Ел тынысы

Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың жаңа тұжырымдамасы қабылданды

Үкіметтің қаулысымен денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен отырыста Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген құжатты министр Ақмарал Әлназарова ұсынды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Соңғы 5 жылда Қазақстанда 400-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды, медициналық жабдықтарды сатып алуға 261 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Бұл ретте инфрақұрылымның тозу деңгейі жоғары 50% күйінде қалып отыр, жұмыс істеп тұрған нысандардың жартысы 40 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Елімізде медициналық жабдықтармен жарақтандыру деңгейі 80 пайыздан асса, қызмет көрсету сапасы техниканы тозуы салдарынан төмендеп отыр, деп хабарлады министр. Денсаулық сақтау жүйесінің қосымша проблемалары аурухана төсек қорын тиімсіз пайдалану, дәрігерлер мен медбикелердің тапшылығы болып саналады.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға кешенді көзқарас қажет екенін атап өтті. Жаңа тұжырымдамаға сәйкес, медициналық мекемелердің құрылысына арналған орындарды анықтау процесі ұзақ мерзімді болжамдар мен халықтың әртүрлі көмек түрлеріне қажеттіліктерін ескере отырып қайта қаралатын болады.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі 2,5 мың денсаулық сақтау нысанын жаңғырту қажеттілігін анықтады. Бірінші кезең 11 440 төсек-орындық 34 негізгі жоба құрылысын қамтиды. Бұл жүйе құраушы медициналық мекемелер – атап айтқанда, ұлттық балалар онкологиясы және гематология орталығы, балалар кардиохирургиялық орталығы, өңірлердегі көпсалалы университеттік ауруханалар. Екінші кезеңде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп нысандарды жаңғыртуды жалғастыру жоспарлануда.

Премьер-Министр жобаларды іске асыру барысында құрылыс материалдарын, жиһаздар мен жабдықтарды отандық өндірушілерді барынша тарту маңызды екенін атап өтті, бұл өңірлердің экономикасына оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар, халықаралық сапа стандарттары сақталуы керек.

«JCI (Joint Commission International) халықаралық стандартына Қазақстанда тек 9 медицина ұйымы сәйкес келеді, олардың қатарында Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы, Ана мен бала ұлттық орталығы және басқалары бар. Осы стандарттар бойынша аккредиттелу денсаулық сақтау сапасының “жоғары деңгейін” көрсетеді. Барлық денсаулық сақтау мекемелері осындай деңгейге ұмтылуы керек. Сондықтан негізгі объектілерді жобалау кезеңінен бастап JCI халықаралық стандартының талаптары ескеріліп көзделуге тиіс», — деп атап көрсетті Үкімет басшысы.

Денсаулық сақтау саласына жеке инвестицияларды тарту бойынша әлемдік тәжірибені қолдану қажеттілігі атап өтілді. Таяу болашақта медициналық нысандарды жарақтандыру мен басқарудағы мұндай әдіс инфрақұрылымды дамытудың басым шарасы болуға тиіс. Үкімет басшысы Маңғыстау, Ұлытау, Жетісу облыстары әкімдерінің назарын осы мәселеге аударды – бұл өңірлер тартылған қаражат көлемі бойынша ең төмен көрсеткіштерді көрсетуде. Инвестициялардың басым бөлігі Астана мен Алматыға, сондай-ақ Түркістан және Атырау облыстарына тиесілі.

Тұжырымдаманы іске асыру қорытындысы бойынша денсаулық сақтау объектілерінің тозу дәрежесін 30%-ға дейін төмендету, жарақтандыруды 88%-ға дейін ұлғайту және нормативтерге сәйкес медицина кадрларымен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button