Басты ақпаратМәслихат

Бюджетті жоспарлағанда неге көңіл бөлу керек?

Жақында Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында елорданың 2023 жылға арналған бюджетінің атқарылуы туралы бұған жауапты жергілікті атқарушы органдарының есебі тыңдалды. Бұл жөнінде отырыста тиісті қорытынды жасаған қалалық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Кендебай АДАМБЕКПЕН сұхбаттастық.

– Кендебай Сарыбайұлы, қаланың былтырғы бюджетінің орындалуына қатысты өзіңіз жетекшілік ететін комиссия қандай қорытынды шығарды? Жалпы бұған берген бағаларыңыз қандай?

– Астана қаласының 2023 жылға арналған бюджетін орындау көрсеткіші 2022 жылмен салыстырғанда жақсарып, 99,5 пайызға жеткенін атап өту керек. Алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 98,3 пайыз болған еді. Астана қаласын дамыту жоспарындағы 106 нысаналы индикатордың 71-і немесе 67 пайызы орындалды.

Жалпы өнеркәсіп көлемінің төмендеуі, сыртқы инвестициялардың мардымсыз үлесі, инфляцияның жоғары деңгейі, өмір сүру деңгейінің бәсеңдеуі сияқты экономикалық факторларға қарамастан, 2023 жылғы бюджеттің атқарылуы оң нәтиже көрсетті. Бюджеттің едәуір бөлігі әлеуметтік мәселелерді шешуге, қаланы абаттандыруға, энергетикалық, коммуналдық, көлік инфрақұрылымын дамытуға және азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталды. Бұған қоса, бюджеттің негізгі қаражаты қаланы дамыту жоспарының іс-шараларын, инвестициялық жобаларды іске асыруға арналды. Бұл елорда экономикасының өсуі мен бәсекеге қабілетін қамтамасыз етуге ықпал етті. Елорданың бюджеттік бағдарламалары әкімшілерінің қызметі, тұтас­тай алғанда, қаланы дамыту жоспарына сәйкес жүзеге асты.

– Бюджетті орындауда қандай жүйелі мәселелер бар?

– Бюджетті атқаруда бұрын орын алған кейбір мәселелер жылдан-жылға түзелмей келе жатыр. Мәселен, атқарушы органдарда әкімшілендіру мен ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жеткіліксіздігі әлі бар. Соның салдарынан бюджеттік инвестициялық жобаларды және әкімшілердің ағымдағы шығысын іске асыру бойынша кідіріс, бюджет қаражатын қайтару, квазимемлекеттік сектор шоттарындағы қалдықтар сияқты жүйелі кемшіліктерге жол беріледі. 2023 жылы қала бюджетінің шығыс бөлігі 5 рет нақтыланып, 18 рет түзетілді. Бұл бюджеттің кірісі мен шығысын тиімсіз жоспарлауды көрсетеді. Инвестициялық жобалардың бекітілген тізіміне бірнеше рет өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Тізімге бюджетті бекіту кезінде қаржы көзделмеген жобалар енген. Ал бюджетті нақтылау кезінде оларды іске асыруға қаражат бөлінген. Бұл тиімділігі төмен және дәйекті емес жоспарлауды көрсетеді.

– Былтырғы бюджет қаржысын қандай мемлекеттік мекемелер игермеген?

– Бюджет қаржысын игермеу­де ең көп қаржы өткен жылдардағыдай Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық, Құрылыс, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармаларының үлесінде. Дебиторлық берешек 2022 жылмен салыстырғанда 60 пайызға өсті. Өткен жылдардағы қарыз 28 пайызды құрайды.

Бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік өтінімдерге есеп айырысудың дұрыстығын қамтамасыз етуі керек. Мәселен, Астана қаласы бойынша Тексеру комиссиясының тексерісі мектепке дейінгі және орта білім беру саласындағы бюджеттік бағдарламаларды іске асырудың тиімділігіне назар аударды. Астана аудандары әкімдерінің аппараттарына бөлінген бюджет қаражатын пайдалануға қатысты жүргізген мемлекеттік аудиті Білім басқармасының нормативтік жан басына шаққандағы қаржыландыруды есептеу кезінде оқушы орындарының саны қайталанатынын, заңды тұлға ретінде есептелмейтін объектілерді ұстауға бюджет қаржысы, жекелеген лауазымдар қажетсіз жоспарланатынын, басқа да мәселелерді көрсетті. Аудан әкімдіктері іс жүзінде шаруашылық бойынша есепке алуды жүзеге асырмайды, бұл – елеулі кемшілік. Көгалдандыру шаралары бекітілген жоспарсыз, жасыл желектерді орналастыру құжатынсыз, аумақтарды жинау шекараларын белгілеусіз басқа да кемшіліктерге жол беріліп жүргізіледі. Сондай-ақ бюджетті орындауда кемшіліктер бюджеттік бағдарламалардың басқа әкімшілері бойынша да анықталды. Мұндай жағдай бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне теріс әсер етеді. Қаланы дамыту жоспарында үш ауысымды мектептің болуы және оқушы орындарының тапшылығы бойынша проблемаларды шешуге бағытталған нысаналы индикатор көзделмеген. Бұл – бүгінгі таңда қаланың басты проблемаларының бірі.

