көндірген. Осылайша, әріптестері кепілге жетпей тұрған 6 млн теңгеге гарант болған.

Валерия Гавриленко өзі кепілге қойған екі пәтерді 2019 жылы шығарып алған. Сол уақыттан бері шетелде тұрып жатыр. 2021 жылы «Болашақ» Мақпал Дәрібаева мен Наталья Воробьеваға сот арқылы шағым түсірген. Халықаралық бағдарламалар орталығы дауды медиация тәртібімен реттеу туралы өтінішпен жүгінген. Негізгі борышкер Валерия Гавриленконы да тарту бойынша өтініш білдірген.

Бүгінгі сот отырысында судья даудың медиация тәртібімен шешілуі үшін сот процесін кейінге қалдырды. Алайда жауапкер Мақпал Дәрібаева денсаулығына байланысты кезекті сот отырысына қатыспауы мүмкін екенін айтып, сотта сөз сөйлеуді сұрады.

«2016 жылы кепілдік келісімге қол қойған кезде Гавриленконың 2 пәтерді кепіл ретінде тіркегенін білдім. Сол үшін де гарант болуға келістім. «Болашақтың» біздің үстімізден сотқа берген шағымы негізсіз деп есептеймін. Олар өздері 2 пәтерді заңсыз беріп жіберген. Енді бүкіл қарызды біздің мойнымызға ілмекші. Министр Саясат Нұрбек айтқан келісім жоқ деп ойлаймыз. Олар біржақты түрде қарызды бізден өндіріп алмақшы. Неліктен сот бұл істі бірде-бір кепіл болмағандай қарастырып отыр? Әділдік қайда? Соттан талапты қанағаттандырудан бас тартуды талап етеміз», – деді ол.

Сотталушылардың адвокаты Айжан Алина несие берушінің кінәлі екенін алға тартып отыр.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы басшысының кепілге қойылған мүлікті кепілден босатуға қол қойғанын көріп отырмыз. Пәтерлер кепілден шығарылып, басқа адамдардың атына аударылған. Қазір ол үйде Гавриленконың анасы тұрып жатыр деген ақпарат бар. Кредитордың өзі заңсыз әрекеттерінен кепілсіз қалып отыр. Егер кепіл заттан айырылмаса, гарант болған жандар сот залында көз жасын сүртіп отырмас та еді», – деді Айжан Алина.

Адвокаттың айтуынша, кепілдік туралы шарт бойынша және кепілдік туралы Азаматтық кодекстің ережесіне сәйкес кепілгерлер негізгі борышкер міндетін орындағанға дейін жауапты болады.

«Бірақ кепілдік шарты оқытуды ұйымдастыру туралы шартқа байланысты. 2022 жылы бұл міндеттемелер шарттан сот шешіміне ауысқандықтан, шарт өз күшін тоқтатты. Енді Гавриленконың міндеттемесі шарттан емес, соттың шешімінен туындайды, ал кепілдік шарты оқыту шартының орындалуын қамтамасыз етті. Менің ойымша және осындай сот шешімдерін шығарған адам ретінде айтарым, қазір кепілдік берушілерге талап қою мүмкін емес», – деді ол.

Екінші жауапкер Наталья Воробьева Гавриленко байланысқа шығып, кешірім сұрау былай тұрсын, өзін бұл бағдарламаның құрбаны екенін айтқан.

 

Сурет: ortcom.kz

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button