Басты ақпаратЕлорда тынысы

Демалысты дәстүрмен ұштастырып…

Биыл елордада мектеп оқушыларын жазғы демалыспен қамтуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бүгінгі таңда Астана қаласының білім беру ұйымдарында 97 мектеп жанындағы лагерь, 75 бейіндік және 21 этно-лагерь жұмыс істейді. Лагерьлер сауықтыру және еңбек ету бағыттары бойынша екіге бөлінген. Ол ішінара тағы бірнеше бағытқа бөлінеді. Атап айтқанда, бейіндік лагерь, мектеп жанындағы лагерь, этно-лагерь және спорттық лагерь.

Елорданың №91 мектеп-гимназиясының жазғы лагері ерекше өтуде. Жақында біз лагерь жұмысымен танысып, бақытты балалық шақтың мекенін тамашалап қайттық.

Мектеп-гимназия директоры Алмагүл Сегізбайдың айтуынша, ұжым наурыз айынан бастап балалардың жазғы демалысына дайындала бастаған. Оның барысында мұғалімдер көптеген шығармашылық ұсынысын айтып, өз жобаларын әріптестерінің алдында қорғады. Нәтижесінде лагерь бағдарламасына ұлттық, шығармашылық, академиялық, спорттық және еңбек бағыттары енгізілді. Осылайша, демалыс бағдарламасы алуан түрлі әрі қызықты етіп ұйымдастырылды. Әр лагерь күнінің тақырыбы ерекше мерекелік көңіл күйді сыйлап, оқушыларды пайдалы іс-шараларға қосылуға шақырады. Оқу орнының ауласында орнатылған үлкен ақ киіз үй және мектеп залындағы кішігірім киіз үй айрықша өң беріп тұр. Ғимараттың ішінде көптеген жарқын суреттер бар, олар мектептің ұстанатын бағытын да, лингвистикалық бейімділігін де көрсетеді. Онда оқушылар ағылшын және неміс тілдерін, сондай-ақ факультативті француз және араб тілдерін терең меңгереді.

Мектепте 2200 бала оқиды, олардың 500-і қазір жазғы лагерге қатысады. Сонымен қатар балалар саны өсіп келеді. Лагердің жазғы ауысымы маусым мен шілде айларына созылады, ал өтінімдер саны көп болған жағдайда, тамызда да жалғаспақ. Осылайша, мектеп балаларды кез келген талғамға сай көптеген іс-шараға қызықтыра алады.

– Жаз – бұл бірінші кезекте оқу пәндерін үйретуден бұрын көңілді ойындарға, қызықты іс-шараларға және жаңа орта табуға жол ашатын уақыт. Қазіргі жағдайда балаларға білім беріп қана қоймай, олардың жан-жақты дамуын қамтамасыз ету маңызды. Оқушыларға арналған жазғы лагерь міндетті түрде ұлттық құндылықтарды үйрету, бейіндік оқыту және тәрбиелеу тұжырымдамасын біріктіреді. Бізде «Жазғы-camp» мектеп жанындағы лагері, «Этно-camp» ұлттық лагері, «Бақыт-camp» бейіндік лагері жұмыс істейді, олардың әрқайсысында әртүрлі бағдарлама ұсынылады, – деді Алмагүл Сегізбай.

Киелі киіз үйде

Мектеп ауласындағы киіз үйдің безендірілуі, мұндағы кілем, көрпе, дөңгелек үстел, ұлттық аспап түрлері, ақ жаулықты әжелер құдды бір ауылда жүргендей әсер береді. Мұғалімдер оқушылармен бірге ұршық иіріп, тоғызқұмалақ ойнайды, ұлттық ою-өрнектерді ойып, қамшы өруді, бауырсақ пісіруді үйренеді. Балалар тек ана тілінде сөйлеп, мемлекеттік тіл кеңінен насихатталады. Ұлттық киімдегі әжелер – «Ақ кимешек әжелер – бабалар аманаты» қоғамдық ұйымының өкілдері. Олар балаларға ұлттық қолөнер бойынша шеберлік сабағын өткізеді, асық ату, арқан тарту ойнайды. Табандылықты қажет ететін іс-шаралар белсенді ойындармен жалғасып, осылайша балалардың жан-жақты дамуына септеседі. Лагердің бір күнінде-ақ жасөспірімдер жаңа дағдыны меңгереді. Сөйтіп, киіз үй жазғы лагердің тартымды орталығына айналды.

