Мәслихат

Былтырғы бюджет қалай атқарылды?

Кеше Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында елорданың 2023 жылға арналған бюджетінің атқарылуы туралы бұған жауапты жергілікті атқарушы органдарының есебі тыңдалды. Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов қатысқан жиында бас қаланың жаңа ауданының Сарайшық атауы да бекітілді. Енді бұл шешім республикалық ономастика комиссиясына жолданады.

Алғашқы баяндаманы қалалық Қаржы басқармасының басшысы Әліби Жұмаев жасады. Ол былтырғы бюджеттің мөлшері бойынша, шығыстары туралы есеп берді. Соның ішінде пайдаланылмаған қаражаттың 37,3 пайызы Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасына тиесілі болғанын атап өтті. Игерілмеген қаржы жасалған келісімшарттаға сәйкес үнемдеуден пайда болды.

Сондай-ақ Құрылыс басқармасы бюджетінің 36,3 пайызын игермеген. Оған негізгі себеп – орындалған жұмыстардың актілерін ұсынбау. Төтенше жағдайлар департаменті игермеген бюджетінің 5,5 пайызы тыныс алу аппаратын жеткізушінің келісімшартты орындамауынан орын алған. Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының пайдаланылмаған бюджетінің 5,3 пайызы кейбір материалдардың қымбаттауы салдарынан жобаларға түзету енгізілгенінен болған. Білім басқармасы еңбекақы төлеу қорынан қаржы үнемдеген. Соған байланысты басқарма бюджетінің 4,7 пайызы пайдаланылмады.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев 2021-2025 жылдарға арналған Астана қаласын дамыту жоспары бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Соның ішінде былтыр 3 бағыт бойынша 106 нысаналы индикаторды орындау көзделгенін атап өтті. Оның 71-іне қол жеткізілді, 16-сы орындалмады, 11 индикатор бойынша статистикалық деректер жоқ.

Үш бағыттың біріншісі – елорда тұрғындарының әл-ау­қаты мен өмір сүру сапасын арттыру. Бұл бағытта жаңа кәсіпорындарды ашу, жұмыс істеп тұрғандарды дамыту есебінен 62 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Жұмыссыз азаматтарды тегін оқыту бойынша жұмыс жалғасты. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында өткен жылы жалпы құны 88 млрд теңге құрайтын 1 мың 262 жоба мақұлданды.

– Қалада тіркелмеген, еңбек және практикалық дағдылары жоқ азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында «JOLTAP» жобасы іске қосылды. Білім беру саласында 2-6 аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 68 мың бала, 3-6 жас арасында 64 мыңға жуық бала қамтылды. 2023 жылы екі ауысымдық 15 мың орындық 12 мектеп пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша елордада 2024-2027 жылдары 89 мың орынды құрайтын 24 мектеп салынады. Денсаулық сақтау саласында 900-ге жуық медицина қызметкері біліктілікті арттыру курс­тарынан өтті. 2023 жылы 6 медициналық ұйымда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, 708 медициналық техника сатылып алынды. Ведомстволық бағынысты ұйымдардың техникалық жабдықталуы 100 пайызды құрады, – деді Қайсар Маңқараев.

Баяндамашы «Өмір сүруге жайлы қала – адамдарға арналған қала» аталатын екінші бағыт бойынша былтыр 660,8 млрд құрайтын 58 іс-шара қарастырылғанын жеткізді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша пайдалануға берілген үйлердің жалпы ауданы 3,8 млн шаршы метрді құрағанын, мұқтаж азаматтарға 374 тұрғын үй сертификаты берілгенін атап өтті. Соның ішінде «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС үлескерлік құрылыстағы 7 проблемалық үйді пайдалануға берді.

Басқарма басшысының сөзінше, көлік инфрақұрылымын жақсарту үшін 53 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілді. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы қалалық маңызы бар автокөлік жолдарының үлесі 93 пайызға жетті. Сумен жабдықтау және су бұру бойынша 12 жоба іске қосылды.

– «Заманауи, бәсекеге қабілетті қала» атты үшінші бағытқа 28,9 млрд теңге бөлінді. 2023 жылы Астана қаласының жалпы өңірлік өнімінің көлемі 12,9 триллион теңгені құрап, 5,4 пайызға дейін өсті. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнімнің көлемі 9,2 миллион теңгеден асты, – деді Қайсар Маңқараев.

Сондай-ақ баяндамашы өткен жылы елорданың негізгі капиталына салынған инвес­тиция көлемі 6,6 пайызға өсіп, 1,6 трлн теңгеге жеткенін, қала экономикасында негізгі үлесті шағын және орта бизнес алатынын, бұл 68,9 пайызды құрайтынын жеткізді. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен 2 есе артық екенін айтты.

– Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 11,2 пайызға өсіммен 227 мыңға артты. Мұнда 522 мың адам жұмыс істейді. Бұл – қаланың экономикалық белсенді халқының 75 пайызы. Қабылданған жаңа мемлекеттік жоспарлау жүйе­сін ескере отырып, елорданы дамытудың жаңа жоспары әзірленеді, – деп түйіндеді сөзін Қайсар Маңқараев.

Жиында Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясы төрағасының міндетін атқарушы Сәбит Мұқановтың, қалалық мәслихаттың экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Кендебай Адамбековтің есептері тыңдалды. Қалалық мәслихат депутаттары бюджеттің атқарылуы бойынша пікірлері мен ұсыныстарын жеткізді.

Жаңа ауданға атау беру бойынша қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп баяндама жасады. Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ержан Диқанбаев қаладағы әлеуметтік маңызы бар бағдарлардың тізімімен таныстырды. Оның айтуынша, былтыр жаңа 400 автобус сатып алынғаннан кейін жаңа 11 бағдар ашуға мүмкіндік туды. Бұл – 27, 42, 49, 57, 66, 84, 85, 121, 327, 328, 329 бағдарлар. Сессиядағы соңғы мәселе мемлекет мұқтаждығы үшін алынатын жер телімдерімен Тұрғын үй және тұрғын үй инспекция­сы басқармасының басшысы Әнуар Саипов таныстырды.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button