Басты ақпаратҚоғам

Болашақтың медиасы қандай болады?

Бұл мәселеге келгенде тап басып, мынадай болады деп біржақты пікір айту орынсыз. Өйткені медианың даму үдерісі тез өзгеруде. Күн сайын жаңа бір медиа формат пайда болуда. Ақпарат тұтынушының әдебі мен таңдауы жылдам өзгерген заманда бағалы, сапалы хабардан гөрі жеңіл, мән-мағынасы жоқ дерекке деген сұраныс артты. Адамдар өзінің ой-санасына қажетті, дүниетанымын қанағаттандыратын ақпаратты іздейтін болды. Қош делік.

«Кем ақылға» тосқауыл оя аламыз ба?

Қазіргі кезде «кем ақыл» («цифровое слабоумие») деген сөз тіркесі жиі айтылып жүр. Былайша айт­қанда, бренд. Эволюция адамзат баласына зиянын тигізетін кезеңде өмір сүріп жатырсыз. Адамның миы айналасынан көбірек ақпарат жинай алатындай етіп жаратылған. Бұған дейін «көп оқысаң көп білесің, жұрттан озасың» деген қағидат болған. Ал цифрлық технологиялар мұны өзгертті. Қазір жаңаша ақпарат (пайдалы және зиянды) біздің ой-санамызды қоршап алды. «Кем ақыл» деген осыдан шықты. Зиянды ақпаратты күн, сағат, минут сайын санасына сіңірген ұрпақтың ақылы кеміді, миы шаршады, санасы уланды. Кей-кейде мұны «клиптік сана» («клиповое мышление») деп атап жүрміз. Яғни кез келген ақпаратты үстірт, немқұрайды қабылдайтын адам. Ол бір ақпардан екіншісіне «секіреді», ешқайсысына нақты құлығы жоқ. Өзіне не керегін білмейді, желідегі ақпаратты сапырып қарап, уақытын «өлтіреді». Демек, бақылаудың жоғы адамдардың санасына қауіп төндіре бастады. Мұны алдын ала біліп, зерттеген өркениетті елдер жас ұрпақты зиянды ақпараттан қорғайтын заң шығарып, «кем ақылға» тосқауыл қоюдың жолын іздеуде. Біздің қоғамда бұл мәселеге қатысты өткір, батыл пікір айтылуда. Алайда әзірше барлығы сөз жүзінде ғана. Бұдан бізді кім құтқарады? Әлбетте, дәстүрлі БАҚ-қа арқа сүйеген қоғам мұндай мәселемен күресте нақты нәтижеге жететіні анық. Өйткені ол сенімді ақпарат таратады.

Жасанды интеллекттен қауіп бар ма?

Қазір бүкіл әлем жасанды ин­теллектке елеңдеп отыр. Елеңдемегенде қайтсін, адамзат баласы ашпаған ғылыми жаңалықты жасанды интеллект ашып беруде. Демек, ғылымдағы төңкерістің табалдырығында тұрмыз деген сөз. Осыны әу бастан-ақ аңғарған АҚШ пен Қытай жасанды интеллектті өте қарқынды дамытып, триллиондаған ақша құйып жатыр. Мысалы, Google жасаған бір керемет алгоритм бар. Бір ғана сөзді жазсаң, сол сөзге 1 минуттың ішінде ролик түсіріп береді. Мұндай жаңалық бұрын-соңды болып па еді?! Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек Қазақстан қазір жасанды интеллект төңкерісінің алдында осы технологияны түсінетін және түсінбейтін елдердің арасында тұрғанын айтады.

«Егер әлемдік ғылымдағы шы­найы бәсекеден қалып қоймаймыз десек, онда жасанды ин­теллектке қаражат салып, осы салада озық тәжірибесі бар елдермен қарым-­қатынас жасап, маман даярласақ, онда ортадағы елдер тобына қосыламыз» дейді ол.

Жаңа заманда адамдардың өзінің қолымен жасалған роботтар өздеріне қарсы шығуы мүмкін бе? Мұндай сауал да ғалымдарды ойландыра бастады. Журналистер болашақта қажеттілік болмайтын мамандықтардың қатарына кіріп кетпей ме? Менің ойымша, қандай жасанды интеллект болса да, журналистің ақыл-ойын, ұшқырлығы мен тапқырлығын тап басып, көшіре алмайды. Демек, жұмыссыз қаламын деп қорқатындардың қатарында тілшілер жоқ. Әзірге роботтар шығармашылықпен айналысатын адамның суперхатшысы, мықты кеңесшісі немесе білікті ассистенті болып қала береді. Керісінше, программаланған роботтарды адамдарға қарсы пайдаланатын қара ниетті жандардан қауіп көп. Бұл жерде бір анық нәрсе бар, қандай робот болса да журналистің зердесін көшіріп ала алмайды.

Интернетте жалған мәлімет көбейді

Қазір біз интернет заманында өмір сүреміз. Алайда ол жұрттың бәріне бірдей ақпарат таратпайды. Пайдалы, қажетті, сенімді ақпаратты айтып отырмын. Қарап отырсақ, қазір жаһанторда жалған мәлімет те, поляризация мен бөлінуді ұлғайтатын ақпарат та көп. Осыны қаперіне ұстаған білікті, сапалы журналист тұтынушысына объективті, шынайы, өзекті ақпарат ұсынып отыруы тиіс. Бұл жерде журналистер бір орында тұрып қалмай, жаңа заманға бейімделіп, медиаиндустриядағы өзгерістерге болжам жасап отырса ғана ұтады. Осы бетімен кете берсек, көп ұзамай интернеттің жылдамдығы тез өсіп, құны арзандайды. Яғни технологиялар дамыған сайын интернет жаңа салаларды қамтиды. Мобильді технологиялар өмірімізді өзгертіп қана қоймай, кез келген уақытта зиянды ақпаратты да тықпалап отыр. Жалған ақпарат адамды адастырып, қоғамды бүлдіріп, ақпараттық теңсіздіктің көлемін ұлғайтуда. Міне, біз осыған назар аудармасақ, сан соғып қаламыз. Сондықтан мемлекет кәсіби журналистиканы жалған ақпаратпен күреске пайдалануы керек. Дәстүрлі БАҚ-тың артықшылығы сол, қандай да болсын ақпараттың шына­йылығы, зиянды немесе пайдалы жағы әбден тексеріліп, сүзгіден өтіп барып, тұтынушысына ұсынылады. Қоғамның сұранысына сай келетін ақпаратты да кәсіби журналистика өкілдері дайындап, жазатынын тұтынушы оқып, естіп-біліп отыр. Ендеше жаңашыл, ізденімпаз, мемлекетшіл журналисі бар қоғам ғана алға басатынын түсінетін кез келді.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button