Басты ақпаратДенсаулық

Босанғанға дейін бақылаймыз

Дүниежүзілік мамандардың зерттеуі бойынша әлемде бедеулік көрсеткіші жоғарылап барады. Әрбір бесінші және алтыншы отбасы осы мәселемен бетпе-бет кездеседі екен. Себебі адамдардың өмір сүру салты, тамақтануы, өмірде кездесетін түрлі жағдайлар (стресс, депрессия), экологияның нашарлауы және тағы басқа мәселелер тікелей әсер етеді. Дегенмен, медицина саласындағы жетістік бедеулік мәселесін қолдан ұрықтандыру арқылы шешуге мүмкіндік беруде. Осы ретте Ана мен бала ұлттық орталығының жоғарғы санатты репродуктолог дәрігері, «Репродуктивті денсаулық» бағдарламасының меңгерушісі Ким Владимир Викторовичпен әңгімелескен едік.

– Владимир Викторович, сәби сүйгісі келген ата-­анаға қуаныш сыйлап жүрген жансыз. Жалпы, құтыдағы баланы құрсаққа салып беру процесі қалай жүреді?

– Эко процедура, негізінен, 6 кезең бойынша жүргізіледі. Бірінші кезеңде аналық безді гормоналды стимуляторлармен бірнеше жұмыртқаның жетілуін ынталандырамыз. Яғни, 6-дан 15-ке дейін жұмыртқаның жетілуі жеткілікті.  Екінші кезең аналық безден жұмыртқа алу, бұл аналық бездердің трансвагинальды пункциясына операция жасау арқылы жасалады. Ал үшінші кезеңде жұмыртқаны ұрықтандырамыз. Ол классикалық немесе ICSI әдісімен жасалады. Төртінші кезеңде белгілі бір температуралық режимде арнайы инкубаторлар жағдайында эмбриондарды өсіреміз. Сонымен қатар, эмбриондарды іріктеу жүргізіледі. Оның сапасы жағынан ең жақсысы алынады. Соңғы бесінші кезең – эмбриондарды тасымалдау. Арнайы катетердің көмегімен таңдалған ең жақсы эмбриондар жатыр қуысына енгізіледі.

– Бағдарламаға шетелдіктер де қатыса ала ма? 

– Соңғы 4 жылда ЭКО бағдарламалары тек Қазақстан азаматтарына ғана жүргізілді.

– Қолдан ұрықтандыру үшін әйелдің жасына шектеу бар ма?

– Ондай шектеу жоқ. Бірақ егде жастағы әйел денесінің функционалдық мүмкіндіктерінің төмендеуіне байланыс­ты репродуктивті функциялар таусылады немесе жүктілік ана мен баланың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Осы жағдайда ғана ЭКО процедурасынан бас тартылады.

– Еркек бедеу болса ұрық доноры көмекке келетіні белгілі. Қазіргі таңда донор қандай критерийлер бойынша таңдалады?

– Ұрық донорын жасырын немесе жасырын емес таңдауға болады. Оларға қойылатын талап Денсаулық туралы кодекстің 148-бабында айқындалған.   Яғни, Қазақстан Республикасының он сегіз жастан отыз бес жасқа дейінгі, физикалық және психикалық сау, медициналық-генетикалық тексеруден өткен азаматтардың донор болуға құқы бар. Негізінен, жақын туыстары бұл – жыныс жасушаларының донорлығына ең жақсы үміткерлер.

– Осы салада қандай заманауи технологиялар сұранысқа ие?

– Қазір ЭКО әдісінің өзі бедеулікті емдеуде жоғары сұранысқа ие технология болып отыр. Қазіргі технологиялардың ішінде жыныс жасушалары мен эмбриондарға қатысты криотехнологияны қолдану кеңейді. Сондай-ақ эмбриондарды генетикалық тестілеу арқылы тұқым қуалайтын аурулары бар балалардың туылуын болдырмауға болады.

– Қолдан ұрықтандыру кезінде қандай асқынулар немесе қауіптер болуы мүмкін?

– ЭКО процедурасының ең қауіпті асқынуы – аналық бездің гиперстимуляция синдромы. Дегенмен, гиперстимуляция­ның ауыр түрлерінің саны айтарлықтай төмендеді. Бұған заманауи гормоналды препараттарды қолдану, эко процесінде алынған барлық эмбриондарды криоконсервациялау, содан кейін ынталандырылған аналық бездер азайған кезде осы эмбриондарды алыс циклдерге ауыс­тыру арқылы қол жеткізіледі. Сондай-ақ бірнеше және эктопиялық жүктіліктің пайда болу қаупі бар. Мұндай жүктіліктің санын азайту үшін біз тек бір эмбрионды тасымалдауға және эмбрионды тасымалдау техникасын жетілдіруге тырысамыз.

– Әйелдерді осы процеске дайындау кезінде психология­лық қолдау бола ма?

– «Бедеулік» диагнозы ерлі-­зайыптыларды созылмалы күйзеліске әкеп соқтырады. Сондықтан оларға кеңес беру және емдеу процесінде бақылау жүргізіледі. Егер психологиялық бұзылулар арнайы емдеуді қажет етсе, біз психотерапевтің көмегіне жүгінеміз.

– Қолдан ұрықтандыру кезінде этикалық және құқықтық аспектілер қандай,  процедура барысында қаншалықты ескеріледі?

– Біздің елдегі көмекші репродуктивті технологиялардың барлық әдістері ресми түрде танылған және рұқсат етілген. Технологияларды қолдану халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі, неке және отбасы туралы кодекстермен, денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарымен реттеледі.

– Алдағы уақытта ЭКО сала­сындағы технологияларды дамытудың болашағы қандай болуы мүмкін?

– Алдағы уақытта эмбриологияда эмбрионды стандартталған таңбалау, эмбриондардың генетикалық жіктелуі үшін жасанды интеллектті қолданады. Ал болашақта эмбриондарды имплантация­лау және жасанды жатырды құру кезінде жатыр қуысында болатын процестерді білуге болады.

– Қазақстанда қолдан ұрықтандырудың құны басқа елдермен салыстырғанда қолжетімді дейді. Бұған қандай факторлар әсер ету мүмкін?

– Әрине, төмен. Мұны басқа елдерге қарағанда медициналық қызметкерлердің жалақысының төмендігімен байланысты деуге болады.

– Әдетте ЭКО процедурасына дайындалу, емдеудің өзі және бақылау қанша уақытты алады?

– Ерлі-зайыптыларды тексеруге және дайындауға стандартты түрде 1-2 ай кетеді. Ал шетелдік пациенттер үшін қашықтықтан кеңес беру әдістері қолжетімді. Егер олар тұрғылықты жері бойынша тексеруден өтсе, онда бізде 1 аймен шектеледі.

– ЭКО-ның сәтті өтуіне қаншалықты кепілдік бере аласыздар?

– Көптеген медициналық патологиялар сияқты, ЭКО процедурасы жүз пайыз кепілдік бере алмайды. Көбіне, теріс нәтижені болжай аламыз. Жалпы, біздің орталықта консультациялық-диагностикалық шаралардан бастап босануға дейін жоғары қызмет көрсетеді.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button