Басты ақпаратМәдениет

Бутафория қандай өнер?



Астана қаласындағы танымал әрі қойылымдарын балалар сүйіп тамашалайтын театрлардың бірі – Қуыршақ театры. Қойылым мазмұнын толық жеткізу үшін сахнаның көркін декорация мен бутафория әрлеп тұрады. Көбіміз декорацияның не екенін білсек те, бутафория сөзі бізге таңсық. 14 жылдық тарихы бар ­театрдың осы салаға байланысты бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

Ең алдымен, бізді театр ұжымы бутафор цехына алып барды. Кірген бетте әртүрлі әдемі ұзын маталарға көзіміз түсті. Құрал-саймандар цех қабырғасындағы қобдишаларда тізіліп тұр. Цех шағын әрі әртүрлі қуыршақтар жиынтығына толы. Бізді бутафор цехының жұмысы қалай басталатыны қызықтырды. Бірінші, режиссер жаңа қойылым алғаннан кейін суретшіні шақыр­тады. Режиссер спектакльді суретшімен бірге талқылап, қойылымға байланысты өз талаптарын айтады. Суретші сурет салып, эскиз жасау­ға кіріседі. Қуыршақ көзін аша ма, жаба ма, сөйлейтін немесе ұшатын түрі ме, сахнада тек үстел үстінде тұра ма, соның бәрін анықтап алғаннан кейін режиссер жұмысты жалғас­тыруға өз келісімін береді. Содан кейін ғана бутафорлар қойылымға керек заттарды істеуді бастайды. Декорация – көрермен көретін көркем қабырға, үстел секілді заттар болса, бутафория деп сахна барысында қолға ұстайтын барлық дүниені айтамыз. Мысалы: алма, құмыра, бетперде т. б. бұйымдар. Оны бірнеше адам бірігіп жасайды және жасау ұзақтығы қойылымның қиындығына байланысты әртүрлі болады.

– Бутафория – қолдан түрлі бұйымдар істейтін жұмыс. Қойылымға керек болса қалқанды да, қылышты та, әшекейді де бәрін жасаймыз. Материалды әр жақтан алып, бар заттан жасай береміз. Мысалы, қылышты жасау үшін фанера материалын кесіп, өткір болмас үшін шет жағын егеп, боясақ дайын зат шығады. Жұмыс болған соң әр нәрсенің өз қиындығы бар. Қылышты дәл суреттегідей жасауға да үлкен өнер қажет. Бутафор маманы барлығын жасай білуі керек, себебі бұл да мамандық, – дейді қоюшы суретші Шынар Елембаева.

Бутафория жасау әдісінің бірі – папье-­маше. Мысалы, қуыршақтың басын жасау үшін ең алдымен балшықтан бет-келбетті бейнелейтін форма істеп алуы шарт. Содан кейін су мен ұнды қайнату арқылы бұйымға керек клейстер жасалады. Екі элемент дайын болған соң, клейстерге батырылған қағаз немесе мата материалымен кепкен балшық формасына жабыстыру процесі басталады. Қуыршақтың басын тіпті ағаштан да, гипс­тен де жасауға болады, кішкентай форма үшін пластилин қолданылады. Алайда, әр затты әртүрлі материалдан жасау үшін де икем мен көп жылдық тәжірибе қажет екенін ескерген жөн.

– Бутафор цехында 3 адам жұмыс істейміз және біз бұйымдарды өзіндік талаптарға сәйкес жасаймыз. Мысалы, пышақ жасағанда, ол қолды кеспеу қажет, заттар жеңіл болуы керек, алма болса, сол дәл алма секілді көрінуі тиіс. Қазір жемістерді сатып ала салуға болады. Әрине, ол қойы­лымға байланысты. Егер ол үстел үстінде тұрса сатып аламыз. Ал декорацияда ілініп тұрса, қолдан жасауымыз қажет. Бұрын үнемі қолдан жасайтынбыз. Қазір тіпті қуыршақтарды сатып алуға болады. Алайда біз ондайға әлі жетпедік, – дейді мәдениет саласының үздігі Ш.Елембаева.

Бутафорияның жарқын мысалы деп Қуыршақ театрындағы «Элвин және жұмбақ орманның тұрғындары» қойылымын айта аламыз. Спектакльдегі қуыршақтар, үлкен ағаштар, гүлдер, барлығы – декорация мен бутафория элементтері. Бұл заттарды жасау үшін бір ай уақыт кеткен. Бутафорларды ойластыру үшін оны жасайтын адамның көкжиегі кең, қиялы шексіз болуы қажет. Топтық жұмыстың жемісі қойылымда көрінеді. Егер уақыт өте келе спектакль актуалды болмай қалса, бутафорлар қоқысқа кетпейді. Өйткені оны қайтадан өңдеп, жаңа қойылымға дайындайды.

Жасанды интеллект пен қазіргі уақыттағы қолжетімділік барлық салаға әсер етеді. Дайын заттар бүгінгі дамыған заманда қолжетімді болса да, бутафор мамандығы әрқашан сұранысқа ие болары анық. ­Өйткені бүгінгі талапқа сәйкес бутафор бір затты ұзақ жасамайды, жаңа тенденциялар арқылы олардың қолы ұзарды. Жасанды интеллект пен адам қиялы өзгеше. Дамушы факторлардың көп болуы суретшілердің шабытының оянуына, жаңа туындының дүниеге келуіне себепші болуда. Себебі дайын техниканың көбі ғаламторда бар. Бұрынғы жұмыс дағдысымен салыстырсақ, көп уақыт жоғалтпауға бұл зор кепілдік болады.

Әр сахналық қойылым үшін бутафордың рөлі ерекше. Себебі қойылымды сомдаушылар осы арқылы көрерменге өз ойын, спектакль атмосферасын сездіреді. Сахнада ойналмайтын зат тұрмайды. Сондықтан әр жасалған бутафор ерекше мәнге ие. Бутафор әлемдік аренада бөлек мамандық ретінде қарастырылады. Қазақстанда да осы салаға байланысты оқу орындары бар.  Бұл маман иелері кез келген театрда, киноиндустрияда жұмыс істей алады. Барлығымыз білетіндей, өнер саласы күннен күнге даму үстінде және бутафория да сол санатта. Біз цехтан керемет әсермен шықтық.  Бұл саланың биіктен көрінетініне сеніміміз мол.

 Гүлназ МҰХАНЖАН,

Л.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің студенті




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button