– Бюджетті орындауды жақсарту бойынша қандай ұсыныстарыңыз бар?

– Біздің комиссия тарапынан жергілікті атқарушы органға және бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне келесі ұсыныстар айтылды:

1) жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту есебінен түсімдердің республикалық бюджетке тәуелділігін төмендету;

2) инвесторларды тарту үшін елорданың әлеуетін пайдалана отырып, жұмысты күшейту, сыртқы инвестицияларды тарту жөнінде шаралар қабылдау;

3) бюджеттік заңнама мен мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы сақтай отырып, бюджеттік бағдарламаларда көзделген мақсаттарға қол жеткізе отырып, бюджеттік бағдарламаларды сапалы және тиімді іске асыруды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау;

4) шығыстар бойынша бюджетті жоспарлау сатысында тікелей көрсеткіштерді негізге ала отырып, түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу қажетін ескере отырып, стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысын арттыру, сондай-ақ бюджеттік даму бағдарламалары бойынша тиімділігі төмен жобаларды қоспағанда іске асырудың дә­йектілігін қамтамасыз ету;

5) ведомстволық бағыныс­ты ұйымдардың қаржы-шаруа­шы­лық қызметінің жүргізілуін бақылауды қамтамасыз ету;

6) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің оларға бөлінген ақшалай қаражатты игеруіне бақылауды және тиісті мониторингті қамтамасыз ету;

7) бухгалтерлік және бюджеттік пәндерді, соның ішінде дебиторлық және кредиторлық берешекті төмендету жөніндегі іс-шараларды сапалы орындау жөнінде шаралар қабылдау;

8) бюджеттік процеске қатысушылардың аудиторлық шаралардың қорытындылары бойынша анықталған жүйелі бұзушылықтар мен кемшіліктерді одан әрі жоюды және оларға жол бермеу.

Астана қаласының Энергетика, Коммуналдық шаруа­шы­лық, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, Құрылыс басқармаларына бюджет қаражатын уақытылы, сапалы және тиімді игеруді қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау; проблемалық дебиторлық берешекті өндіріп алу бойынша дебиторлық берешек көлемін қысқартуды және талап-арыз жұмысын жүргізуді қамтамасыз ету; тоқтатылған жобаларды аяқтау және пайдалануға берілген жобаларды уақытылы коммуналдық меншікке беру жөнінде шаралар қабылдау; бюджетті бекіту және түзету кезінде, сондай-ақ бюджет қаражатын барынша игеруді қамтамасыз етуді ескере отырып, оларды инвестициялық жобалардың бекітілген тізіміне негізсіз енгізу және алып тас­тау практикасына жол бермеу мақсатында қаланы дамыту үшін олардың басымдығын ескере отырып, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруды жоспарлауды жүзеге асыру ұсынылды. Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне жергілікті бюджетке салықтар мен алымдар түсімінің толықтығын қамтамасыз ету мақсатында салық салынатын базаны кеңейту және берешекті өндіріп алу үшін қосымша резервтерді іздеу жөнінде барлық қажетті шараны қабылдауды ұсындық. Жергілікті атқарушы органдар, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері берешекті қайтару бойынша мақсатты және табанды жұмыс жүргізуі керек. Нақты табыс әкелетін салаларға, атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі мен саудаға мұқият көңіл бөлгені жөн. Алдыңғы кезеңдердегі динамиканы ескере отырып, салықтық емес кірістерді толтырудың тиімділігін арттыру қажет. Қысқа уақытта квазисектор субъектілеріне бөлініп, игерілмеген едәуір қаржыны бағыттау нысанын анықтау керек. Қажет кезде қалалық мәслихаттың көмегімен тиісті заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Бұған қоса, дебиторлық және кредиторлық берешекті азайту жұмысын белсенді жүргізу керек. Жалпы алғанда, бюджет қаражатын тиімді пайдалану және оны қала халқының өмір сүру деңгейін арттыруға бағыттау жөнінде барлық шара қабылдау қажет.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button