Қызықты бағдарлама

Жазғы маусым кезеңінде мектептің оқу аудиторияларында лагерь жасағындағы тіршілік те қайнап жатыр. Топтардың атауы әртүрлі әрі терең мағынаға ие. «Жалын», «Жұлдыз», «Болашақ» «Барыс» және басқалары бар. Оқушыларға бұл атаулардың неліктен таңдалғаны, олардың өскелең ұрпаққа және ел тарихына қандай қатысы бар екені түсіндіріледі. Жасақтардың ұрандары, сөйлеген сөздері атау­лардың мәнін ашады. Мектеп бағдарламасы жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеуге бағытталған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына негізделеді.

Біз лагердің бір күнінде оқу­шылармен бірге болып, балалардың шығармашылығымен таныстық. Олар қолөнер бұ­йымдарын жасап, бояулармен сурет салып, түрлі аппликацияда ертегі кейіпкерлерінің бейнесін мұғалімдермен бірге қиып, өздері желімдеді. Танымдық жұмыс кезінде оқушылар шапшаң сөйлеуді үйренеді, оқу жылдамдығын дамытады, топтық жұмысқа бейімделеді.

Ендігі бір кабинетте балалар зерттеу жұмысымен айналыс­ты. Мұнда балалар ағылшын тілінде экологиялық жобаларды қорғап, тұқымның өнуінен бастап компост дайындауға дейінгі өсімдіктердің вегетациялық кезеңдерін меңгереді. Соңғы кезеңде олар мектеп ауласына көшет отырғызады және өз еңбегінің нәтижесін көре алады.

Тағы бір аудиторияда бізді су тазарту қондырғысының үлгісін ұсынған жас ғалымдар қарсы алды. Олар қауіпсіздік техникасын сақтай отырып, мұғалімдермен бірге «түрлі түсті лава» атты ойын-сауық жобасын көрсетті. Балалардың ғылымға деген қызығушылығы бірден байқалады. Жазғы лагерь уақытында олар сабақта алған білімін бекітіп, өздерін жас зертханашылар ретінде көрсетеді. Әдетте оқу жылында тың тәжірибелерге уақыт жетіспей жатады. Ал лагерде балалар өздерінің қызығушылығына ұстаздарымен бірге көп көңіл бөледі. Оқушылар шыны сауыттағы болған сиқырға ерекше қуанса, ересек қонақтарға да бұл тәжірибе айрықша әсер қалдырады.

Шығармашылыққа жақын балалар «Көркем-арт» жасағының көркемсурет студиясында түрлі дағдыны үйренсе, болашақ инженерлер барлық қажетті жабдықты STEM-зертханаларда таба алады. Математикаға бейімі бар оқушылар үшін Math camp және «Интеллектиум», жас спортшыларға Sport drive, аспаздарға «JAS кондитер» бағыттары ұйымдастырылған.

Ерекше күндер

Мектептің жазғы лагерінде түрлі фестиваль қалыс қалмайды. Балаларға тақырыптық күндер де ұйымдастырылған. Патриот күні барлық балалар Мемлекеттік туды әспеттейтін көк және сары түсті киім киіп, әнұран шырқап, Мемлекеттік рәміздерді насихаттайды. Бас киімдер күні балалар мен мұғалімдер түрлі-түрлі бас киім жасап, бір-бірінікін қызықтайды. Балалар үшін мектеп аумағында спорт эстафеталары, «Қолтырауын» ойыны және би флешмобы өтеді. Жоғары сынып оқушыларына «Жасыл ел» еңбек жасағы да бар. Бағдарламаға қатысушылар мектеп аумағында жасыл желектерді отырғызады, ағаштарға күтім жасайды. Айтпақшы, жоғары сынып оқушылары өз бастамасымен жазғы лагерде ерікті болып жұмыс істейді, мұғалімдерге сабақтар мен конкурстар өткізуге көмектеседі.

Мектеп тек білім ошағы ғана емес, сонымен қатар бос уақыт, қосымша сабақ және өскелең ұрпақты жан-жақты дамыту орталығы екенін көрсетеді.

 Мансия СӘКЕНОВА

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button