Ел тынысы

«Бозоқ» археологиялық паркіне Кемел Ақышевтың есімі берілуі мүмкін

Астанадағы «Бозоқ» археологиялық паркіне Кемел Ақышевтың есімі берілуі мүмкін, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Қазақстан Республикасының премьер-министрі Олжас Бектенов қазақ елінің ұлттық археологиясын ұйымдастырушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, «Алтын адамды» тапқан атақты археолог-ғалым Кемел Ақышевтың 100 жылдығына іс-шараларды ұйымдастыру бойынша сенат депутаттарының сауалына жауап берді, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.

«Қазақ археологиясының негізін қалаушы ғалымдардың бірі – Кемел Ақышевтің еңбегін, шығармашылығын, өмір жолын насихаттау бойынша мерейтой аясында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Үкімет қаулысымен Астана қаласының №69 мектеп-гимназиясына Кемел Ақышевтің есімі берілді», – деп мәлімдеді Олжас Бектенов.

Премьердің берген анықтамасына сәйкес, 2024 жылғы 24 мамырда өткен қалалық ономастика комиссиясының отырысында Астана қаласының А 42 көшесіне Кемел Ақышевтың есімін беру ұсынысы қолдау тапты. Белгіленген тәртіппен комиссиялардың қарауына енгізіледі.

Сондай-ақ ол Алматы облысының Іле, Талғар аудандарында археолог-ғалымның атындағы көшелер барын және мектептерге ғалымның есімін беру жұмыстары алдағы уақытта қарастырылатынын атап өтті.

Үкімет басшысының мәлімдеуінше, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты 2024 жылғы қыркүйекте «Еуразиялық археологияның көкжиектері мен парадигмалары» атты бірінші халықаралық археологиялық симпозиум өткізеді. Ғалымның жарияланбаған архив материалдары негізінде «Ақтас шатқалындағы ғұн-үйсін ескерткіштер кешені» кітабын, «К. Ақышевтің ғылыми мұрасындағы археология ғасыры» атты ғылыми монографиясын, жеке фотоальбомын жарыққа шығару көзделуде.

«Қазіргі уақытта Астана қаласындағы «Бозоқ» археологиялық паркінің құрылысы жалғасуда. Паркке ғалымның есімін беру, кіреберісіне ескерткішін орнату мәселесі құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін белгіленген тәртіпте қаралады», – деп хабарлады премьер-министр.

Сонымен қатар, үкімет басшысы археолог-ғалымның туған жері Павлодар облысындағы Баянауылда белгітас орнату және облыс аймағындағы мектептер мен көшелерге ғалымның есімін беру мәселесі бойынша облыс әкіміне тапсырма берілгенін айтты.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button